
Жұмыс сапарымен Қостанай облысының әкімі Әулиекөл ауданына барып қайтты. Президенттің тапсырмасы бойынша елде теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Біздің облыста 6 вокзал қайта құрылып жатыр — Қостанай, Арқалық, Тобыл, Теміртау, Аманқарағай және Құсмұрында. Бүгін күрделі жөндеуден кейін Аманқарағай станциясының вокзалы қызметін қайта бастады. Ғимараттың ауданы кеңейтілді. Инженерлік желілер, күту залдары мен касса аймақтары, әжетханалар жаңартылып, заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізілді. Жолаушыларға қызмет көрсетудің ыңғайлылығы мен сапасы айтарлықтай жақсарды, мүгедектер үшін жағдайлар жасалды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысын дамытуға ерекше назар аударуда. 2025 жылы өңірде 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі жоспарланған болатын, және бұл көрсеткіш артығымен орындалды. 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның 63,7 мыңы — ауылдық жерлерде. Бұл 5,4 мыңнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Әулиекөлде жекелеген санаттағы азаматтар үшін жалпы ауданы 1,2 мың шаршы метр болатын үш қабатты, 24 пәтерлі тұрғын үй салынды. Бұл мақсаттарға 380 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Тұрғындарға пәтерлердің кілттері тапсырылды.