
Мемлекет басшысы өз сөзінде Премьер-Министр Шахбаз Шарифке осы маңызды іс-шараны ұйымдастыру бастамасы үшін алғысын білдірді.
- Пәкістанға алғашқы мемлекеттік сапарымызды екіжақты ынтымақтастығымыздың тарихи кезеңі деп санаймын. Біз серіктестігімізді стратегиялық деңгейге көтеретін бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі бизнес-форум барысында жалпы сомасы 200 млн долларға жуық 30-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылды, бұл бауырлас халықтардың сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылын одан әрі нығайту үшін қуатты катализатор болады. Шынында да, біздің серіктестігіміз тұрақты түрде кеңейіп келеді. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Пәкістан капиталы бар 200-ден астам компания Қазақстанда құрылыс, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, Индустрия және басқа да көптеген салаларда жұмыс істейді. Осы оң динамикаға сүйене отырып, біз өзімізге екіжақты сауда көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайту мақсатын қойдық,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке екі елдің іскер топтары арасындағы, оның ішінде Қазақстан мен Пәкістанның Үкіметаралық комиссиясының тетіктері арқылы өзара іс-қимылды жандандыруды тапсырғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы инвестициялар, инновациялар және корпоративтік қызметтердің жетекші өңірлік орталығы болып табылатынын атап өтті.