Ағымдағы жылдың желтоқсан айында миллионға жуық адам ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне қатысты
Ағымдағы жылдың желтоқсан айының басынан бері Қазақстан өңірлерінде 250-ден астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті, оған миллионға жуық азамат қатысты, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Мұндай деректер вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте айтылды. Сауда және интеграцияның бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, жәрмеңкелер халық арасында жоғары сұранысты көрсетті, әкелінетін өнім көлемі толығымен сатылып жатыр.
"Ең көп картоп Қарағанды облысында сатылды – 110 тонна, Алматыда - 90 тонна, Шымкентте мерекелік демалыс күндері 45 тонна картоп сатылды", — деп атап өтті бірінші вице-министр.
Жәрмеңкелерді өткізумен қатар, өңірлер нарығына тұрақтандыру қорларынан көкөністер түседі. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 19 желтоқсандағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорларынан 9,2 мың тонна картоп, 2,6 мың тонна сәбіз, 2,8 мың тонна пияз және 2,1 мың тонна қырыққабат сатылды. Сондай-ақ, кеңесте әр аймақтың қажеттіліктерін ескере отырып, ағымдағы жылдың мамыр айына дейін көкөністерді броньсыздандыру кестесі ұсынылды.
Өткен аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік азық – түлік бағасының орташа өсу индексі 0,1%, жыл басынан бері-1,1% құрады.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин жаңа жылдық мерекелер қарсаңында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жәрмеңкелерді өткізу белсенділігін төмендетпеуді және сауда заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.