Әкімшілік айыппұлдар бойынша туындайтын өзекті мәселелер туралы

Әкімшілік айыппұлдар бойынша туындайтын өзекті мәселелер туралы

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті айыппұлдарды төлеу, олар бойынша мәліметтерді алу, есепке алу мерзімдері мен олардың сақталуы, шағымдану тәртібі және тағы басқа мәселелер бойынша азаматтар тарапынан туындайтын бірқатар өзекті сұрақтарға жауап берді.

 

Бірінші - Әкімшілік құқық бұзушылық үшін, оның ішінде Сергек камерасы немесе планшет арқылы салынған айыппұлды қалай төлеуге болады?

Жауап: Айыппұлды Egov.kz «электрондық үкімет» порталында онлайн режимде төлеуге болады. Ол үшін «Көлік және коммуникация» бөлімін, «Әкімшілік айыппұлдарды және жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарды іздеу және төлеу» қызметін таңдау қажет. Бұл ретте электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы міндетті және Сіз өзіңізге қатысты ақпаратты ғана ала аласыз (басқа ЖСН көрсету мүмкін емес).

Сонымен қатар айыппұлды банктерде және онлайн-банкинг ресурстарында төлеуге болады.

 

Екінші - Азамат айыппұлды банкте төледі, бірақ еgov.kz/qamqor.gov.kz сайтында ол төленбеген деп көрсетіледі. Осындай жағдайда не істеу керек?

        Жауап: Бұрын осындай проблемалар болды, қазіргі таңда  Қазынашылықпен төлемді сәйкестендіретін жүйелерді жетілдіру арқылы шешілді. Жаңа талап бойынша банк кассирінің бірегей 15 таңбалы айыппұл нөмірін көрсетуі тиіс. Егер кассир деректерді көрсетпеген жағдайда немесе ескі айыппұлдар болса, осындай проблемалар орын алады. Төлемді алған сәттен, ол автоматты түрде жүйеге түседі.

Ескі айыппұлдар бойынша түбіртекті Полиция департаменті әкімшілік тәжірибе бөліміне ұсыну қажет. Ол жақта қызметкерлер ескі айыппұлды алып тастайды.

 

Үшінші - Қазір әкімшілік хаттама электрондық форматта планшеттерде рәсімделеді, бұл процедура қаншалықты жедел және тиімді?

Жауап: Әкімшілік іс-жүргізулердің бірыңғай тізілімі (ӘІБТ) жүйесі әкімшілік істерді электрондық форматта жүргізуге мүмкіндік береді, бұл мемлекеттік органдар қызметкерлерінің уақыты мен ресурстарын үнемдейді, азаматтар үшін әуре-сарсаңға салуды болдырмайды. Электрондық әкімшілік хаттамалар планшеттерде 5-10 минут ішінде рәсімделеді. Азаматтарға арналған барлық деректер біріктірілген жүйелерден алынады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін айыппұлдар туралы SMS-хабарлама енгізілді, оларды «Қазпошта» АҚ, екінші деңгейлі банктер арқылы төлеу рәсімдері жеңілдетілді.

 

Төртінші – Жол қозғалысы қағидалары (ЖҚҚ) бұзғаны үшін фотобейне дәлелдемелерін қалай алуға болады? (фото, нұсқама).

Жауап: ЖҚҚ-ның бұзылғаны туралы мәліметтерді (нұсқама) http://qamqor.qov.kz. порталы «Өз айыппұлдарың туралы біл» бөлімінен көре аласыз. Тексеру үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы мәліметтер» терезесінде «Басып шығару» опциясын таңдау қажет. Әрі қарай egov.kz. «электрондық үкімет» сайтының мобильді азаматтар базасында тіркелген нөміріңізге коды бар SMS келеді. Бұл код сәтті расталғаннан кейін қажетті файлдарды қарау және жүктеу мүмкіндігі пайда болады.

Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы мәліметтерді «электрондық үкімет» порталының жеке кабинетінде қарауға немесе әкімшілік жаза қолданған органға тікелей жүгінуге болады.

 

Бесінші - Әкімшілік айыппұл деректер базасында қанша уақытқа дейін болады?

Жауап: Әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолданылған адам әкімшілік жазаны орындау аяқталған күннен бастап бір жыл ішінде осы жазаға тартылды деп есептеледі. Бір жыл өткеннен кейін әкімшілік айыппұл туралы мәліметтер Комитеттің деректер базасынан автоматты түрде алынады, мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ (ҚР ӘҚБтК-нің 61-бабы).

 

Алтыншы - Егер адам әкімшілік құқық бұзушылықпен келіспеген жағдайда не істеу керек?

Жауап: Егер азамат қолданған жазамен келіспесе, жеке куәлігінің көшірмесін және әкімшілік құқық бұзушылық жасауды теріске шығаруды растайтын құжаттарды (ҚР ӘҚБтК-нің 826-1-бабы) қоса бере отырып, жаза қолданған мемлекеттік органға жазбаша жүгіну қажет.

 

Жетінші - Айыппұлды қағаз нұсқамасын алмай-ақ пошта арқылы төлеуге болады ма? Айыппұлдарды қайдан тексеруге болады?

Жауап: Айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеуге болады. Егер азаматтың нөмірі Egov-тың жеке кабинетінде тіркелген болса, онда оған айыппұл туралы SMS - хабарлама келеді, оны алған сәттен бастап 50% жеңілдікпен айыппұл төлеу үшін 7 тәулік есептеледі. Яғни конвертті күтудің қажеті жоқ. Жалпы негіздер бойынша, егер азамат 7 күн ішінде үлгермесе, онда айыппұл 8-ші күннен бастап автоматты түрде толық сомаға өтеді.

 

 

press@kgp.kz

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі