ҚР-НЫҢ 435 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТЫ КВИ-ҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНА АЛДЫ – М.ШОРАНОВ

ҚР-НЫҢ 435 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТЫ КВИ-ҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНА АЛДЫ – М.ШОРАНОВ
Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жалғасуда. Бірінші сәуірден бастап вакцинациялауға жататын адамдардың санаттары кеңейтілді. Кестелерді жергілікті атқарушы органдар жасайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.
Бүгінгі күні бірінші компонентпен 435 393, екінші компонентпен – 107 121 азамат егілді. Сәуір айының басынан бастап өңірлерге «Спутник V» вакцинасының 923 мыңнан астам дозасы жеткізілді, сәуір айының соңына дейін 910 мың доза, басқа өндірушілердің 500 мың дозасы және 25 мың «QazCovid-in» вакцинасын жеткізу күтілуде, бұл еліміздің 2 млн.азаматына вакцинацияның қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
«Халық үшін вакцинацияның қолжетімділігін арттыру және егу процесін жеңілдету мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен адамдар көп жиналатын жерлерде - ұйымдасқан ұжымдарда, СОО, базарларда және басқа да қоғамдық орындарда коронавирустық инфекцияға қарсы иммундауды ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдар бекітілді», - деді М.Шоранов.