
«Шертер» этнографиялық-фольклорлық ансамблі Венгерия елінде гастрольдік сапармен жүр.
2026 жылғы 13–20 тамыз аралығында Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының «Шертер» этнографиялық-фольклорлық ансамблі Мажарстан Республикасының Бугац қаласында Тұран-Мажар Қоғамдық Қорының ұйымдастыруымен өтетін Ғұн-түркі Құрылтайы халықаралық мәдени іс-шарасына қатысуда.
Шығармашылық сапар барысында ансамбль мүшелері ашық алаңдағы сахнада екі күн қатарынан концерттік бағдарлама ұсынып, қазақ халқының дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерін халықаралық деңгейде таныстыруда. Концерттік бағдарламада қазақтың дәстүрлі күйлері, халық әндері және заманауи шығармалар орындалады. Бағдарлама қатарында: «Арнау» (Б. Ақтаев), «Ой толғау» (халық күйі), «Кертолғау» (Ықылас), «Көкен-ай» (Н. Наушабайұлы), «Көк шолақ» (К. Әзірбаев), «Айда былпым», «Кербез қыз», «Жайма қоңыр», «Сексен ер» (Сейтек), «Қыпың» (Д. Құрақұлы), «Ақжелең» (Қазанғап), «Кішкентай» (С. Байтереков), «Арқалықтың ақ таңы» (Ш. Қалдаяқов), «Адай» (Құрманғазы) сияқты шығармалар бар. Сонымен қатар, бағдарламада венгр халқының János Bródy-дің «Ha én rózsa volnék» әні орындалып, екі елдің мәдени байланысы мен рухани жақындығы өнер арқылы паш етіледі.
Қайта жаңғырған өнер ұжымы
«Шертер» ансамблі 1974 жылы Торғай облысы филармониясының жанынан құрылған қазақтың ең алғашқы фольклорлық-этнографиялық ансамблі болды. Ансамбльде тұңғыш рет қазақтың көне халық музыкалық аспаптары шертер,жетіген, сырнай, шаңқобыз, асатаяқ, қамыс сырнай, т.б пайданылды.
1972 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков Торғай облыстық филармониясы жанынан «Шертер» аталатын өнер ұжымын құру туралы бастама көтерген болатын. Шертердің алғашқы концерттік нөмірі 1974 жылы қойылды.
Алматыдағы эстрада студиясының түлектері Қыпшақ Қойғарин, Айтжан Настаева, Отаркүл Мұқатова, биші Тойған Ізім, Қазымгүл Бозанова, сонымен қатар Алматыдағы музыка училищесін бітірген күйші -домбырашы Олжас Қожасов, Шымкенттен мәдениет институтын бітірген Тұрсынбек Әлмағанбетов, Ақтөбедегі мәдениет училищесін бітірген күйші Молдаш Файзуллин, Жамбылдағы мәдениет училищесін бітіріген Сапарғали Қодаров секілді тұлғалар Торғайдағы филармонияға келіп орналасады. Бұлар «Шертердің» ең алғашқы құрамы болатын.