Президенттің тұрғындардың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастыру қажеттігі жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Арқалық қаласы бойынша көпқабатты үйлердің шатырларын, қасбеттерін жөндеу, ағаштар отырғызу, «Демалыс» саябағында жаңа субұрқақ орнату сынды абаттандыру жұмыстарына 2025 жылы барлығы 1 млрд. 590 млн. теңге бөлінген болатын.
Осыған сәйкес, 38 млн. теңгеге «Демалыс» саябағында жаяу жүргіншілерге арналған жарық -динамикалық субұрқақ орнатылды. Субұрқақтың алаңы 90 шаршы метрді құрайды, нысан түрлі су бейнелерін жасауға мүмкіндік беретін бағдарламамен жабдықталған. Бұл жерде су ағынының биіктігі, саны және жиілігі өзгеріп отырады.
Субұрқақтың үсті жаяу жүргіншілердің еркін қозғалуына мүмкіндік беретін торлы жабынмен, LED жарығымен жабдықталған. 32 су бүріккіш саптамасы бар және су ағынының биіктігі 3 метрден асады.