Этикалық кодекс ережелерін сақтау — сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады және мемлекеттік қызметте болудың негізгі қағидаттарының бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақыттағы тәртібі де қоғам мен азаматтардың ерекше назарында болады.
Мемлекеттік қызметшілердің Этикалық кодексте көзделген талаптарды сақтау — олардың қызметтік міндеті болып табылады, ал бұл талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауапкершілікке әкеледі.
Мемлекеттік қызметшілер орындауға тиіс негізгі этикалық талаптар:
жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларға негізделген мемлекеттік қызметтің этикалық қағидаттарын сақтау;
мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарға жол бермеу;
егер сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы туралы ақпараты болса, бұл жөнінде жазбаша түрде жоғарғы басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу хабарлау;
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңымен белгіленген міндеттерді орындау, тыйымдар мен шектеулерді сақтау;
мемлекеттік қызметті беделсіз ететін тәртіптік теріс қылықтарға жол бермеу;
мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу бойынша шаралар қабылдау;
мүдделер қақтығысы болған жағдайда өз қызметтік міндеттерін орындамау;
қызметтік функцияларды тиімді, нәтижелі және ашық орындаудың ең оңтайлы жолдарын табуға және қолдануға ұмтылу;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауда үлгі болу;
бағынысты мемлекеттік қызметшілерден өз өкілеттігінен тыс тапсырмаларды орындауды талап етпеу;
өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, өзіне немесе отбасы мүшелеріне қандай да бір игіліктер мен артықшылықтар алмау;
қызметтік жағдайын, жеке пайдасы немесе басқа да жеке мүдделері үшін пайдаланудан аулақ болу;
пара немесе сатып алу ретінде бағалануы мүмкін әрекеттерге жол бермеу;
шешімдер қабылдау мен оларды дайындау барысында жеке және заңды тұлғаларға, әріптестерге заңсыз артықшылықтар бермеу;
еңбек тәртібін сақтау, басшылардың бұйрықтары мен өкімдерін уақытылы орындау;
қызметтік ақпаратты, оның ішінде мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратпау;
Қазақстанда тұратын барлық халықтардың дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына және тілдеріне құрметпен қарау;
қызметтік өкілеттіктерін орындау барысында азаматтар мен заңды тұлғалардың қызметтерін жеке мақсатта пайдаланбау;
әріптестермен және азаматтармен ресми қарым-қатынас ережелерін, іскерлік этикетті сақтау;
қызметтен тыс уақытта да тәртіп нормаларын сақтау, қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеу;
ұжымда өз діни көзқарастарын көрсетпеу, бағынысты қызметкерлерді қоғамдық, діни бірлестіктердің және өзге де коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу;
сырт келбеті ресми, ұқыпты және ұстамды болуы тиіс;
сыбайлас жемқорлыққа қатысты негізсіз көпшілік алдында тағылған айыптарды жоққа шығару бойынша шаралар қабылдау;
көпшілік алдында сөйлеуге байланысты мінез-құлық стандарттарын сақтау;
пікірталастарды сыпайы түрде жүргізіп, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеу.