Біз құқық тәртібін нығайтамыз және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жұмысты үйлестіреміз, құқық қорғау қызметіне жаңа әдістерді енгіземіз. Қылмыс жасағандарды ұстау үшін цифрлық технологияларды кеңінен қолдана бастадық.
Әр орган мен әр қызметкердің міндеті – әр адам өзін қауіпсіз сезінетіндей қоғам құру. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы бірлескен күш-жігердің арқасында оң нәтижеге қол жеткіздік.
Елімізде қылмыс деңгейінің біртіндеп төмендеуі байқалады.
Кейінгі 5-6 жылда адам өлтіру, қарақшылық, тонау және бұзақылық 5 есеге азайды. 6 жылда ұрлық саны 6 есеге жуық төмендеді, яғни 2018 жылы 180 мың болса, 2024 жылы 30 мыңға дейін азайды. Ал олардың үлесі 20%-ға дейін қысқарды.
Бейнебақылау кеңінен енгізіліп, күзет жүйелері күшейтілді. Меншік иелері қырағылық танытып, өз мүлкін қорғауға байыпты қарай бастады. Жалпы, тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны 2018 жылы 292 мың болса, 2024 жылы 132 мыңға дейін азайды. Бұл қоғам мен мемлекеттің жалпы ортақ жұмысының жемісі деп білемін.
Бірақ қылмыс жасау төмендегенімен, жаңа қылмыстық қауіптер туындап жатыр. Барлық құқық бұзушылықтың үштен бірі – алаяқтық қылмыстар. Бұрын бұл айқын жағдайларда жасалатын. Жәбірленушілер күдіктілерді көріп, олардың жеке басын анықтай алатын еді. Қазір IT-технологиялары арқылы онлайн жасалады.
Жәбірленушілердің басым көпшілігі жалған телефон шалулардың құрбаны болып жатыр. Атап айтқанда, банктік карталардан қаражат жоғалту, жалған сайттарда алаяқтарға жеке деректер мен құпиясөздерін (фишинг) беру, маркетплейстер (брашинг), инвестиция салу мен бәс тігу арқылы алдану.
Бас прокуратура ІІМ-мен бірлесіп масс-медиада азаматтарды алаяқтардың айла-амалдарынан сақтану туралы жиі ескертеді.
«Қазақтелеком» АҚ, «Кселл» АҚ және басқа да байланыс операторларымен телефон қоңырауларын жүзеге асыру арқылы жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл туралы ынтымақтастық келісімдеріміз бар. Ұлттық банк алаяқтық операцияларды бұғаттау жөніндегі Антифрод-орталығын іске қосты.
Шетелден бұғатталған қоңырау шалатын SIM-бокстарды, SIM-карталарды қосуға арналған құрылғыларды жою шаралары қабылданып жатыр.
Мысалы, өткен айда Алматыда 600 шаршы метр аумақты алып жатқан, үлкен кеңсесі бар Сall-орталықтың жұмысын тоқтаттық. Жуырда Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен жедел іс-шараларды өткізу барысында Полиция департаменті қала тұрғынынан 5 SIM-бокс пен алаяқтыққа арналған басқа да жабдықтар, түрлі оператордың 400-ден аса SIM-картасын, роутер мен ұялы телефондарды тәркіледі.
Қазір күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұялы телефондарды IMEI коды, ЖСН және абоненттік нөмір арқылы міндетті тіркеу талабы бақыланбай отырғанын айта кеткен жөн.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы тұрғынының атына оның мәлімінсіз 14 мыңнан аса телефон тіркелген. Тексеру жалғасып жатыр. Өткен жылы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде делдал-дроперлерден 800 талап қою негізінде 1 млрд теңгеден аса қаражат өндіріп алынды. Алаяқтыққа қатысқаны үшін «дропингпен» айналысқан 128 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды жетілдіру мақсатында бірқатар заңнамалық түзету қабылданды. 2024 жылдың тамыз айынан бастап «Банктер және банк қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер бойынша қазір тергеу кезеңінде алаяқтық несиелер бойынша төлемдер тоқтатылады.
Сондай-ақ басқа мемлекеттердің тәжірибесі бойынша Парламентте банктер мен байланыс операторларын өз клиенттерін қорғауға міндеттейтін бірқатар бастама пысықталып жатыр. Жуырда Үйлестіру кеңесінде осы мәселе қаралды және мүдделі органдармен бірлескен шаралар әзірленді.
#Заң_және_Тәртіп