Көкжөтел /коклюш/- ауруы

Көкжөтел /коклюш/- ауруы

Эпидемиологиясы : Көкжөтел - демалу жолдары және орталық нерв жүйесінің зақымдануымен және булығып жөтелумен сипатталатын, 8 жасқа дейінгі балаларда болатын жұқпалы ауру. Бұл микроб сыртқы ортада төзімсіз -жоғары температурада, күн сәулесі және дезинфекциялаушы ерітінділерде тез өледі. Қоздырғыш бактериялар науқас бала жөтелгенде оның демі мен қақырығы арқылы тарап, сау балаға жұғады. Бактериялар баланың тыныс органдарында өсіп-өнеді. Ауру қоздырғышы сырқат баланың тұтынған заттары /ойыншығы, ыдысы/ арқылы жұғуы мүмкін. Бұл аурудың алдын алу үшін әрбір ата-ана сырқат белгілерін білулері тиіс: Аурудың білінбейтін /инкубациялық/ кезеңі 2-15 , көбінесе 5-7 күнге дейін созылады. Көкжөтел, әдетте 6-7 аптаға созылады. Алғашқы кезде бала жөтеледі, мұрны бітеліп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5-39 гадусқа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті тартпайды. Бірте-бірте жөтелі күшейіп /әсіресе түнге қарай/, 2-3 аптада жөтел жиі ұстағанда бала булығып қысылады, қызарып- көгеріп, көзінен жас парлап, тілі аузына симай, кейде  кіші дәретін де ұстай алмай қалады. Жөтел қақырық түскеннен кейін барып басылады. Бұл кезең 2 аптадан, кейде 2 айға дейін созылады. Содан кейін дерттің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азая бастайды, бала 2-3 апта жай жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады. Көкжөтелмен бір рет ауырған бала қайталап ауырмайды, өйткені аурудан кейін организмде тұрақты иммунитет қалыптасады.

Инфекция ошағындағы іс-шаралар:

  1. Мектепке дейінгі және білім беру ұйымдарда анықталған көкжөтелмен ауыратын науқастар ауру басталғаннан бастап 25 күн мерзімге оқшаулауға жатады.
  2. Көкжөтелмен ауырған науқаспен байланыста болған 14 жасқа дейінгі балаларда жөтел пайда болған жағдайда, егу анамнезіне қарамастан, көкжөтелге бактериологиялық зерттеудің екі теріс нәтижесін алғаннан кейін балалар ұжымына жіберіледі. Осы аурумен байланыста болған ересектерді жөтел пайда болған жағдайда, көкжөтелге бактериологиялық зерттеудің екі теріс нәтижесін алған соң, жұмысқа баруына рұқсат береді.
  3. Халық арасында санитарлық -ағарту жұмысын жүргізу.

Профилактикасы: Қазақстан Республикасының профилактикалық екпе егу ұлттық күнтізбесі бойынша барлық балалар көкжөтел-дифтерия-сіреспе вакцинасымен /АКДС/ - 2 айда  3, 4 және 18 айға толғанда  егілу жүргізіледі. Балаларыңызды көкжөтелге қарсы егуді ұмытпаңыздар!