ҚАРИҒА ҚҰРМЕТ, ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
Белгілі бір кезеңде елеулі еңбегімен ел аузында жүрген тұлғаларды еске алу, оның үлгілі істерін өнеге ету – ұрпақ парызы. Сондай елеулі тұлғаның бірі – Файзолла Сатыбалдыұлы.
Осы орайда, бүгін діни қайраткер, ақын Файзолла Сатыбалдыұлының туғанына 140 жыл толуына орай Құранның 30-шы бөлігін жатқа айтудан Қостанай облысы мешіттерінің жамағаты арасында құран оқудан облыстық жарыс өтті.
Жас ұрпаққа асыл дініміздің имандылық құндылықтарын насихаттау, ізгілер жолын кейінгі жас буынға жеткізу, Құран сүрелерін үйреніп оқуға ынталандыру мақсатын өткізіліп отырған сайысқа Арқалық, Рудный, Лисаковск қалаларынан және Қостанай облысы бойынша барлық аудандардың мешіт шәкірттері мен жамағаты қатысты. Аталған игі шараны ұйымдастырушы «Сатыбалды ишан» мешіті және Файзолла қаридың ұрпақтары. Бұл көпке үлгі, есті ұрпаққа өнегелі іс.
Файзолла Сатыбалдыұлы 1883 жылы 27 қыркүйекте бұрыңғы Торғай уезі, Батпаққара мекенінде дүниеге келген. Діни қайраткер, ақын, қари болған бірегей тұлға. Әкесі — белгілі діни оқымысты Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы. Торғай қаласындағы уездік мешіт, медреселерде Науан хазірет, дамолла Байту, Бейіс хазірет, Оспан қожа секілді айтулы ел ішіндегі ықпалы зор діни қайраткерлермен сырлас дос болып, бірге қызмет атқарған. Сондай-ақ, Файзолла Сатыбалдыұлы артына мол поэтикалық мұра қалдырған, араб, орыс әдебиеті үлгілерінен тәржімелер жасаған. Тарихшы-өлкетанушы және этнограф Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамсасын» аударып, ақындықты да қатар алып жүрген.
Жарыста сөз тізгінін аудан әкімінің орынбасары М.Қаласов, Файзолла қаридың ұрпағы Рамазан Сұлтанұлы, Қостанай облыстық "Аймағанбет қажы Спанұлы" мешітінің наиб имамы Тимур Құрманғазыұлы сөз алды.
I орын - Ғазиз Дінмұхаммед, Қостанай қаласы "Жайлаубай ата" мешіті (200 мың теңге);
II орын - Тірмағанбетов Ғабит, Қостанай қаласы "Аймағанбет қажы Спанұлы" мешіті (150 мың теңге);
III орын Дүйсенов Қуандық, Арқалық каласы (100 мың теңге).
Сондай-ақ, өзге де қатысушыларға арнайы ынталандыру сыйлық берілді.