Газ баллондарын тұрмыстық жағдайда қолдану және газды тарату пункттерінің міндеттері
«Газ және газбен жабдықтау туралы» 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сәйкес тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу газ желісі ұйымдары және газ толтыру пункттерінің (бұдан әрі - ГТП) иелері жүзеге асырады, олар тұрмыстық баллондардың жарамды техникалық жай-күйін қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сатып алатын тұтынушылардың абоненттік есебін жүргізуге міндетті.
Газ желісі ұйымдары мен ГТП иелері:
1) тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сатып алатын тұтынушыларды абоненттік есепке алуды жүзеге асыруға;
2) толтырылатын тұрмыстық баллондарды техникалық жарамдылық тұрғысынан тексеруге;
3) тұрмыстық баллондарды газ желісі ұйымының немесе газ толтыру пункті иесінің тауарлық белгісімен таңбалауды жүзеге асыруға;
4) тұтынушыларға сатылатын әрбір тұрмыстық баллонның сапасына кепілдік талонын беруге;
5) газ баллондары қондырғыларына авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 бұйрығымен бекітілген Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларының 32, 33, 34-тармақтарында да азаматтарға баллондардағы газды бөлшек сауда өткізу тәртібі айқындалған, мұнда газ желісі ұйымы немесе ГТП иесі сапасына жауапты болады және кепілдік береді, авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді, тұрмыстық баллондарының дұрыс техникалық жай-күйін қамтамасыз етеді.
Өйткені газ толтыру станциялары мен пункттері әлеуметтік инфрақұрылым объектісі емес, өнеркәсіп объектісі болып табылатындықтан, оларды бақылауды «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаменттері» РММ жүзеге асырады.
«Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 9 қазандағы № 673 бұйрығында (бұдан әрі-Талаптар) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптар бекітілген.
Талаптардың 171-тармағында баллонның нормативтік қызмет ету мерзімі көзделген (дайындаушы зауыт белгілейді, алайда 30 жылдан астам болмауы тиіс).
Талаптардың 182-тармағына сәйкес баллондарды сығылған, сұйытылған және ерітілетін газдармен толтыруды жүргізетін толтыру станциялары Талаптарға 21-қосымшаға сәйкес нысан бойынша баллондардың толтырылуын есепке алу және толтырылған баллондарды бақылау журналын жүргізеді.
Талаптардың 187-тармағына сәйкес пайдаланудағы баллондар кемінде әр 5 жыл сайын кезеңділікпен куәландырылуы тиіс.
Нормативтік қызмет ету мерзімі өткен тұрмыстық баллондарды, сондай-ақ техникалық куәландыру нәтижелері бойынша одан әрі пайдалану үшін жарамсыз деп танылған тұрмыстық баллондарды алу және кәдеге жарату бойынша жұмыстар тек қана ГТП-да жүзеге асырылуы тиіс.