Қайырлы күн, қадірлі аудан тұрғындары!
Баршаңызды егемен еліміздің ең басты мерекесінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке болып саналады. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Конституция – қазақстандық мемлекеттіліктің дамуының іргетасын қалап, заң үстемдігінің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басты кепіліне айналды.
Халық болып талқылап, референдумда ел болып қолдаған Ата Заңымыз - «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы», деп басталады. Осы сөздерде Мәңгілік Елді мұрат тұтқан ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастық та, мемлекеттілігін жаңғыртқан көп ұлтты халықтың ортақ ұмтылысы да бар.
Атақты Білге қаған «Заң жоқ жерде ештеңе жоқ» десе, Тоныкөк бабамыз ел билеу мен ел қорғауда сүйенетін ең басты негіз – ұлттың әдет-ғұрпы мен өмір сүру ерекшелігі топтастырылған заңдар жиынтығы екенін айтқан. Ендеше, қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін жаңғырту ісін әуелі Заңды құрметтеуден бастаған дұрыс. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз.
Құрметті аудан тұрғындары!
Биылғы жыл тек Амангелді ауданы үшін емес, қазақ халқы үшін ерекше жыл. Ұлт батыры, азаттық күресінің басты қаһармандарының бірі Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл және Амангелді ауданының құрылғанына 95 жыл. Батырды ұлықтау мерекесі сәуір айында ел ордасы Астанадан бастау алып, күні бүгінге дейін республикалық деңгейде аталып өтуде. Қыркүйек айының 3-9 күндері ауданымызда республикалық деңгейде ауқымды іс – шаралар өткізгелі отырғанымыздан хабардарсыздар. Алдымызда осы айтулы мерейтойларды ел болып атқару міндеті тұр.
Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтап, зор денсаулық, бейбіт өмір, отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ, бақ-береке тілеймін!
Ізгі тілекпен Амангелді ауданының әкімі Т.Т.Карбозов