Сарып /Бруцеллез/- қауіпті індет
Сарып қандай ауру? Сарып немесе сал ауру /бруцеллез/- адамдарға ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі.
Аурудың қоздырғышы /бруцелла /сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды келеді: сүт өнімдерінде 25 күнге дейін сақталып, мал терісінде 3-4 ай, суда 5 ай, топырақта 2-3 ай өмір сүрсе, салқын жерде ұзақ сақталады. Ауру малдардың ішіндегі ең қауіптісі уақ мал /қой мен ешкі/. Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаға ауырған малдардың қиы, зәрі, шуы, тағы басқа малдардан шығатын сұйықтықтар арқылы бөлініп тарайды.
Ауру қоздырғыштары адам денесіне әсіресе, мал төлдету, оны бағып-қағу, ауру малды сою, жіліктеу немесе жүнін қырқу кезінде тері арқылы енеді. Ал күнделікті тұрмыста: ауырған малдың қайнатылмаған сүтін ішкенде, сол сүттен дайындалған қаймақ, сарымай, ірімшік, шала пісірілген ет тағамдарын пайдаланғанда жұғады.
Сарып ауруының негізгі белгілері, ауру жұқтырғаннан кейін 7-10 күн өткен соң біліне бастайды: адам өзінің жағдайының нашарлап, тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай ,басы ауыруып, делсал болып бойының ауыр тартқанын сезеді, емделмеген жағдайда ауру күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай малшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісіп ауырады. Дәрігерлерге көрінбей, өзінше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қол-аяқ буындары ісіп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгілетін болады. Буын-буындарға сары су толып, буындардың қалыпты түрі өзгереді. Ауру 2-3 жылдан көп жылға дейін созылып, кейбіреулер жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы мүмкін. Сарып ауруының осындй зардабын біле тұра ауырған малдармен қатынаста болғандар арнайы медициналық тексерістен өтуді жөн санамайды, бас тартып жатады.
Мал арасында аурудың негізгі белгілері: малдың ақсап жүруі, аяқ буындарының ісінуі, көбінесе саулық малдың желініне ісік пайда болуы, іш тастауы, еркек малдардың енінің ұлғаюы сияқты өзгерістер байқалғанда мал иелері міндетті түрде жылдам мал дәрігеріне хабарлауы керек.
Сарыптан сақтану жолдары қандай? Сарыптың тек ауру малдардан немесе мал өнімдерінен жұғатынын ескерсек, бірінші кезекте сақтану шараларын аурудың көзі болып табылатын себептерді жоюдан бастаған жөн. Ол үшін жекеменшік мал иелері мен шағын шаруашылық басшылары, жергілікті әкімдермен мал дәрігерлерімен бірлесіп, қожалықтағы немесе жеке меншіктегі барлық мал басын түгелдей есепке алып, уақытысында ауру-сауын тексеріп отыруы керек. Ауруы анықталған малды мал дәрігерімен ақылдасып, көп ұзатпай арнайы орындарға тапсыру керек. Ауру малды өзге малдан бөлектеп, іш тастаған малдың төлін, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып, мал төлдеген жердің шөбін,топырағымен қоса алып, қорадан аулақ жерге апарып, иттер қазып ала алмайтындай етіп, 1-1,5 метрдей тереңдікке көміп тастау керек. Ауру малды бағып қағушылар үстіне арнайы санитарлық киімдер: халат, резеңке етік пен қолғап, алдына су өтпейтіндей алжапқыш байлап, жұмыс істеген жөн. Мал алу немесе сату кезінде мал дәрігеріне көрсетіп, малдың саулығы туралы анықтама алу керек. Ауру бағылатын қорада темекі тартуға, тамақтануға, демалыс жасауға болмайды. Жаңа туылған төлді үйге кіргізудің қажеті жоқ, себебі үйдегі балаларға, отбасы мүшелеріне ауру жұғуы мүмкін. Мал немесе малдың еті мен сүтін сатып алғанда, сатушылардан малдың саулығы туралы мал дәрігерінің анықтамасын талап етіңіздер.
Орындалуы қарапайым ғана, жоғарыда көрсетілген ережелерді мұқият орындасаңыздар, тек сарып емес, малдан жұғатын көптеген басқа да аса- қауіпті аурулардан аулақ боласыздар! Мал шаруашылығымен шұғылданатын ағайындарға айтарымыз: қолдан келсе ата кәсібімізді жалғастырып, мал ұстаған дұрыс. Ал, ауру малды қолда ұстап жанұя мүшелеріне, туысқандарыңызға, малшыларыңызға ауру жұқтырып немесе оны жасырып, мал дәрігерлеріне хабарламай сойып немесе сүті мен етін сатып, заң алдындада, ар алдындада кінәлі болып, сау адамдарға ауру жұққызып обалына қалмаңыздар!
Малдарыңыз ауырғандығы жөнінде хабарлама алғанда отбасы мүшелерін медициналық бақылаудан өтілуін қамтамасыз етіңіздер! Аудан бойынша сарып ауруымен науқас тіркелмеген.
Міне, тағыда мал төлдейтін кез келді, сарып ауруынан сақтанамыз десек, осы мақалада айтылған талаптарды ұстанып, кемшіліктерді түзейік.
Құрметті ауылдастар, өз денсаулығымызды ойласақ, ауру малды дер кезінде жойып, індет ошақтарын болдырмауға бәріміз ат салысайық.