
2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар мемлекеттік
қызметтерді цифрлық форматта өз бетінше алу мүмкіндігін белсенді
пайдаланған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік
корпорациясы хабарлады. Жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, өзіне-өзі
қызмет көрсету аймағындағы өтініштер саны бір жыл ішінде 6,6 млн-нан
астамға өсіп, шамамен 14,8 млн-ға жеткен. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш
шамамен 8,2 млн болған.
Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы көрсетілген қызметтер
саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – мұнда бір жыл ішінде 2,3
млн-нан астам қызмет көрсетілген. Одан кейін тізімде Алматы облысы (1
млн-нан астам) және Түркістан облысы (шамамен 1 млн) орналасқан.
Аталған аймақта ең көп сұранысқа ие болған келесі бес қызмет:
электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу, архивтік анықтамалар рәсімдеу,
тұрғылықты жері бойынша тіркеу, соттылығының бар немесе жоқ екендігі
туралы анықтама беру, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқ
екендігі туралы анықтама алу.
«Біздің қызметіміздің негізгі мақсаты – азаматтарға барынша
ыңғайлы әрі қолжетімді жағдай жасау. Әр адам мемлекеттік қызметті
өзіне қолайлы тәсілмен алуы тиіс: біреулер мобильді қосымшалар мен
электрондық үкімет порталын таңдаса, өзгелері банк қосымшаларын
немесе ХҚКО-ға жүгінуді жөн көреді. Біз үшін ең бастысы – қызмет
алушылардың жайлылығы мен қанағаттану деңгейі», – деп атап өтті
Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Айта кетейік, 2025 жылы ХҚКО операторлары арқылы 13 млн-нан
астам мемлекеттік қызмет көрсетілген, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 млн-
нан асқан. Фронт-офистер арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер көлемі
бойынша Алматы, Астана және Шымкент қалалары көшбасшы болып қала
береді.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, еліміз бойынша мемлекеттік қызмет
көрсету сапасына қанағаттану деңгейі 95 пайыздан асады.