Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының барысына арналған кеңейтілген кеңес өткізді.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – Президенттің тапсырмасына сәйкес жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеу.
«Қоршаған ортаға қамқорлық – күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Бұл бір реттік науқан емес, әр азаматтың өмірлік ұстанымы болуы керек», – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы.
Кешенді тәсіл
Облыс әкімі «Таза Қазақстан» бағдарламасы Қостанай облысында жүйелі және кешенді түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 2025 жылы бұл бағытқа 16,8 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 46% артық (2024 ж. – 11,5 млрд тг).
Бағдарлама аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды:
327 қоғамдық аумақ абаттандырылды;
2025 жылы 165 000 ағаш отырғызу жоспарланған (2024 ж. – 148 600);
16 000 көше шамы мен 5 500 бағана орнатылды;
174 елді мекенде 670 көше жарықтандырылды;
Көше жарығының деңгейі 100%-ға жетеді (2024 ж. – 90,3%, өсім – 9,7%);
135 балалар және спорт алаңы орнатылады (2024 ж. – 88);
Жітіқара қаласында «Иловая гора» техногендік қалдығын рекультивациялау басталады.
Ауылдық аумақтарға ерекше көңіл бөлінді
Облыс әкімі ауылдарда тазалық орнату мәселесінің маңыздылығын ерекше атап өтті:
522 стихиялық қоқыс үйіндісі жойылды;
10,5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды;
214 қараусыз қалған ғимарат бұзылды;
560 тасталған техника бірлігі жиналды.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, ауылдардағы тазалық — бұл тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жаңа жобалар
Кеңес барысында Рудный қаласында жүзеге асырылып жатқан екі инвестициялық жоба таныстырылды:
Қалдықтарды сұрыптау және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу зауыты
Инвестиция көлемі – 389,8 млн теңге, қуаттылығы – жылына 50 000 тонна.
Қайта өңдеу деңгейі 15%-дан 32%-ға дейін өседі, құрылыс қалдықтары – 90%-ға дейін өңделеді.
Шиналар мен резеңке бұйымдарын қайта өңдеу зауыты
Инвестиция көлемі – 405 млн теңге, резеңке түйіршіктер мен мазут өндіріледі.
Мұндай қалдықтардың көлемі 70–90%-ға дейін азаяды деп күтілуде.
«Таза Қазақстан» — бұл жай науқан емес, бұл мәдениет. Бұл – әр азаматтың санасында қалыптасатын жауапкершілік. Баладан бастап кәсіпкерге дейін», – деп қорытындылады облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бағдарламаның жүзеге асырылуы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.