🔷Жаңа оқу жылы қарсаңында Қостанайда полиция қызметкерлерінің, мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының қатысуымен ведомствоаралық профилактикалық іс-шара өтті.
Кездесудің басты мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді үйлестіру және өзекті қауіп-қатерлердің алдын алу: есірткі құқықбұзушылықтары, буллинг, киберқылмыс.
Есірткіге қарсы профилактика – ортақ міндет
Көтерілген негізгі тақырыптардың бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу болды. Бұл мәселеге қатысты Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Диана Тұякбаева пікір білдірді:
«Жасөспірімдер арасында есірткі таратумен күрес жұмысы мектеп, отбасы және құқық қорғау органдарының тығыз өзара әрекеттесуінсіз мүмкін емес. Бүгін біз педагогтарды тек ақпараттандырып қана қоймай, олармен бірге бірыңғай профилактикалық күш құрып жатырмыз», – деп атап өтті ол.
Тәжірибелік тұрғыдан бұл мәселені нарколог дәрігер Гүлсім Бисембаева түсіндірді. Ол психоактивті заттарды қолданудың алғашқы белгілері туралы айтып берді:
«Мінез-құлқының өзгеруі, оқуға деген қызығушылықтың күрт төмендеуі, көңіл-күйдің жиі ауытқуы, ұқыпсыз сыртқы келбет – мұның бәрі белгі болуы мүмкін. Күмән туындаса – бірден мамандарға жүгінген жөн. Кешіктіруге болмайды», – деді дәрігер.
Буллинг, киберқауіптер және цифрлық алаяқтық
Келесі маңызды тақырып – оқушылар арасындағы буллинг пен агрессивті мінез-құлық, соның ішінде онлайн кеңістіктегі көріністері болды. Полиция өкілдері қатысушыларға жаңа статистиканы ұсынды, балалар жиі тап болатын алаяқтықтың әдеттегі тәсілдері туралы айтып, киберқауіптен қорғану жолдарын түсіндірді.
Педагогтарға сенім телефондарының нөмірлері, көмекке жүгіну тәртібі және мәселе анықталған жағдайда әрекет ету жөніндегі қысқаша нұсқаулықтар жазылған ақпараттық жадынамалар таратылды. Сондай-ақ, полиция мен тиісті ұйымдар бірлесе дайындаған, жасөспірімдердің құқықтық санасын арттыруға және күнделікті өмірде сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған бейнероликтер көрсетілді.⬇️