Латын әліпбиі – ел болашағы

Латын әліпбиі – ел болашағы

Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Қазіргі уақытта  еліміздің басты проблемасына айналып отырған ең өзекті тақырыптардың бірі –әліпбиіміздің өзгеруі, яғни қалыптасқан дәстүрді бұзып, кириллицадан латын әрпіне көшу. Латын әліпбиіне ауысу  қазақ тілінің дамуына, халықаралық мәдени-рухани және экономикалық байланыстардың нығаюына және IT – технологиялардың  дамуына жағдай жасайды. Біз күнделікті өмірімізде латын графикасымен жиі бетпе-бет кездесеміз. Тауарлардың көпшілігінде ақпараттық жазулар латын қаріптерімен берілген. Ғаламтор мен ұялы байланысты пайдаланушылар, әсіресе, бүгінгі жас буын өкілдері латын әліпбиін пайдаланып та жүр. Алайда, осы жұмысты жүйелеп, бір бағытқа салу үшін қазақ тілінің түбегейлі латын әліпбиіне көшуі қажет. Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді, бүгінді және келешекті жалғастыратын алтын көпір. Қазіргі жазуымыз бірнеше ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтеріп, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Бұл рас. Бірақ барға қанағат етуге болмайды. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуіміз керек. “Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін” деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс. Осыған орай «Алтынсарин ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығы» КММ-сі аудан тұрғындары және тілдерді оқыту орталығының тыңдаушыларымен жетілдірілген әліпбиді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Айта кететін болсақ қыркүйе-қазан аралығында  М.Хәкімжанова атындағы орта мектеп, Ы.Алтынсарин атындағы Обаған орта мектебі мұғалімдерімен «Қазақ жазуы: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында онлайн кездесулер өткізді. Кездесу барысында жетілдірілген әліпбидің орналасу реті, диакритикалық белгілерімен таңбаланатын әріптер туралы түсінік берілді. Қазіргі таңда білім алам, дамимын деген әрбір азаматқа еш қиындықсыз, мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік жетерлік. Осындай мақсатта Алтынсарин ауданының тұрғындарымен ғана шектеліп қоймай, орталықтың әлеуметтік желілеріне инстаграмм (tilder_altynsarin), фейсбук (Алтынсарин Тілдер Орталығы),  ВК (Центр-Обучения-Языкам Акимата-Алтынсаринского-Района) парақшаларына  Латын графикасына негізделген тапсырмалар топтамасын орналастырып келеді. Тапсырмалар топтамасында  аудармалар, ребус , мақал –мәтелдерді жалғастыр т.б тапсырмалар қарастырылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әр азамат Елбасы тапсырмаларын орындауда өзіндік үлестерін қосар болса, жетістікке жетеріміз анық.

 

«Алтынсарин ауданы әкімдігінің
тілдерді оқыту орталығы» КММ