А.ж. 18 қарашасында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен селекторлық кеңес өтті.

А.ж. 18 қарашасында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен селекторлық кеңес өтті.

Кеңес барысында Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы айтып берді.

Мемлекеттік бағдарламаны сапалы іске асыру үшін 2020-2021 жылдарға арналған цифрландырудың 91 іс-шарадан тұратын облыстық Жол картасы бекітілді.

Жол картасы шеңберінде 2020 жылы 69 іс-шараны іске асыру жоспарланған,  соның ішінде 62 жоба орындалды, 2 жоба жұмыста (Е-коммерц орталық және Әлеуметтік ID-карта) және 5 жоба бойынша орындау мерзімі 2021 жылға ауыстырылды.

Жалпы 2020 жылы барлық жобалар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді.

«Экономика салаларын цифрландыру» бағыты бойынша өнеркәсіп экономикасының базалық салаларының кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы цифрландыру процесіне барынша тартылуда.

АӨК цифрландыру саласында нақты егіншілік элементтерін қолдануға және мал шаруашылығы смарт-фермаларын құруға басты назар аударылды.

АӨК субъектілері цифрландыру элементтерін енгізу бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізді және жобалар бойынша экономикалық тиімділік 2020 жылы 1,5 млрд. теңгені құрады

Сонымен қатар, электронды сауданы дамыту аясында а.ж. соңында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының базасында «Е-коммерц орталығын» ашу жоспарлануда. Бұл орталықта ШОБ өкілдерін интернет-дүкендер, электрондық коммерция құру дағдыларына оқытатын болады.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда білім беру саласының барлық деңгейлері цифрландырумен қамтылған.

Бала-бақшалардың 100%-ы кезекке қою үшін электронды түрде өтініш қабылдайды. Барлық мектептерде жоғары жылдамдықты интернет қамтамасыз етілген, оқушылар электронды күнделіктерді, журналдарды пайдаланады.

Денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде қағазсыз медициналық құжаттарға барлық денсаулық сақтау ұйымдары ауыстырылды. Медициналық мекемелердің пациенттерінде 100% электрондық денсаулық паспорты бар.

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында электрондық еңбек биржасы табысты жұмыс істеуде.

Нәтижесінде жұмыспен қамту процесі екі есе қысқарды, ал рәсімнің өзі ашық болды. Биржада 23,1 мың жұмыс іздеуші тіркелген, соның ішінде платформа арқылы 5,6 мың адам жұмысқа орналастырылды.

 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп Әлеуметтік ID-картаны енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Қараша айынан бастап Қостанай қаласындағы қоғамдық көлікте электрондық билеттеу жүйесі енгізілді. Банк картасы, арнайы көлік картасы, смс-төлем, QR-код және т.б. жол ақысын төлеу функциясы бар 260 терминал орнатылды.

«Цифрлық мемлекетке көшу» блогы бойынша мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бөлігінде жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтердің 74%-ын электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыс жүргізді. Барлық өңірлерде 596 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары (Сonnection Point) жұмыс істейді, өтініш берушілердің өз бетінше қызмет алуы үшін интернетке шығу және «электрондық үкімет» порталына кіру мүмкіндігі бар.