«Өңір шежіресі: құжаттар мен тағдырлар» конференциясы Арқалықта өтті

«Өңір шежіресі: құжаттар мен тағдырлар» конференциясы Арқалықта өтті

2026 жылғы 4–5 маусым күндері Арқалық қаласында Арқалық өңірлік мемлекеттік архивінің 60 жылдығына, Қостанай облысының 90 жылдығына және Халықаралық архивтер күніне арналған «Өңір шежіресі: құжаттар мен тағдырлар» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияны Қостанай облысы әкімдігі ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Қостанай облысының мемлекеттік архиві» КММ, «Арқалық өңірлік мемлекеттік архиві» филиалы және Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті ұйымдастырды.

Конференция өңірдің тарихи-құжаттық мұрасын сақтау, архив материалдарын зерттеу және олардың өлке тарихын зерделеудегі рөлін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Оның жұмысына архив қызметкерлері, ғалымдар, оқытушылар, өлкетанушылар, мемлекеттік мекемелер мен жұртшылық өкілдері қатысты.

Іс-шараның құрметті қонақтары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Архив ісі саласындағы мемлекеттік саясат және бақылау басқармасының басшысы Тащанова Салтанат Нұртасқызы және Арқалық қаласының әкімі Асанов Әмірхан Беркенұлы болды. Олардың қатысуы конференцияның жоғары маңызын және тарихи-құжаттық мұраны сақтау мен архив саласын дамыту мәселелеріне мемлекеттің ерекше назар аударатынын көрсетті.

Конференция барысында Қостанай облысының тарихына, архив ісінің дамуына, құжаттық мұраны сақтауға және архив құжаттарында көрініс тапқан адамдар тағдырына арналған баяндамалар мен ғылыми зерттеулер таныстырылды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, тарихи зерттеулер мен архив құжаттарын насихаттау бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Конференцияның өткізілуі мерейтойлық даталар аясындағы маңызды оқиғаға айналып, архивтердің тарихи жады мен мәдени мұраны сақтаушы ретіндегі маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Конференция бағдарламасында архив саласының қызметкерлері мен ардагерлерін құрметтеуге арналған салтанатты бөлім ерекше орын алды. Архив ісін дамытуға қосқан елеулі үлесі мен көпжылдық адал еңбегі үшін ведомстволық және өңірлік наградалар табысталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен Арқалық өңірлік мемлекеттік архивінің басшысы Байгенжин Сағидолла Кәкенұлы марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен Арқалық өңірлік мемлекеттік архивінің ардагерлері Бопина Марал Нәбиқызы мен Бажина Ермек Ерғалиқызы, сондай-ақ Арқалық өңірлік мемлекеттік архивінің архившісі Яритик Оксана Григорьевна марапатталды.

Сонымен қатар Арқалық өңірлік мемлекеттік архивінің қызметкерлері мен ардагерлері Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен, Арқалық қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен, «Арқалық өңірлік мемлекеттік архивіне – 60 жыл» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ Қостанай облысының мемлекеттік архиві директорының Құрмет грамоталарымен марапатталды.