
Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 37 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында ағымдағы жылдың 16 наурызында Аманқарағай №2 жалпы білім беретін орта мектебінде жауынгер-интернационалистерді еске алуға арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Мектеп әкімшілігінің шақыруымен Әулиекөл өңірлік мемлекеттік архивінің архивистері дөңгелек үстелге қатысып, «Ауған таулары арасында» атты фотодеректі көрме ұсынды. Сонымен қатар Ауғанстанда әскери қызмет атқарған жауынгерлердің жеке тектік құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы айтып, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар 1989 жылғы 15 ақпанда аяқталған әскери операция мен Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуына байланысты оқиғаларды талқылады. Бұл күн Отанынан жырақта әскери борышын атқарған мыңдаған сарбаздар мен офицерлер үшін маңызды тарихи күн болып саналады.
Іс-шараға Қостанай облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Маусымбаев Б.М., Әулиекөл ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің шақыру және әскерден тыс жұмыстар бөлімінің бастығы, аға лейтенант Айтбаев Н.С., сондай-ақ жауынгер-интернационалистер Еришев Г.А., Жарбосов Ж.Б., Ушаков Н.Б. және мектеп оқушылары қатысты.
Ардагерлер әскери қызмет кезіндегі естеліктерімен бөлісіп, бастан өткерген қиындықтары мен сынақтары туралы әңгімеледі.
Іс-шара барысында қатысушылар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің, жауынгер-интернационалистердің ерлігін құрметтеудің және сол жылдардағы тарихи оқиғаларды ұмытпай, есте сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Барлығы 46 адам қамтылды.