2025 жылдың 25 желтоқсанында Қостанай облысының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен А. Байтурсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің қабырғасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған қоғамдық дәріс өтті.
Іс-шара еліміздегі бірлік, келісім және азаматтық татулықтың символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының үш онжылдықтағы қызметіне арналды.
Қоғамдық дәрістің басты қонағы – Қостанай облысы әкімінің қоғамдық негіздегі орынбасары, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Хасенұлы Жақып болды.
Айта кету керек, Қалқаман Хасенұлы өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы мен қалыптасу кезеңінде оның бастауында тұрған, ұлтаралық келісім мен қоғамдық татулықты нығайтуға елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі.
Дәріс аясында Қостанай облысының мемлекеттік архиві дайындаған архивтік көрме көпшілік назарына ұсынылды. Экспозиция Қостанай облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстың ұлттық-мәдени бірлестіктерінің құжаттарының біріккен архив қоры, сондай-ақ фотожаттар қоры-коллекциясы материалдары негізінде әзірленген.
Іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына орай белгілі қостанайлық журналист Гүлжібек Байекенқызы Бекмұхамедова түсірген деректі фильм көрсетілді.
Қоғамдық дәріс барысында сөз сөйлеген Қалқаман Хасенұлы Жақып Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөлін атап өтіп, ұлтаралық келісім – Қазақстан қоғамының басты құндылығы екенін жеткізді.
Іс-шара соңында архивтік құжаттар мен фотоматериалдардың әрқайсысы өңірде қоғамдық келісім мен өзара құрметті нығайту жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың айғағы екені ерекше атап өтілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған бұл қоғамдық дәріс ел бірлігін, достық пен татулық құндылықтарын дәріптеген маңызды мәдени-ағартушылық шара болды.