2025 жылдың 26 тамызында Жітіқара қаласының Жітіқара өңірлік мемлекеттік архивінде "Қостанай минералдары" АҚ - ның 60 жылдық фотоқұжаттық көрмесінің тұсаукесері өтті. Іс-шараға қаланың атқарушы билігінің, "Қостанай минералдары" АҚ, "Аманат" партиясының аудандық филиалының, аудандық ардагерлер кеңесінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Жітіқара политехникалық колледжінің студенттері қатысты.
Іс-шараға қатысушыларға Жітіқара өңірлік мемлекеттік архивінің басшысы Бостынец Елена Александровна құттықтау сөз сөйледі. Ол кәсіпорын басшылығына фотоқұжаттық көрмені ресімдеу үшін стендтер сатып алуға көрсеткен демеушілік көмегі үшін алғысын білдіріп, мерейтойлық күнімен құттықтап, одан әрі өркендеу мен тұрақты даму тіледі. Іс-шарада Жітіқара қаласы әкімінің орынбасары Б. С. Бижанов, "Қостанай минералдары" АҚ персоналды басқару қызметінің бастығы С. Ж. Шаймұрынов сөз сөйледі. Бұдан әрі Елена Александровна фотоқұжаттық көрмені таныстырып, 1958-2020 жылдар кезеңінде асбест комбинатының қалыптасу, даму және қызметі кезеңін қамтитын құжаттар мен фотосуреттерді анықтау бойынша архившілердің қажырлы жұмыс жүргізгені туралы айтып берді.
Колледж студенттеріне "Аманат" партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы З.С. Урманова, ардагерлер кеңесінің төрағасы О. В. Бурушпаева тілек сөздердін жолдады, ал еңбек ардагерлері асбест комбинатындағы жұмыс туралы естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара соңында қатысушылар үшін мемлекеттік архив қоймалары бойынша экскурсия өткізілді.