Албарбөгет бөгеті: тарихы және реконструкциялау жобасы

Албарбөгет бөгеті: тарихы және реконструкциялау жобасы

Албарбөгет – Торғай өңіріндегі маңызды тарихи гидротехникалық нысандардың бірі. Ол Қостанай облысы орталығынан шамамен 600 шақырым қашықта орналасқан. Оның салынуы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне, Қабырға өзенінің су ресурстарын тиімді пайдалану қажеттілігі туындаған кезеңге сәйкес келеді.

«Албарбөгет» атауы өзен арнасының екі жағынан кең көлемде қоршалып салынуына байланысты пайда болған. «Албар» сөзі қазақ тілінде қоршау деген мағынаны білдіреді.

1924–1927 жылдары бірнеше ауыл тұрғындары бөгетті толық қол күшімен салды. Құрылыста техника қолданылмай, қарапайым еңбек құралдары пайдаланылды. Материалдар Аманқарағай орманынан 500 шақырым қашықтықтан тасымалданды. Нәтижесінде ұзындығы шамамен 17 шақырым бөгет салынды.

Бөгеттің салынуы Қабырға өзенінің суын жинап, өңірде суармалы жерлердің көбеюіне, егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына ықпал етті. Бұл аумақта жаңа қоныстар қалыптасып, ауыл шаруашылығы орталықтары пайда болды.

Жер бөгетінің тағы бір артықшылығы – су қорын маусымдық реттеу мүмкіндігі. Көктемгі тасқын суларды жинақтап, жазғы құрғақ кезеңде жайылымдар мен шабындықтардың өнімділігі тұрақты сақталады. Бөгет 1900 гектар аумақтағы шабындықтарды суаруды қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттырып, өңірдің экономикалық дамуына қосымша серпін береді.

1931–1932 жылдардағы ашаршылық кезеңінде су қоймасы жергілікті халық үшін маңызды тіршілік көзіне айналып, балық аулау мен егіншілік арқылы көптеген адамдардың аман қалуына мүмкіндік берді.

Уақыт өте келе бөгеттің техникалық жағдайы нашарлап, су тасқыны кезінде қауіптер туындады. 2014 жылы нысан «Қазсушар» РМК Қостанай филиалының теңгеріміне берілді. Дегенмен кей учаскелерде шайылу мен әлсіреу байқалып, Көкалат кенті мен маңайдағы елді мекендерге қауіп төнді.

Осыған байланысты 2020 жылы инженерлік зерттеу жүргізіліп, реконструкциялау жобасы әзірленді. 2021 жылы жоба мемлекеттік сараптамадан өтті.

2023 жылы «TOLAGAI-2050» ЖШС мердігер ретінде анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жоба аясында «Арғынбай», «Жырық-1», «Жырық-2», «Үлкен» және «Қостам» бөгет учаскелері жаңартылды. Жалпы реконструкцияланған бөлік ұзындығы 14 880 метрді құрады. Сондай-ақ су өткізу арнасы қалпына келтіріліп, оның өткізу қабілеті 2,0 м³/сек деңгейінде қамтамасыз етілді.

2025 жылы реконструкция толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Бүгінде Албарбөгет жаңартылған гидротехникалық жүйе ретінде өңірдің ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді басқаруға қызмет етуде.