Алматыда көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды бағыттары талқыланды

Алматыда көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды бағыттары талқыланды

Алматыда Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығының көлік секторы жөніндегі үйлестіру комитетінің XXI отырысы өтіп жатыр

Жиын барысында пандемиядан кейінгі өңірдегі көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды бағыттары талқыланды. Іс-шараға көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде С.Аблалиев өңірдегі көлік логистика маршруттарындағы өзгерістердегі Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы елдерінің рөлін атап өтті. Бұл өз кезегінде Орталық Азия өңірінің шығыс-батыс бағытындағы жүктерді тасымалдаудағы және солтүстікті оңтүстікпен байланыстыратын баламалы маршруттағы рөлін күшейтетінін айғақтайды.

«Бүгінде өңір елдері арасындағы жемісті ынтымақтастығымыздың үлкен әлеуеті бар, оны біз жоспарлы түрде іске асыруымыз керек. Сондай-ақ Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетті белсенді дамытудағы және көлік дәліздерін жаңғыртудағы рөлін ерекше атап өткім келеді», – деді көлік вице-министрі.

Өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін көлік саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы отырыста талқыланған негізгі тақырыптардың біріне айналды. Екі күннің ішінде іс-шараға қатысушылар көлік саласындағы қазіргі және болашақ инвестициялық жобаларды талқылайды, сондай-ақ көлік қызметінің әртүрлі аспектілері бойынша тәжірибе алмасады.

Жалпы Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы өңірдегі сауданы кеңейтуге және қатысушы елдерде бизнестің бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға бағытталған. Қазақстан 1997 жылдан бастап бағдарламаның мүшесі болып табылады және бүгінгі таңда даму мен өркендеудің ортақ мақсаттарына қол жеткізу үшін көрші елдермен ынтымақтастықты нығайту бойынша белсенді жұмыс істейді.