Автокөлік құралдарымен жүктерді халықаралық тасымалдау

Автокөлік құралдарымен жүктерді халықаралық тасымалдау

Жүктерді автокөлікпен халықаралық тасымалдау ҚР Үкіметі мен шет мемлекеттердің үкіметтері арасында жасалған келісімдер негізінде жүзеге асырылады, оған сәйкес әрбір автокөлік құралына шетелдік рұқсат беріледі.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы жыл сайын шетелдік рұқсаттар квоталарымен тепе-тең алмасу жүргізілетін 42 елмен келісімдер жасасты (рұқсат бланкілерін айырбастаудың жыл сайынғы квотасы шамамен 200 000 дана құрайды).

Шетелдік рұқсат - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттің аумағы бойынша жол жүруге рұқсат (келуге, кетуге және транзиттік жол жүруге әмбебап рұқсат, сондай-ақ басқа елдің аумағынан үшінші елдің аумағына тасымалдауға).

Шетелдік рұқсатты беруге өтініш, сондай-ақ берілетін шетелдік рұқсаттар санын есептеу адамның қатысуынсыз шетелдік рұқсаттарды Автоматты бөлу жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырылады.

Анықтама ретінде:

Шетелдік рұқсат беру мемлекеттік қызмет болып табылады, оны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің аумақтық органдары көрсетеді.

Шетелдік рұқсаттың құны – 1 АЕК.

Тасымалдаушылардың өтінімдері электрондық үкімет порталы арқылы беріледі. Әрі қарай, жүйе автоматты түрде берілген бланкілердің санын анықтайды.

Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлері шетелдік рұқсаттардың жеткілікті санымен қамтамасыз етілген. Өңірлерде шетелдік рұқсаттардың болуы туралы толық ақпарат Министрліктің сайтында апта сайын автомобиль көлігі бөлімінде жарияланады.

Сондай-ақ, автотасымалдар туралы үкіметаралық келісімге сәйкес жыл басында Қазақстан Қытай тарапынан екі ел арасында жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «С» түріндегі 50 мың рұқсат бланкісін алды.

Алайда, жүк тасымалы көлемінің ұлғаюына байланысты Қазақстанның Көлік министрлігі жыл ішінде тағы 50 мың бланк алуға келісті.

Қазіргі уақытта қазақстандық тарапта 100 мың бланктің 5 мыңға жуығы қалды. Сондықтан, үздіксіз жүк тасымалын қамтамасыз ету үшін Көлік министрлігі ҚХР уәкілетті органымен қосымша 10 мың рұқсат беру туралы келіссөздерді қайта жүргізуде. Қазір мәселе қытай тарапының қарауында.

ҚХР мемлекеттік органының шешімі жақын арада қабылданбауы мүмкін екенін ескере отырып, отандық тасымалдаушылардан Қытайға баруды жоспарламас бұрын ҚХР шекарасындағы өткізу пункттерінде «С» түріндегі рұқсат бланкілерінің болуы туралы ақпаратты электрондық мекенжайлар бойынша алдын ала нақтылауды сұраймыз: https://cgr.qoldau.kz  / немесе https://kgd.gov.kz/.