Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі 2026 жылғы 18 ақпандағы № 46 бұйрықты қабылдады, ол автомобиль көлігімен қауіпті, ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды реттеуді жетілдіруге бағытталған.
Аталған бұйрық техникалық сипатқа ие және ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің автомобиль жолдары арқылы қозғалыс кезінде көлік құралдарының рұқсат етілген массалары, осьтік жүктемелері мен габариттері туралы келісіммен үйлестіруге, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасындағы көлік логистикасын дамытуға бағытталған.
Құжатпен мынадай нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:
Атап айтқанда, автомобиль көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Қосымша түрде Қауіпті жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау туралы еуропалық келісім талаптарына сәйкес «Е» санатындағы тоннельдер арқылы жүру тәртібі регламенттелді. Мұндай тоннельдер арқылы қауіпті жүктерді тасымалдауға шектеулер белгіленіп, сондай-ақ тасымалдаушыға балама бағыттарды айқындау міндеті жүктелді.
Сонымен қатар, ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Уақытша қозғалыс шектеулері кезеңінде мұндай тасымалдар тек арнайы рұқсат болған жағдайда ғана жүзеге асырылатыны белгіленді.
Рұқсат етілген салмақтық және (немесе) габариттік параметрлерден асып кеткен жағдайда қозғалысты жалғастыру шарттары, оның ішінде нақты жүріп өткен және алдағы маршрут учаскелері үшін алымдарды төлеу тәртібі нақтыланды.
Арнайы рұқсаттарды беру жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету тетігі жаңартылды — қызмет көрсетілетін тұлғаның тіркелген жері бойынша «электрондық үкімет» порталы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, арнайы рұқсаттардың қолданылу мерзімдері қайта қаралды: 5 сапарға дейін — 45 күнтізбелік күнге дейін, 6-дан 10 сапарға дейін — 90 күнге дейін және одан көп сапарлар үшін — алты айға дейін.
Бұдан бөлек, автокөлік құралдарының рұқсат етілген параметрлеріне өзгерістер енгізілді. Осьтер арасындағы қашықтықтар мен дөңгелек түрлерін ескере отырып, осьтік жүктеме нормалары жаңартылды, сондай-ақ жақын орналасқан осьтер тобы ұғымы және жүктемені бөлу тәртібі енгізілді.
Қабылданған өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етуге және тасымалдау қызметін реттеуді жетілдіруге бағытталған.
Бұйрық 2026 жылғы 25 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.