
2026 жылғы 25 ақпанда Астана қаласында Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің 2025 жылғы қызмет қорытындыларына арналған алқа отырысы өтті.
Алқа отырысы Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрінің төрағалығымен, Комитет басшылығының, құрылымдық бөлімшелер жетекшілерінің және аумақтық көліктік бақылау инспекциялары басшыларының қатысуымен өтті. Отырыста негізгі жұмыс көрсеткіштері, проблемалық мәселелер және инспекциялар қызметінің тиімділігін арттыру шаралары қаралды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша түсімдер жоспарының жоғары орындалу көрсеткішіне қол жеткізілді: белгіленген 15 млрд 46 млн теңге жоспарына қарсы нақты 17 млрд 110 млн теңге қамтамасыз етіліп, жоспар 113,7%-ға орындалды. Техникалық байқау саласында рұқсат беру жүйесіне көшу жүзеге асырылып, операторларға бақылау күшейтілді.
Әкімшілік практика шеңберінде, сондай-ақ тахографтарды пайдалану мен салмақ-габариттік параметрлерді сақтау бағытында құқық бұзушылықтарды анықтау көрсеткіші артқаны атап өтілді. Көліктік бақылау бекеттерінде және кедендік ресімдеу орталықтарында жұмыс жанданды.
Салмақ-габариттік бақылауды автоматтандыру мақсатында ел жолдарында 77 автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылды (44 — республикалық және 33 — жергілікті жолдарда), ал құқықбұзушылықтарды тіркеу мен айыппұлдарды рәсімдеу автоматты режимде адам қатысынсыз жүргізіледі.
Сонымен қатар жекелеген өңірлер бойынша проблемалық мәселелер белгіленді. Қорытындылай келе, аумақтық инспекциялар басшыларына заңнаманың қатаң сақталуын, бейнетіркеу құралдарын міндетті түрде қолдануды және жолаушылар тасымалын бақылауды күшейтуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Отырыс барысында бақылау процестерін цифрландыруға және қызметтің ашықтығын арттыруға арнайы назар аударылды. Комитет көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және отандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғау мақсатында осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастырады.