2025 жылғы 29–30 қазанда Астана қаласында халықаралық автомобиль тасымалы мәселелері жөніндегі Қазақстан–Болгария аралас комиссиясының кезекті отырысы өтті. Қазақстан тарапынан ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, ал Болгария делегациясын Болгария Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің орынбасары Димитър Недялков мырза басқарды.
Болгария Республикасы Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие және Қытайдан Еуропаға жүктерді тасымалдау кезінде транзиттік ел болып табылады. Осыған байланысты тараптар Қытайдан Болгарияға дейін пилоттық автошеру ұйымдастыруға келісті.
Сондай-ақ тараптар Болгария аумағында Қытайдан Еуропалық Одақ елдеріне және ЕО елдерінен Орталық Азия мемлекеттеріне бағытталған жүктерді шоғырландыру мақсатында логистикалық орталықтар салуға инвестиция тарту үшін бизнес-форум ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
Келіссөздер барысында тараптар қағаз түріндегі рұқсат бланкілерін электрондық форматқа көшіру мәселесін талқылады. Сонымен қатар 2025 жылға арналған рұқсат бланкілерін айырбастаудың нақты квотасын және 2026 жылға арналған алдын ала квота мөлшері келісілді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар конструктивті диалог үшін бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан мен Болгария арасындағы автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңыздылығын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды.