Көкшетау қаласының әкімдігінде пәтер иелері кооперативтері (ПИК), мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) және қарапайым серіктестіктер (ҚС) төрағаларының қатысуымен жиналыс өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – көпқабатты тұрғын үйлерді басқару саласында туындап отырған өзекті мәселелерді талқылау болды.
Аталған жиналысқа «Көкшетау қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Саят Туралинов қатысып, қолданыстағы заңнама аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ, басқарушы ұйымдармен бірлесіп шешуді қажет ететін негізгі проблемалық бағыттарды атап өтті.
ПИК, МИБ және ҚС өкілдері ортақ мүлікті күтіп-ұстау, ағымдағы жөндеу, аулаларды абаттандыру және тұрғындармен өзара іс-қимыл мәселелерін көтерді.
Кездесу қорытындысы бойынша Көкшетау қаласының әкімі Ануар Кумпекеев қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамыту маңыздылығын атап өтті:
– Биыл аулаларды абаттандыру, атап айтқанда ішкі аулалық аумақтарды асфальттау жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ, қала көшелерін жөндеу жұмыстары басталды, – деді қала әкімі.
«Көкшетау қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекетік мекемесінің басқарушы ұйымдармен өзара іс-қимылды жалғастырып, тұрғын үй қорын басқару сапасын арттыру мақсатында заң аясында бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді.