«Үздік абаттандырылған және көгалдандырылған аула» конкурсы

«Үздік абаттандырылған және көгалдандырылған аула»  конкурсы

 

«Taza Qazaqstan» бағдарламасы аясында өткізілетін Көкшетау қаласының көппәтерлі тұрғын үйлерінің

«Үздік абаттандырылған және көгалдандырылған аула»

конкурсы туралы

ЕРЕЖЕ

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

  1. Осы Ереже меншік нысанына қарамастан конкурсты өткізу шарттарын айқындайды.

1.1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар көзделеді:

1.2. комиссия – конкурс жеңімпаздарын анықтау үшін қала әкімдігі деңгейінде құрылатын комиссия;

1.3. конкурсқа қатысушы – кондоминиум объектісін басқаруды және техникалық пайдалануды жүзеге асыру үшін құрылған және/немесе тартылған, не жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін, аула және іргелес аумақты күтіп-ұстау қызметтерін көрсететін коммерциялық және/немесе коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды немесе жеке тұлға;

1.4. қарау объектісі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген көппәтерлі тұрғын үй кондоминиумының меншік нысаны (бұдан әрі – кондоминиум), онда пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар, автотұрақ орындары, қоймалар жеке (бөлек) меншікте болады, ал жеке (бөлек) меншікте болмайтын бөліктер көппәтерлі тұрғын үйдің астындағы бірыңғай бөлінбейтін жер учаскесін және (немесе) аула жер учаскесін, қолжетімді инфрақұрылым элементтерін қоса алғанда, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, автотұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелеріне ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болады;

1.5. ғимарат қасбеті – ғимараттың сыртқы алдыңғы жағы;

1.6. іргелес аумақты күтіп-ұстау – бөлінген және іргелес аумақтарда (тиісті шарт болған жағдайда) жүргізілетін, аумақты тазалауға, тазалықта ұстауға, ғимараттар, құрылыстар, шағын сәулет нысандары, қоршаулар мен тосқауылдардың қасбеттерін уақтылы жөндеуге, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес жасыл желектерді күтіп-ұстауға байланысты іс-шаралар кешені;

1.7. көппәтерлі тұрғын үйдің аула жер учаскесі (бұдан әрі – аула жер учаскесі) – көппәтерлі тұрғын үйге іргелес орналасқан және абаттандыруға, көгалдандыруға, спорттық және ойын алаңдарын, кіреберіс жолдарды, автотұрақтарды, тротуарларды, шағын сәулет нысандарын орналастыруға арналған жер учаскесі;

1.8. іргелес аумақ – ғимараттың, құрылыстың, қоршаудың, құрылыс алаңының, сауда, жарнама және заңды немесе жеке тұлғалардың меншігіндегі, иелігіндегі, жалдауындағы немесе балансындағы өзге де объектілердің шекараларына тікелей жанасатын аумақ (периметр бойынша бес метр шегінде);

1.9. шағын сәулет нысандары (ШСН) – өзіндік қарапайым функциялары бар және құрылыс ансамблінің жалпы композициясын толықтыратын қосалқы сәулеттік құрылыстар, жабдықтар және көркемдік-сәндік элементтер;

1.10. тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттандыру объектілері (бұдан әрі – ТҮКШ ақпараттандыру объектілері) – тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер;

1.11. тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттандыру субъектілері (бұдан әрі – ТҮКШ ақпараттандыру субъектілері) – уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту орталығы, табиғи монополия субъектілері, мүлік иелері бірлестіктері, жай серіктестіктер, көппәтерлі тұрғын үйді басқарушылар, басқарушы компаниялар, сервистік қызмет субъектілері, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері және өзге де субъектілер;

1.12. қарау пәні – қарау объектісі және/немесе объектінің бір бөлігі, аула және/немесе іргелес аумақ, оның құрамдас бөлігі немесе жүйесінің компоненті. Бұлар объектінің кез келген қасиеттері, сипаттамалары болуы мүмкін, оларды бағалау парағының критерийлері негізінде қарау, талдау, жүйелеу, олардың жекелеген элементтері арасындағы арақатынасты анықтау жоспарланады;

1.13. қорытынды хаттама – комиссиялардың қарау қорытындылары бойынша тиісті органмен және/немесе тұлғамен келісілген шешім.

2-тарау. Конкурсты өткізу

 

2.1. Конкурсқа Көкшетау қаласындағы кондоминиум объектілерін басқару және/немесе техникалық пайдалану бойынша қызмет көрсету туралы ресми тіркелген және/немесе шарты бар ұйымдар қатысады.

2.2. Конкурсты өткізу және қатысуға өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру Көкшетау қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.

2.3. Конкурс келесі критерийлер бойынша өткізіледі:

«Үздік абаттандырылған және көгалдандырылған аула» — бағаланады:

* аула аумағы мен балалар ойын (спорт) алаңының тиісті санитариялық жағдайда ұсталуы;

* көгалдандырудың болуы және өсімдіктердің әртүрлілігі (гүлзарлар, көгалдар, ағаштар мен бұталар);

* аумақтың тазалығы мен абаттандырылуы;

* үйде кіреберістердің, пәтерлердің нөмірлері, диспетчерлік қызметтердің телефондары көрсетілген тақтайшалардың болуы;

* үй қасбетінің жай-күйі, аула мен кіреберістердің жарамды жарықтандырылуы, кіреберіс есіктерінде және үй қабырғаларында рұқсатсыз ақпарат орналастырудың болмауы, бұл үшін хабарландыру тақтасының болуы;

* пәтер иелерінің шағын сәулет нысандары мен кіреберіс топтарын (подъездерді) сырлау жұмыстарын орындауы;

* көппәтерлі тұрғын үйді жылыту маусымына дайындау;

* халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін инфрақұрылымның қолжетімділігі.

Тұрғындардың өздері жасаған қосымша бірегей абаттандыру элементтері болған жағдайда ең жоғары баға 5 балға ұлғайтылады.*

2.4. Конкурстық комиссияның негізгі функциялары:

* конкурсқа қатысушылардың өтінімдерін қарау;

* конкурсқа қатысу үшін ұсынылған материалдар мен құжаттарды қарау;

* конкурс қорытындыларын шығару.

2.5. Конкурстық комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссия хатшысы өтінімдер мен конкурс материалдарын қабылдауды, оларды жинақтау мен талдауды, комиссия отырыстарына ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады. Комиссия отырысы оның құрамының жартысынан көбі қатысқан жағдайда заңды болып есептеледі. Шешімдер ашық дауыс беру арқылы қатысып отырған комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Комиссия шешімдері барлық комиссия мүшелері қол қоятын хаттамалармен рәсімделеді.

2.6. Конкурсқа қатысу ерікті болып табылады.

2.7. Конкурсқа Көкшетау қаласының көппәтерлі тұрғын үйлерінің тұрғындары және кондоминиум объектілерін басқару органдары қатыса алады.

2.8. Конкурсқа қатысуға өтінімдер 2026 жылғы 20 мамыр мен 29 мамыр аралығында Көкшетау қаласының «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-не электрондық пошта арқылы – (gu_ozho_zhi@akmo.gov.kz) (конкурстық комиссия хатшысына) жолданады. Өтінім осы Ереженің №1 қосымшасына сәйкес нысан бойынша беріледі, сондай-ақ ұсынылатын объектінің кемінде 5 дана фотосуреттері мен бейнематериалдары қоса тіркеледі.

2.9. Конкурс туралы ереже Көкшетау қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

 

3-тарау. Конкурс шарттары

 

3.1. Осы Ереженің №1 қосымшасына сәйкес нысан бойынша конкурстық комиссияға өтінім жолдаған тұлғалар конкурсқа қатысушы болып танылады. Белгіленген мерзімнен кеш ұсынылған материалдар қарауға қабылданбайды.

3.2. Конкурс 2026 жылғы 1 маусымнан 30 маусымға дейін өткізіледі.

 

4-тарау. Қорытынды шығару тәртібі және жеңімпаздарды марапаттау

 

4.1. Конкурс қорытындылары осы Ережеге сәйкес шығарылады.

4.2. Конкурстық комиссия 3.2-тармақта белгіленген мерзімде ұсынылған өтінімдерді қарап, нәтижелерді тіркеу үшін орынға барып тексеру жүргізеді.

4.3. Конкурстық жұмыстар осы Ережеде көрсетілген әрбір критерий бойынша бағаланады.

Әрбір критерий үшін 0-ден 5 балға дейін қойылады.

Комиссияның барлық мүшелері қойған балдардың жиынтығы бойынша ең көп балл жинаған қатысушы конкурс жеңімпазы болып танылады және оған I (бірінші) орын беріледі. Сонымен қатар II (екінші) және III (үшінші) орындар тағайындалады.

3.4. Конкурстық комиссияның шешімі қорытынды хаттамамен рәсімделеді, оған комиссия мүшелерінің кемінде жартысы қол қояды.

3.5. Конкурс қорытындылары туралы ақпарат Көкшетау қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

3.6. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатты іс-шарада өткізіледі. Іс-шараның күні, уақыты және орны туралы жеңімпаздарға қосымша хабарланады. Жүлделі орындар (1, 2, 3 орын) үшін ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар қарастырылған.