Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының отырысы туралы

Қазақстан Республикасы Терроризмге  қарсы орталығының отырысы туралы

24 наурызда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының басшысы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Ермек Сағымбаевтың төрағалығымен Орталықтың отырысы өтті.

Іс-шараға ТҚО құрамына кіретін мемлекеттік огандардың, сондай-ақ Бас прокуратура басшылары қатысты.

Е.А. Сағымбаев жиналысты аша отырып, Қазақстанда соңғы кезде «жалған терроризм» көріністері жиі орын ала бастағандығы, оның саны 2020 жылмен салыстырғанда үш есе өскендігін атап өтті.

Әсіресе анонимді хабарламалар Интернет желісі арқылы жүзеге асырылатындығына ерекше назар аударылды. 

Осыған ұқсас фактілерге қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру мақсатында, ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша ведомствоаралық Іс-шаралар жоспары әзірленді және отырыста бекітілді.

Орта мерзімді жоспарларға Халықаралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту, материалды-техникалық нығайту мен кадрлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ осы саладағы құқықтық нормаларды жетілдіру бойынша шаралар жүйесінің кешенін іске асыру көзделген. 

Отырыста қосымша терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу мақсатында арнаулы және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Жедел іс-шараларды өткізуге жұмылдырылған басшылар мен лауазымды тұлғалардың біліктіліктерін үнемі көтеру,  террористік қылмыстарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру жүргізу бойынша ақпаратпен және тәжірибемен алмасу механизмдерін жетілдіру қажеттілігіне тоқталды.   

 

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі