Қару және жалған шетел валютасының заңсыз айналымының жолын кесуге қатысты

Қару және жалған шетел валютасының заңсыз айналымының жолын кесуге қатысты

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысының аумағында қарудың және жалған шетел валютасының заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған арнайы операция өткізді.

Қылмыстық қару мен жалған АҚШ долларын сатудың жасырын арнасы жұмысын жолға қойған қылмыстық іс-әрекеттің ұйымдастырушысы ұсталды. 

Операция алдында ұзақ уақыт жедел зерделеу жұмысы жүргізіліп, атқыш қару, оқ-дәрі, сонымен қатар жалған америкалық банкноттарды әкелудің тұрақты қылмыстық жүйесі анықталды   және құжаттанды.

Қылмыскерлер жасырыну шараларын қатаң сақтап, заманауи техникалық байланыс құралдарын қолдануы  олардың әрекетін әшкерелеуде қиындық тудырған.

Күдіктінің заңға қайшы әрекеті еліміздің қоғамдық-экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық бизнес жойылды.

Заңсыз айналымнан 4 бірлік қару: «Калашников» автоматының жетілдірілген түрлері, тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықтар, 450 астам оқ-дәрі және аса ірі көлемде жалған АҚШ доллары алынды.

Ұсталған адам қылмысын мойындады және ҚР ҚПК 128-бабы негізінде сот рұқсатымен 2 айға тергеу изоляторына қамалды.

Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.

 

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі