Есірткінің таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар туралы

Есірткінің таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар туралы

Есірткі және психотроптық заттардың таралуына қарсы іс-қимыл шеңберінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі қауіптерінің жолын кесу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін іске асыруда.

Ағымдағы жылдың маусым айында ҰҚК 21 есірткіге қарсы операция, оның ішінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізді.

Есірткі трафигінің 6 халықаралық және 12 өңірлік арнасы жойылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 3 жасырын зертхананың қызметі бейтараптандырылды.

Арнайы операциялар барысында есірткі құрылымының 31 қатысушысы ұсталды. Заңсыз айналымнан 120,6 кг есірткі, оның ішінде 61,8 кг синтетикалық есірткі (206 мың "бір реттік дозаға" баламалы), 6 кг марихуана, 52,7 кг гашиш тәркіленді. Бұдан басқа, психотроптық заттарды дайындауға арналған 6000 экстази таблеткасы және 2 тоннадан астам химиялық реагенттер айналымнан шығарылды.

Маусым айында алынған есірткінің жалпы сомасы "қара нарықта" 1.3 млрд. теңгеден астам бағаланады.

Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар жалғасуда.

 

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі