Есірткінің таралуына жол бермеу шаралары туралы

Есірткінің таралуына жол бермеу шаралары туралы

Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі және психотроптық заттардың таралуына қарсы іс-қимыл шеңберінде осы қауіп-қатердің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтті.

2022 жылғы сәуір мен мамыр айларында ғана ҰҚК Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің арнаулы қызметтерімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, 30-дан аса есірткіге қарсы операция жүргізді.

Есірткі трафигінің 9 халықаралық және 14 өңірлік арнасы жойылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 8 ірі жасырын зертхананың жұмысы тоқтатылды.

Арнайы операциялар барысында есірткі құрылымының 15 қатысушы ұсталды. Заңсыз айналымнан барлығы 223 кг есірткі, оның ішінде: 90 кг синтетикалық есірткі (270 мың «бір реттік мөлшерге» тең), 85.2 кг марихуана, 14 кг апиын, 4 кг гашиш алынды. Бұдан басқа, 800 экстази  таблеткасы, 500 түп «голланд» марихуанасы және психотроптық заттарды дайындауға арналған 4 тонна химиялық реагенттер айналымнан шығарылды.

2 ай ішінде алынған есірткінің «қара нарықтағы» жалпы сомасы 2.3 млрд. теңгеден астамға бағаланып отыр.

Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жалғасуда.

 

ҰҚК баспасөз қызметі