«Набат» арнайы операциясына қатысушыларды марапаттау туралы

«Набат» арнайы операциясына қатысушыларды марапаттау туралы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2021 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасы генерал-лейтенант Кәрім Мәсімов «Набат» операциясына қатысушыларға мемлекеттік наградаларды: 1-дәрежелі «Айбын» орденін запастағы полковник Амангелді Ғаббасұлы Баталовқа, 2-дәрежелі «Айбын» орденін запастағы полковник Анвар Фатихұлы Аблаковқа, запастағы подполковник Серік Кәкімұлы Жұмабековке және Владимир Павлович Калиновскийге, запастағы майор Сергей Владимирович Семеновке және запастағы капитан Асқар Есікбайұлы Медетовке табыс етті.

Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орайластырылды.

Анықтама: 1992 жылғы ақпанда Шымкент қаласында арнайы бөлімше қызметкерлері рейстік автобусты басып алған террористер тобын залалсыздандыру және бейтараптандыру бойынша операция жүргізген болатын.

Операция терроризмге қарсы күрестің классикалық үлгісі болып, "А" қызметінің визиттік карточкасына айналды. Оның бірегейлігі әлемдік тәжірибеде алғаш рет террористер басып алған автобусқа нәтижелі шабуылдың жүзеге асырылуы болды.

1992 жылы жас тәуелсіз республиканың мемлекеттік наградалары болмаған еді және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы бөлімшенің барлық қатысушыларына құрмет грамоталарын тапсырды.

30 жыл өткеннен кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойлық жылында лайықты наградалардың өз батырларын табуының өзіндік мәні бар.

 

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі