ШЕКАРАШЫНЫҢ ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТІ

ШЕКАРАШЫНЫҢ ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТІ

– Құтқарыңдар! 

Кешкі тыныштықты бұзған балалардың дауысына жақын маңда жүргендердің бәрі елең етті. Екі жағаны қосып тұрған көпірдің үстінде әрлі-берлі жүгіріп жүрген қыздар даурыға шулады. Сұқ саусақтарымен судың бетін көрсетті.

 

Тоған жағасында қызара батқан күннің шапағын қызықтап, демалып жүргендердің қатары көп. Бірі итімен кешкі серуенге шықса, бірі бала-шағасымен таза ауада қыдырып жүр. Өзара екі топқа бөлініп, жағажайда волейбол ойынына кіріскендер де бар. 

Сергей Гайдай көмекке шақырғандарға бірінші болып ұмтылды. Бүлдіршіндердің жан ұшырған дауысын естіген ол ұйқысыз өткен кезекшіліктен кейінгі шаршағанын да ұмытып кетті. Келе сала, айдынға секірді. Суға бір сүңгіп шықты да, батып бара жатқан адамға қарай құлаштады. Аяздай қарыған кешкі тоғанның мұздай құшағы алған бетінен қайтара алмады. Тал қармаған жанды аман алып шығуды ғана ойлады. 

Өмір мен өлімнің арасындағы арпалыс үстіндегі әйел адам Сергейдің созған көмек қолын кері итергендей кейіп танытты. Су түбіне батып бара жатқан белгісіз жанның қарсыласқан әрекеті ойлантып тастады. «Мұнысы несі?! Күйзеліске толы тағдырына деген наласы ішіне толған жанның бірі шығар. Жарық дүниенің бір сәттік қиындығынан баз кешті ме екен?! Баянсыз бақыттың құрбанына айналғысы келген бейбақты қалай да жағаға алып шығуым керек!» – деген ойлар Сергейдің басында айналып тұрып алды.  

Бар күшін бойына жинады. Суға батып бара жатқан жанды қолынан сүйрей жөнелуді жоспарлады. Құтқару нысанасына айналған жанға қарай тағы жақындады. Қобдыраған шашы толқынмен таралған келіншектің жанарымен түйіскенде ғана барып, оның тосын әрекетін түсінгендей болды. Әлі құрыған әйел судан қақалып-шашалса да: «құтқар баламды...» деп айтып үлгерген еді.

Сергей де уақытты босқа өткізбеуге тырысты. Кеудесіне ауа толтырған бойда тереңге сүңгіді. Қолын алға созған күйі тоғанның түбіне дейін жүзді. Саусақтарына оралған балдыр­лардан басқа темір-терсектер мен шланг үзінділері ғана ілікті. Су астының салқындығынан денесі тоңази бастады. Уақыт өткен сайын тұншыға бастағанын байқады. Бар қайратын жинап, іздеуді жалғастырды. Қолына әлдебіреудің киімі ілінгендей болды. Жылпып тұрған шүберекті уысына мықтап ұстап алды. Түсінгені, иірімнің төменге тарта жөнелгені тіршілік иесі – төрт-бес жастағы бала. Енді жоғары көтерілейін десе, әлі кетіпті. Оған қоса сол аяғы қозғалуға келмейді. Құрысқанын сезді. Бір қолымен жанталасып тізесінен төмен уқалай бастады. Алға талпынған іс-әрекеті кері кетіп барады. Ілгері жүзем деген ниеті енді жүзеге аспайтындай. Денесі ауырлап, төменге батып бара жатқанын сезді...

Қанша қиналса да өзгеге көмектесем деген райынан қайтуды ойына да алмады. Анасының ақ сүтімен дарыған адамгершілік қасиеті «Барыңды сал да, суға тұншыққандарды аман алып шық!» деп тұрғандай. Санасына сіңген осы бір сөздер бір жағынан бұйрық секілді естілгендей!

Иә, ата-анасынан қанына дарыған тәрбиеде Сергейдің өмірінде осы бір оқиғаның боларын білгендей ме, қалай?! Енді, міне, екі жанның тірі қалуына септігін тигізер сын сағаттың тағдырында орын алып жатқанын көрмейсіз бе? Сөз бен істің адам үшін айырмашылығының арасы жер мен көктей екенін бүгін түсінгендей. Қазірге дейін «Өзге үшін қажет кезде көмек көрсете алмайтын адамды, адам санатына қоспаймын», – деп ойлайтындардың бірі еді ғой... Су түбінде тіршілік үшін болып жатқан күресті жалғастырып әлек. Аяқ-қолдары құрыса бастады. Қолына іліккен баланың киімінен айырылар емес. Шығып кетсе, қайта таба алмайтын сияқты. Шарасыздық жағдайына түскеніне қатты намыстанды. «Анасы мен баласын тұңғиықтан аман-есен шығара алмасам, өзімді өмір бойы кешпеспін» деп, намысын жаныды. Ызаға булықты. Жіпсіз байланған аяқ-қолдарына жан «кіргізуге» тырысты. Кенеттен аяқтарының құрысқаны жазылғанын сезді. Баланың қолынан ұстай сала, жарық жылдамдығымен жоғары көтерілді. Көзді ашып-жұмғанша айдын бетіне бір-ақ шықты.

Екі ортада толқынмен алысқан әйелдің күші де таусылған. Су бетінде аунап түскен күйінде қимылсыз жатыр. Сергей оны шалқасынан аударып, баланы анасының ішіне еппен жатқызды. Тіркемесін сүйреген жүк кемесіндей жағаға тарта жөнелді.

Құрғаққа шыққанда бес жасар Нұрәділ ешқандай қимылсыз жатты. Сергей оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жасанды тыныс алу мен жанама жүрек массажын жасады. Есінен айырылған баланың кірпіктері қозғала бастады. Артынша көзін ашты. Біраз уақыт өткеннен кейін анасы да, баласы да өз-өздеріне толықтай келді.

 Махаббат Жетпісованың айтуынша, баласы тозығы жеткен көпірдің сынған жерін басқан кезде айдынға құлап кетіпті. Анасы жүзу білмесе де суға құлаған ұлының артынан құтқаруға секіріпті. Қиын сәттердің артта қалғанына қуанған ана ішіндегі шаранасының да көрер жарығы бар екенін айтып, көзіне жас алды.

Ерліктің биік үлгісін көрсеткен «Бидайық» (автокөліктік) шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметтік иттердің аға нұсқаушысы қатардағы жауынгер Сергей Гайдайдың әрекетін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаев жоғары бағалап, шекарашыны «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады. Шекара қызметі басшылығының атына Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры әділет генерал-лейтенанты Ерғали Мерзадиновтан Шекара қызметінің жеке құрамын – Отан қорғаушыларды патриоттық рухта тәрбиелегені үшін алғыс хаты келіп түсті.

Қатардағы жауынгер Сергей Гайдай адам өмірін аман алып қалуда көрсеткен батылдығы үшін 2019 жылдың Үздік шекарашысы атанды.