ҚАР ҚҰРСАУЫНДА

ҚАР ҚҰРСАУЫНДА

Елсіз тас жолдың бойында, сайын даланың төсінде алты автокөлік тоқтаусыз жауған қалың қарға батып тұрып қалды.

Боранның құрсауына қолдарында жаңа туған нәрестесі бар жас отбасы да қалып қойып еді. Отағасы сәбиі мен оның анасын перзентханадан шығарып, үйіне әкеле жатқан беті болатын.

Отағасы көлікте отырған күйі өзінің ұялы телефонымен Төтенше жағдайлар министрлігінің өңірдегі бөлімшесімен байланысқан. Алайда құтқарушылар оқиға орнынан тым шалғайда болғандықтан, көмек көрсете алмайтын болды. Сырттағы құтырына соққан боранға қараған күйі жігіт ағасы мұнан әрі не істеу керектігі туралы жанталаса ойланды. Елсіз дала. Ең жақын ауыл оншақты шақырым жерде. Бет қаратпас дүлей боранда қолдағы нәрестемен жаяу жүру мүмкін емес. Ажалға өз аяғыңмен бару дегенді білдіреді.

Табиғаттың дүлей мінезіне тап болып, шарасыз күйге түскен ерлі-зайыптылар суық көліктің ішінде бірнеше сағат бойы тапжылмай отыруға мәжбүр болды. Өйткені қозғалтқыштың зарядын үнемдеу керек еді. Алайда олардың бақытына қарай бұл кезде құтқарушылар шекарашылармен байланысқа шығып, боранда қалып қойған жолаушыларға көмектесулерін сұраған болатын. 

***

Ауа райы түc қайта бұзылып еді. Алдымен аспаннан қар ұшқындары жапалақтай жауды. Алайда батыс­тан соққан жел оларды ұшыртып ала жөнелген. Уақыт өткен сайын күшейе берген боранмен бірге қалың жауған қар да әп-сәтте жердің бетін басып үлгеріп еді. Сол-ақ екен, әуе мен жер бір-бірімен тұтасып кеткендей болды. Сөйтіп, 2021 жылдың 10 наурызында Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында сұрапыл боран басталды.

Мұндайда мүмкіндігінше үйде, жылы жамылғыға оранып, аяқ астынан ашуға мінген ауа райын терезеден бақылаған немесе қызықты кітапты оқығанға не жетсін! Бірақ мұндай кездері де адамдардың кезек күттірмес істері туындап, ауа райының бұзылғанына қарамастан жолға шығып кететіндері болады. 

«Обаған» шекара бөлімшесінің бастығы майор Құрмет Бейсенов өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, жеке құрамға төтенше жағдайларға дайын болуға, ал старшинаға бөлімшенің арнайы техникасы: КЖБТ (көпмақсатты жеңіл брондалған транспортер), трактор, қарда жүргіштерді дайындауға бұйрық берді. Өйткені мынадай қолайсыз ауа райы кезінде кез келген сәтте орын алуы мүмкін төтенше жағдайға тап болған адамдарды құтқаруға бірінші болып аттану керек болады. Себебі орталықтан 30 шақырым жерде жергілікті тұрғындарға шекарашылардан басқа ешкім көмекке келе алмайды.

Офицердің айтқаны айнымай келді.

Түнгі ондардың кезінде шекарашыларға сақылдаған сары аязда қалып қойған адамдар туралы ақпарат келіп түсті.

Қиындыққа тап болған азаматтарға көмектесуге шешім қабылдаған бөлімше бастығы оларға дереу  «Дабыл» тобын жіберді.

Боран да барған сайын дүлейлене түскен. Аяз күшейген. Қарға адым жер көрінбеуге айналған. Бірақ әскери қызметшілерді дүлей боран да тоқтата алмады. Олар бір нәрседен ғана қорыққан – үлгермей қалудан. Өйткені мұндай қақаған аязда үсіп қалуы мүмкін еді.

Аға техник прапорщик Сергей Кещин қар басқан жолдан көз аудармаған күйі астындағы техниканы ұршықша иіріп келеді.

Бұл кезде қаладан қызметтестеріне көмектесу үшін тәуекелге бел буған ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Арман Жұмахметов бастаған шекарашылар да жолға суыт шыққан болатын. Бұдан бөлек, полковниктер Н.Нарбаев пен М.Ерғалиевтер бастаған екі топ та боранда қалып қойғандарға асығып келе жатты.    

Уақыт өтіп жатты, ал қардың құрсауында қалып қойған адамдар әлі көрінер емес. Шекарашыларды зілдей ауыр үнсіздік билеп алып еді. Әрқайсысы нәрестенің өмірі мен оның ата-анасы, басқа жолаушылардың өмірлері үшін уайымдап келе жатқан болатын. Осындайда жол да шет-шегі жоқ, бітпестей болып кетеді, ал боран болса өршеленіп, өзінің дүлей мінезінен қайтар емес. 

Бір кезде шекарашылар қарлы боранның арасынан фардың әлсіз жыпылықтаған жарығын байқап қалды. Сергей Кещин тракторды дереу сол жаққа қарай бұрды.

Көлікті қар басып қалыпты. Жауынгерлерге техниканы қардың астынан шығаруға тура келген. Ақыры көліктің есігін ашып, суықтан әбден тоңып, үміттері үзіле бастаған ерлі-зайыптыны көретін сәт те туды-ау!.. Сонда отағасы дірілдеген дауыспен: «Мен шекарашылардың бізді құтқаратынын білгенмін. Мен сіздердің тауып келетіндеріңізге сендім. Сіздер – нағыз батырсыздар. Рақмет, сіздерге!» – дей берген.

Мұнан кейін шекарашылар жаңа туған нәрестемен бірге жас отбасыны құтырына соққан боранның арасынан алып шығып, өздерінің шекаралық бөлімшелеріне жеткізіп, ыстық шай беріп, бойларын жылытты.

Бақытты жас ата-ана шекарашыларға өздерінің балақайлары қашан өскенше оған жасыл күнқағарлылардың ерліктерін, батылдықтарын айтып беретіндерін қуана айтумен болды. Болашақта олардың ұлдары міндетті түрде шекарашы болады, өйткені оның өмірін Отанының шебінде тұрғандар сақтап қалды емес пе?!

Осылайша, сол түні ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері боранда қалып қойған 22 адамды құтқарған.

Міне, соңы көл-көсір қуанышпен аяқталған оқиға Ұзынкөл ауданының мемлекеттік шекараға жақын аумағында өрбіген болатын.

Иә, шекарашыларды табиғаттың кез келген теперіші тоқтата алмақ емес. Олар жыл он екі ай, тәуліктің кез келген сәтінде қиындыққа тап болған адамдарға көмектесуге дайын екендерін біз айтып берген оқиға арқылы дәлелдеген.