Қатардағы жауынгер Данияр Өнербай гранатаны қолында нық ұстап тұрып, оның сақтандырушы сақинасын жұлып алды. Сосын гранатаны лақтыру үшін оң қолын көтере берді де... күтпеген жерден оны дәл аяғының астына түсіріп алды...
Бұл оқиға 2019 жылдың 19 маусымында болған еді.
ҰҚК Шекара академиясының полигонында шекарашылар сапына көктемде шақырылған жас сарбаздарға арналған оқу-жаттығу сабақтары өтіп жатқан. Сарбаздардың жауынгерлік деңгейін 2027 әскери бөлімі командирінің орынбасары полковник Сергей Смицкихтің өзі бақылап тұрған.
Мақсат – жылдағы қалыптасқан дәстүрмен, жас сарбаздарға граната лақтыруды үйрету.
...Алдымен кадеттер мектебін, сосын ҰҚК Әскери институтын бітірген соң «Шығыс» өңірлік басқармасының Зайсан, Шонжы, Қарасай шекара отрядында өзінің борышын өтеген полковник С.Смицких ел шебінің қай нүктесінде болмасын өзінің нағыз ер екенін таныта білді. 1999–2000 жылдары еліміздің оңтүстік шекарасында бірінші болып туын желбіреткен Сарыағаш шекара отрядының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Сол жылдары шекарашылардың күшімен ашылған шекара комендатуралары мен заставаларында сардардың алақанының табы бар.
Әскери әзірлік барысы әдеттегідей басталған.
Алдымен Алматының арғы бетінен Қаройға ат арылтып жеткен сарбаздар атшаптырым алаңда сапқа тұрғызылып, бүгінгі оқу-жаттығудың жетекшісі полковник С.Смицких жеке құрамға граната лақтыру кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды мықтап тапсырды. Арасында «граната – қолыңа ұстап үйренуге арналған ағаш «ойыншық» емес, сақинасы жұлынған соң-ақ «ысылдап» шыға келетін жылан секілді, шақпай қоймайтын, санаулы секундтың ішінде жарылатынын шегелеп тұрып айтты.
Қаз-қатар тізілген сарбаздардың да алдағы айтулы шараны тағатсыздана күткендері албырт жүздерінен байқалады. Жас ғұмырларындағы алғашқы қадам. Сондықтан қалай болар екен деген қорқыныш та жоқ емес.
Сөйтіп, маңызды сәт те басталды.
Сарбаздар оқу-жаттығу жетекшісі тұрған траншеяға жүгіріп келіп, кезекпен тапсырманы орындауға кіріскен. Қимылдары ширақ, әскери өмірге қалыптасып қалғандары байқалады.
Кенет... Мына қырсықты қарасаңызшы. Кезегі келіп, құлашын керіп, енді лақтыра бергенде қатардағы жауынгер Данияр Өнербай абайсызда қолындағы гранатасын жерге түсіріп алды. Сосын бір орнында қаққан қазықтай қатып қалған...
Ілгегінен ажырап іске қосылған гранатадан сардар да, сарбаз да аман қалмайтыны екі бастан анық. Осының бәрін ойлап үлгерді ме, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз, осы кезде жайдың оғындай атылған полковник жерде жатқан гранатаны алып, лақтырып үлгереді де өзі сарбаздың үстіне құлайды.
Бірақ болары болып, бояуы сіңіп қойып еді... Граната сардар мен сарбаздан небәрі бір жарым метрдей жерде жарылды.
Жарылыстан құлақтары бітіп қалғандай. Айнала төңіректе құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Содан кейін алыстан сарбаздардың шулаған дауыстары мен полк командирінің қобалжулы дауысы талып естілді.
Одан кейінгісін білмейді. Есін әскери госпитальға жеткізіліп, шұғыл жасалған отадан кейін бір-ақ жинады.
Екеуі де ажал аузынан аман қалды. Бұған сардардың үстіндегі бронды кеудешенің де көп көмек тигізгені хақ...
***
Екеуін бір палатаға жатқызды. Отадан кейін тез жазылуға бет алған Данияр өзінің құтқарушысынан шекарадағы қызмет туралы жиі сұрайтын болды, бір жағынан уайымы да жоқ емес... Полигонда болған оқиғадан кейін ол қаруластарынан көп кейіндеп қалды. Ал антты бірге қабылдап, әскери өмірдің алғашқы қиындығын бастарынан бірге өткізген достары туған елінің шетінде қызмет атқаруға ендігі кірісіп те үлгерген болар...
Жігіттің бойындағы жастыққа тән жалынды көріп, Сергей Викторович жарылыстың салдарынан алған ауыр жарақаты жанына қанша батса да, өзінің тағдыршешті тайталастағы қадамына еш өкініп көрген жоқ.
Ол басқаша жасай алуы мүмкін бе еді? Жоқ. Сарбаздарына ерлік сабағын көрсеткен сардардың өзі де бір кездері осы мамандықты жүрегінің қалауымен таңдады емес пе? Өйткені ерлік сабағын осыдан талай жылдар бұрын өзінің әкесі де көрсеткен болатын... Отан алдындағы қызметтік борышын өтеу арқылы...
***
Ол бала кезінен әкесі – Марқакөл аудандық өрт сөндіру қызметінің капитаны Виктор Смицкихқа тәнті болатын әрі мақтан тұтатын.
Әлі есінде, ол ата-анасы жұмыста болған кезде шкафтан әкесінің мерекелік мундирін алып, кеудесіне тағылған «Ерлігі үшін» медалін ұзақ тамашалағанды ұнататын. Бұл медальмен Виктор Андреевич адамдарды өрттен құтқарғаны үшін марапатталған болатын.
Әкесі оның жадында ұзын бойлы, келісті, мейірімді күлкісімен, өз-өзіне сенімді жүрісімен сақталып қалды.
Оның қызметі күн, түн деп бөлінбейтін. Бақытсыздыққа тап болған адамдарды құтқару үшін уақыт талғамайтын... Қажет болса, түн ортасында орнынан тұрып кете беретін...
Сондықтан Виктор Андреевичтің үйде болғаны үйдегілер үшін нағыз мерекеден кем емес еді.
Шілденің сол бір тағдыршешті күні Сергей Викторовичтің әлі есінде. Сынап бағанасы рекордтық көрсеткішке көтерілген аптап ыстықтан тұтанған от таудағы орманды шарпыған...
Таудың ауқымды аумағын құшағына алған өртті ауыздықтауға Күршімнің бүкіл өрт сөндірушілері жұмылдырылды. Олардың ішінде Сергейдің әкесі – өзінің мамандығына жан-тәнімен берілген ержүрек өрт сөндіруші де бар болатын.
Төбесінен шың-жартас түксиген таудың бұралаң-бұрылысы көп соқпақтарының бірімен кетіп бара жатқан ішінде Виктор Андреевич бар өрт сөндірушілердің көлігі еңіске құлап, бірнеше мәрте аударылды.
Осылайша, полковник С.Смицких әкесіз қалды. Өзінің өмірдегі ең басты ақылшысынан айырылды. Әкесінің мамандығына адалдығы, жанқиярлығы мен қайсарлығы ұлына ауысты.
Сергей Викторович жаңылысқан жауынгерді ажалдан құтқарып қалу үшін ауыр соққыны жанкештілікпен өзіне қабылдады. Өзінің тірі қалмауы мүмкін екенін де ойлаған жоқ.
Өзінің офицерлік борышын бәрінен де биік қойған полковниктің батыл қадамын жоғары бағалаған Президент Қ.Тоқаев сардарды І дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.
Енді әкесі секілді шекарашы сардардың да мерекелік мундирінде ерлігі үшін берілген орден жарқырап тұратын болады.
«Әке, сен мені мақтан тұтуыңа болады», – деді офицер өзіне ыстық адаммен ойша сырласып...