ОТАННЫҢ ДАҢҚТЫ ҰЛДАРЫ

ОТАННЫҢ ДАҢҚТЫ ҰЛДАРЫ

Ақтөбедегі терроршылар бандасының шабуылына 5 жыл өтті. ДАИШ-тың насихатшысы Әбу Мұхаммед Әл-Аднанидің бейбіт адамдардың көзін жою туралы үндеуінен рухтанған радикалдар, көп ұзамай-ақ, 2016 жылғы 5 маусымда өлім себу үшін қала көшелеріне шықты. Олардың жолына нағыз батырлар – ҰҚК офицерлері тұрды.

…Әскери қарсы барлау офицері талғарлық Даниэль Майлыбаевты достары, курстастары және әріптестері ашық та жарқын мінезді және еңбекқор азамат ретінде біледі. Ол қашанда отырыстың сәні болатын.

Ол өмірге келмей тұрып-ақ, оның болашақта әскери маман болатындығы шешіліп қойған болатын. Ал басқаша қалай? Өйткені болашақ әкесі – Даниэль Майлыбаев – флотта қызмет етіп жүрген болатын. Отанға адал қызмет ету дегеніміз ол үшін жай сөз емес еді. Сондықтан тұңғыштары Даниэльді және кішкентайы Саянды әкесі Отанды сүюге, қамқор болуға және оған залал келтірілуіне жол бермеуге тәрбиеледі. Сондықтан Даниэль мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы әскери училищеге оқуға түсті, бұл ешкімнің таңданысын тудырмады.

«Ол үшін жай ғана офицер емес, үздік офицер болу маңызды еді», – деп еске алады курстастары мен әріптестері.

Оның бойындағы перфекционизм – қайырымдылықпен, идеялылық – еңбекқорлықпен, жауапкершілікпен, юморды сүю – қатаңдықпен және өзіне деген талапшылдықпен үндесетін.

Оқу бітіргеннен кейін үздіктердің қатарында оның жаңадан құрылған Ішкі әскерлердің Петропавл әскери училищесіне взвод командирі ретінде жіберілуі заңдылық болатын. Болашақ офицерлерді тәрбиелеу және оқыту ісі оған сеніп тапсырылды. Біраз уақыттан кейін, оның қабілетін байқаған басшылық ІІМ Ішкі әскерлері қолбасшылығының Бас басқармасына, жастармен жұмыс бойынша офицер лауазымына тағайындайды. Оның негізгі жұмысы ел аумағындағы әскери бөлімдерге инспекторлық жасау болатын, оның ішінде өзінің курстастары қызмет ететін әскери бөлімдер де кездесіп қалатын. Бірақ қызмет бабында ол бұған ешқандай да мән бермейтін, сапалы жұмысты қатаңдықпен талап ететін.

Ішкі әскерлердегі қауіпсіздікке жетекшілік ететін әскери қарсы барлауға Даниэль Астанадан кейін ауысты. Ол үшін ҰҚК оқу орнында арнайы дайындықтан өтті. Бұдан кейінгі өмір жолы оны Павлодарға, Қаракемерге және Ақтөбеге сүйреді. Барлық жерде кәсіби маман ретінде көріне білді. Осылайша Даниэль  әскери қызметке 20 жыл өмірін арнады.

Сондай-ақ ол адал жар, ақылды әке бола білді. Жұмысбастылығына қарамастан ол отбасына да уақыт табуға тырысатын. Ақтөбеге ауысардың алдында жұбайы Ботакөз екеуі төрт бала тәрбиелеп отырған болатын.

Ал олардың алғашқы кездесуінің өзі жастарға мөлдір махаббат пен сый-құрмет ұсынды. Романтик, әдепті және батыл жігіт Ботаның жоғары оқу орнын бітіруін үш жыл күтті. Одан кейін көптен күткен той өтті.

Жас отағасы отбасының үлкен болғандығын қалады, сондықтан балаларының өмірге келуін құдайдың сыйы ретінде қабылдай білді. Даниэль балаларын көргенде әрдайым солардың деңгейіне дейін тізерлеп отыратын қасиеті айналасындағылардың есінде қалыпты. Оның бұлай істеуі олардың әңгімесін ерекше әсерге бөлейтін – ата-ана деген беделді болуы үшін ең алдымен ашық болуы керек, сонда ғана әке мен бала арасындағы өзара түсіністік нығая түседі.

«Ол тамаша ұл, дос, адал жар және әке бола білді. Барлығына үлгеруге тырысатын. Онда ұшқын бар болатын. Даниэль көп нәрсені істеп үлгеруге тырысты, болашаққа да тамаша жоспарлар құра білді», – деп жұбайы еске алады.

…Сол 2016 жылғы 5 маусымда, Майлыбаев 6655 әскери бөлімінде болғанымен, кезекшілікте емес еді. Сондықтан да оның қолында қару болмады. Қаскүнемдер әскери бөлімнің қақпасын соғып өтуге тырысты, сол кезде атыс басталды, өкінішке орай кейбір әскерилердің масқарасы шығып, штабтағы форточка арқылы қашқандығы шындық. Басқалары батылдықпен шабуылды тойтара білді. Ойланатын уақыт емес еді, Даниэль жалаңаш қолымен кірісті. Қарусыз болғанына қарамастан ұзақ шыдады. Отанға деген махаббат, табандылық, қаһармандық деген осы болса керек.

Батыл қарсы барлаушыны Талғардың қасында жер қойнауына тапсырды.

…Қабірдің басында тұрған қария жыламады. Тағдырын табаламады, ашуланбады, ешкімді сөкпеді. Баласының қысқа ғұмыры мәнді де мағыналы болды. Биік мақсаттар қойып, соларға қол жеткізіп кетті. Әкесінің өсиетіне, идеяларына адал болды. Өмірді сүйді, басқалардың тыныштығы үшін ойланбай өмірін қиды…

Қайтыс болғаннан кейін подполковник атағы берілді. Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Ақтөбе подполковник Майлыбаевтың ерлігін ұмытпайды. 2021 жылы қалада оған және қызмет кезінде қаза тапқан басқа да әскерилердің құрметіне арнап «Мәңгілік сапта» - «Вечно в строю» деген жазуы бар ескерткіш қойылды. Тыныштық үшін өмірін қиғандарды адамдар білумен қатар Отанды сүюдің не екендігін түсінуі тиіс.

…Терроршылар әскери бөлімге шабуыл жасағандағы мақсаттарына жете алмады – автоматтық қаруға қолдары жетпеді, екі адамын жоғалтты.

Қалған банда мүшелерінің ізіне түсу жалғаса берді.

Астанадан әуе бортымен «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің жауынгерлері, Террорға қарсы департаменттің жедел қызметкерлері және Терроризмге қарсы орталық штабының қызметкерлері келді.

Арада бір сағат уақыт өткенде ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаментінде Облыстық жедел штабтың жұмысы жолға қойылды.

ҰҚК жедел қызметкерлерінің белсенді жұмысының нәтижесінде, полиция қызметкерлері ҰҚК арнаулы бөлімшесінің көмегімен, арада 3-4 күн өткенде содырлардың ұсақ топтары анықталып, жойылды. Бірақ қарулы топтың басшысы Д. Таңатаров пен оның жақын сыбайластары суға батып кеткендей болды.

Жаңа шабуылды мазасыздықпен күткен әрбір сағат өтіп жатты, алайда бұл тәулік бойы жүргізілген іздеуді күшейте түсті.

Ақыры, 10 маусым күні түнде Д. Таңатаров және онымен бірге тағы 3 терроршының Некрасов көшесіндегі жалдамалы пәтерге қонуға келгендігі туралы ақпарат түсті. Қателік болуы мүмкін емес еді – шұғыл тексеру алынған мәліметті растады.

Түнгі сағат бірге таяу содырлар келген үй, сонымен бірге қаланың осы ауданы бірнеше қабат «шеңбермен» жабылды.

Облыстық жедел штабта қызу талқылау жүріп жатты. Мәселе төтесінен тұрды: күтпеген соққы факторын қолданып, пәтерді мүмкіндігінше тезірек шабуылдауға бола ма?

Алайда бұл жағдайда 5 қабатты үйдің тұрғындарының өмірі үшін нақты қауіп бар. Түнгі шабуыл кезінде олар өздерін қалай сезінеді, осы жері түсініксіз, өйткені ол үйде балалар да көп. Ал эвакуацияға жоқ дегенде 3-4 сағат уақыт кетеді. Тұмсықтарының астынан адамдарды шығарып жатқан кезде содырлар тып-тыныш қарап тұрар ма екен? Келіссөздерді бастау туралы шешім қабылданды, осылайша терроршылардың қырағылығын басып, әрі уақытты ұту жағы ойластырылды.

Келіссөз жүргізушілер терроршылардың агрессивті көңіл-күйін біршама басып, олар үшін қалыптасқан жағдайдан ойдағыдай шығуға болатындай үміт отын жақты.

Бірақ мұсылмандарды қудалайтындықтары үшін Қазақстан билігін, оның ішінде ҰҚК-ні айыптауды жалғастырды. Сириядағы «жиһадқа» қатысу үшін өздерін жіберу туралы талап қоя бастады. «Азап шегіп өлуге дайын» екендіктерін мәлімдеді.

Кейінірек сараптама мынадай қорытынды шығарды: терроршылар психотропты препараттардың әсерінде болған.

Арнаулы бөлімше жауынгерлері шабуыл жасау үшін өздерінің позицияларына келді.

Күтпеген жерден тағы да 20 минутқа уақытты соза тұру туралы команда келді.

Қарт кісілер мен балалары бар соңғы 3 отбасын шығару керек екен. Міне, штаб баяндап жатыр: эвакуация аяқталды, аталған үйдің барлық 157 адамы қауіпсіз жерде.

Шабуылды бастау туралы команда берілді. «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің қызметкерлері 20 минут бойы қылмыскерлермен жан алысып, жан беріскен ұрыс жүргізді. Одан кейінгі 30 минут үй-жайды «тазалауға» кетті.

Кейінірек, таңертең қалада соңғы үш содыр ұсталды.

Жедел штаб қызметкерлері жұмысты аяқтауға және террорға қарсы операцияның аяқталғандығы туралы соңғы құжатты дайындауға кірісті.

Арада бір сағат өткенде бұл хабарландыру жаңалықтардан берілді. 2016 жылғы 5-15 маусымдағы оқиғалар ұлттық қауіпсіздік органдарының  30 жылдық тарихының бір беті болып қалды.

Арнаулы мақсаттағы бөлімше қызметкерінің естелігінен:

«Жексенбі, 5 маусым күні Астана қаласындағы «А» қызметінің жауынгерлерінің көпшілігі отбасылық тірлікпен жүрген болатын. Сағат 16.00-де күтпеген жерден жауынгерлік дабыл соғылып, содан кейін төрт сағат өткенде мен Ақтөбе көшелерінде жүрдім.

Жауынгерлер мен бронетранспортерлерді тез жеткізуді Президенттің Іс басқармасы қамтамасыз етті, өйткені сол арқылы Қазақстандағы жалғыз Ил-76 ауыр әскери-транспорттық ұшағы жедел түрде бөлінді.

Жігіттердің көпшілігі аяқ астынан келгендіктен, ұшаққа да кім не киіп үлгерді, сонымен отырды. «Рэмбо» есімді жедел жүргізуші БТР-ді ұшақ бортына сланцымен айдап келді. Асыққанымыз соншалықты, Ақтөбе қаласына қонғанша «Рэмбо» БТР-да сол күйі отырды.

Кеше ғана бейбіт өмір сүріп жатқан қала өзгерген, ұрыс қимылдары аймағына ұқсайды. Көшелерге полициялық бекеттер қойылған.

Маған ұсынылған құрғақ статистикада былай жазылған еді: «... 2016 жылғы 5 маусымда радикалдар бандасы қару-жарақ сататын екі дүкенді тонап, 17 қаруды алып кетті, бағыттағы автобусты басып алып, әскери бөлімнен қару-жарақ тонауға тырысты.

Сатушы, дүкенге келуші, күзетші, Ұлттық ұланның үш қызметкері қайтыс болды. Бір күзетші, дүкенге келуші, үш полиция қызметкері және Ұлттық ұланның алты қызметкері жараланды.

Полиция он екісін жойды, үшеуі жараланған және ұсталды.

Басқа жасырынып жүргендердің жеке бастары анықталды, оларды іздестіру және залалсыздандыру бойынша күшейтілген шаралар қабылдануда...»

Айтпақшы, қылмыскерлер айдап кеткен патрульдік машинаны бір тәуліктен кейін Ақтөбеде демалыста жүрген «А» қызметінің қызметкері табады.

Өміріне төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан, ол әлгі машинаның соңынан аңдып, блокпостқа қылмыскерлер мінген машинаның жақындап келе жатқандығын хабарлап үлгереді. Осы кезде ұрланған «Нива» бекетке келіп, машинадан оқ атылады.

Демалыста жүрген жігітімізге арнаулы бөлімше жауынгерінің тәжірибесінің көп пайдасы тиді, ол кезекші нарядты ескертіп, олардың баррикадаға жасырынуын қамтамасыз етті.

Дабыл бойынша келген топ машинаны және бекеттен таяқ тастам жерде жатқан оның жүргізушісін көрді. Қылмыскерлерге қашып кетудің сәті түсті.

Ақтөбенің бос көшелерін күндіз-түні қуатты және арнаулы бөлімшелер күшейтілген түрде тексерді. Іздеу жұмыстары екі күн бойына жалғасты.

Ақыр соңында жедел қызметкерлер салынып жатқан көппәтерлі «Нұрсити Ақтөбе» зәулім үйлерінің бірінен күдікті адамдардың байқалғанын хабарлады.

8 көппәтерлі зәулім үйдің құрылысы жүріп жатқан жер жан-жағынан қоршалды, босағаларының есіктері әлі орнатылмаған екі үйден қылмыскерлерді іздестіру басталды.

Жанды қажытатын көпсағаттық іздеу жалғасты, терроршылар кез келген жайға жасырынуы мүмкін еді, сондықтан өте жоғары сақтық шаралары талап етілді. Метрден метрді қуалаған барлаушылар тобы жоғары көтеріле бастады. Соңғы қабаттың терезесі арқылы көрші үйдің терезесіндегі қозғалыс байқалды.

Радиоэфирге бірден хабар жіберілді: «Үйдің ақ жағындағы жоғарғы қабатта қозғалыс бар. …Соңғы қабатты қараймыз…». Көрші үйдің 9-қабатынан адамдардың сұлбасы көрінді.

Аталған үйдің төртінші қабатында жаңа ғана тамған қанның іздері байқалды, жоғары қарай бастайтын секілді. Сегізінші қабаттан «Аллах акбар!» деген дауыстар естіле бастады. Экстремистердің сонда екендігіне еш күмән болмады.

Пәтердің босағасына құрылыс қоқыстарынан баррикада жасапты. Өз еріктерімен берілу және келіссөздер жүргізу туралы талаптарына қылмыскерлер оқпен жауап берді. Оқ-дәрі иісі шаңмен араласты.

Жауынгерлер қаймықпады, командирдің «Тигізіп атыңдар!» деген бұйрығынан соң, көп жылдар оларды неге үйретті, олар сол үйренгендерін орындап шықты. Қылмыскерлерге ешқандай жол қалмады.

Шатырдан мергендік қарудың гүрс еткен дыбысы естіліп, ол өзінің нысанасына дәл тиді – терезеден жарылғышты лақтырмақшы болған терроршы құлап түсті.

Осы бір секундтың ширегіндей уақытта баспалдақ қоршауларынан қарғыған топ баррикададан өтіп, қылмыскерлерді жайпап тастады, олардың төртеуі қаза тауып, екеуі жараланды.

«Объект тазаланды… зардап шеккен жауынгерлер жоқ… қалған жаңа құрылыстарды тексеруге кірісеміз…», – деп топ басшысы баяндады.

Тағы да іздестіру басталды. Арада үш тәулік өткенде, сағат түнгі үште Ақтөбе қаласының орталығындағы Некрасов көшесіндегі бес қабатты үйдің пәтерінде радикалды топтың іздеуде жүрген мүшелерінің, оның ішінде топ басшысының тығылып жатқандығы туралы ақпарат келіп түсті.

Штабтағы жұмыс тағы да қайнап сала берді. Штаб мүшелеріне өкім берген командирлер түскен ақпаратты талқылай бастады. Мен шаршағанымды сезіндім, бірақ олардың барынша жинақы жүргендерін көріп, бойыма күш құйылғандай болды, өйткені олар келгелі бері тіпті ұйықтаған жоқ еді.

Жедел ақпаратқа қарағанда, барлық қылмыскерлер әртүрлі атыс қаруларымен қаруланған, оның ішінде үш бірдей мергендер винтовкасы бар көрінеді.

Олар бір ғана мақсатты көздеп, яғни өздерімен «көбірек адам ала кетуді» ойлап, қиян-кескі қарсылық көрсетуге дайын еді…

Тапсырманы орындауға үш бірдей ұстау тобы аттанды.

Қылмыскерлердің екінші қабаттағы пәтерде жасырынып жатқандығын білген соң, шабуылды жоғарғы қабаттағы пәтерден бастау ұйғарылды. Еденде жасалған тесік арқылы жауынгерлер терроршыларға граната лақтыра бастады. Осы мезгілде арнайы топ БТР-дың қолдауымен пәтердің терезесін гранатометпен атқылады. Пәтерді ыстау «жұмысы» өзінің жемісін берді, терроршылар амалсыздан терезеге жақындады, осы кезде оларды мергендер атып өлтірді».