ТАРПАҢ МІНЕЗДІ ТАРБАҒАТАЙ ТАУЫНДА

ТАРПАҢ МІНЕЗДІ ТАРБАҒАТАЙ ТАУЫНДА

Кеш қарайып үлгерген шақта «Қызыл» шекара заставасына шұғыл хабар келіп түсті. Тарбағатай тауының ішіндегі Асусай ауылының екі мектеп оқушысы жоғалып кеткен. Бірі – тоғыз жасар Рахат, екіншісі – он жастағы Расул. Балаларды алдымен жергілікті тұрғындар өз күштерімен іздеп көрген. Бірақ жер астына түсіп кеткендей, аяқ астынан жоғалған қос ұлдың дерегі шықпаған.

Рахаттың әкесінен келген жайсыз хабар офицерді мазалады. «Дабыл» тобын көтеріп, балаларды іздеуді бірден ұйымдастырады. Оған сөз жоқ. Тек қана...

Застава бастығы терезеден қараңғылық тұмшалап алған сыртқы дүниеге үңілді. Білуінше, балалардың тауға қарай бет алғанын ауылдағы қарадомалақтардың біреуі көрген секілді. Әрине, шекарашылар тау ішінің әрбір соқпағы мен сайын біледі. Бірақ тауға апаратын соқпақ біреу емес. Оның үстіне жергілікті ел «теріс азу» атайтын қасқыр да биыл көп болып тұр.

Офицер жұмыс үстеліндегі телефонның тұтқасын қайыра көтеріп, шекаралық комендатураның бастығымен байланысқа шығып, төтенше оқиға туралы баяндады.

Байланыстың екінші жағындағы сардар ойланған болуы керек, үнсіз қалды, сосын:

– Былай, аға лейтенант, іздеуге екі топ ұйымдастырылсын. Бірінші топты балақайлар айтқан жаққа аттандыр. Ол жақта қыстау бар... Екінші топ ауылдың маңын сүзіп шықсын. Сәуір болса да Тарбағатайдың мінезі тарпаң екенін білесің, қапы қалмайық. Ең бастысы, балалар табылғанша іздеу тоқтамасын. Әр жарты сағат сайын менімен байланысқа шығатын бол. Түсіндің бе?

– Құп болады! Түсінікті!

– Іске кіріс!

Аяқ астынан азынап қоя берген «Қаруға!» үні заставаның ішін әрлі-­берлі жүгіріске толтырып жіберген. Дәл қазір минут емес, әрбір секундтың өзі алтынан бетер қымбат.

Тау ішіндегі қыстауды бетке алған топты шекара бөлімшесінің бастығы аға лейтенант Данияр Ғұсмановтың өзі басқарды. Топтың құрамына аға сержант Дәурен Мұхаметбеков, ефрейтор Ержан Мұстафин және қызмет итінің аға нұсқаушысы сержант Болат Абдрахманов өзінің иісшіл иті Гаспен бірге кірген болатын.

Өкініштісі, қыстауда балалар болмай шықты. Әзірге шекарашы ит те із таба алар емес. Асусай ауылының маңайын шолуға кіріскен топтан да әзірге қуантарлық хабар түспеген...

Әлден соң қараңғылықпен бірге желде соғып, жаңбыр себезгілей жөнелген. Бас сауғалар ықтасыны жоқ таудың биігінде жаңбыр астында қалу қауіпті.

Алыстан созалаңдаған үнмен бірге қасқырдың ұлығаны естілді.

«Қайда? Қайда кетуі мүмкін?» Бұл – топ басшысын ғана емес, қалған шекарашыларды да қинағаны хақ еді.

Тауға кетіп, дәл қазір мына суық жел мен жаңбырдан қашамыз деп қайсы шатқалға түсіп кетті екен? Асусайдың қай тұста екенін, өздері келген жолдың қай тұста қалғанын білмей, таудың кеудесін басқан қай ағашының түбінде тұр екенсіңдер, балақайлар? 

Офицер желді де, себезгілеген жаңбырды да елемеген күйі жолдарына кездескен кезекті төбенің биігіне қайта көтеріліп, екінші топпен байланысқа шықты. Алайда тағы да көңіл қуантарлық хабар жоқ. Демек балалар әлі де осы таудың ішінде...

Аға лейтенант сәл ойланып тұрды да өзінің тобына қол шамдарын қосып, сайдың бойымен тізбектеліп жүруді және балаларды аттарымен дауыстап шақыруды бұйырды.

Күшейе түскен жел де шекарашылардың тез қозғалуына кедергі келтіріп баққан.

Данияр шамды қолындағы сағаттың бетіне түсірді. Уақыт түнгі бірге жақындап қалыпты. Осы кезде қасқырдың ұлыған дауысы тіпті жақын маңнан естілді. Бірақ шекарашылардың қарумен жүргендерін сезіп, жақындауға қорқатын секілді...

Кенет топтағы шекарашылардың бірі алыстан әлдекімнің көмек сұрап айғайлаған дауысын естіп қалды. Шекара наряды дереу дауыс шыққан жаққа қарай ұмтылды.

Біраздан кейін барып шекара наряды ашық алаңда әбден тоңғаннан бір-біріне тығылған күйі жерде отыр­ған екі баланың үстінен түсті.

Балаларды көріп шекарашылар, оларды көріп қос балақай қатты қуанды. Тіпті шекарашы ит Гас та «қуанғанынан» құйрығын бұлғаңдатқан күйі өзінің жұп-жұмсақ тілімен балалардың бетінен жалап үлгерген...

Сол арада екі бала да шекарашы ағаларының ыстық мейірімдеріне бөленіп қана қойған жоқ. Әскерилердің суық өткізбейтін қалың күрткелеріне оранған балақайлар сәлден соң-ақ өздерінің жел мен жаңбырдың астында қалып, қатты тоңғандарын естерінен шығарып, шекарашы ағаларымен бірге міндет атқарып жүргендей көңілдері орнықты.

Заставаға оралып, балаларды тамақтандырған соң аға лейтенант Данияр Ғұсманов олардың ата-аналарымен хабарласып, сүйінші хабарды жеткізді. Иә, шынында да бұл аяқ астынан балалары жоғалып, уайымға батқан ата-аналар ғана емес, туған еліміздің бейбіт тынысына құлақтарын төсейтін шекарашылар үшін де жүрекжарды қуаныш болатын.

Осыдан кейін ғана барып заставаның асханасына қайта оралған офицер бұл кезде жылынып та, қарындарын да тойдырып үлгерген балаларды сөзге тартты:

– Ал, Расул, Рахат, ауылдан неге алысқа шығандап кеттіңдер?

Өйткені шекарашылар балаларды ауылдан шалғай 20 шақырымдай жерден тапқан еді.

Сол екен, жаңа ғана қуаныштан көздері жайнап отырған екі баланың бастары салбырап сала берді.

– Біз Қызылащыдағы қыстауда отыр­ған ағама барғымыз келген. Ата-аналарымызға айтпағанымыз, барамыз да келеміз деп ойладық. Бірақ, қараңғы түсіп кетті де, біз жолдан адасып қалдық, – деді алдымен жауап берген Расул.

Міне, осылайша «саяхатшылардың» тау ішіне жасаған жорығы да сәтті аяқталған. Біраздан кейін ата-­аналары да жетіп, ұлдарымен қауышып, мәре-сәре болды.

Артынан ауыл әкімі шекарашыларды ауыл тұрғындарына көрсеткен көмектері үшін алғыс грамотасымен марапаттады.

***

 Еліміздің шығысындағы қазақ-қытай шекарасында тұрған «Майқапшағай», «Өрел», «Алексеевка» шекара бөлімшелерінің қабырғалары өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қаланған болатын. Ал «Қызыл» шекара бөлімшесі Ұлы Отан соғысынан кейін 1947 жылы ашылғанымен, көне заставалардың бірінен саналады.

Қызылдық шекарашылар осы жылдардың ішінде өздерінің жанқиярлық еңбегімен шекараның қазақ-қытай учаскесін сенімді қорғау ісіне елеулі үлес қосты.

Бүгінде бөлімшенің ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, ішіне шекарашылардың қалыпты қызмет атқаруларына қажетті барлық жағдай жасалған.  

Застава Тарбағатай тауларында орналасқан. Теңіз деңгейінен 2150 метр биіктікте. Бұл жерлерде климат өте қатал. Жел үнемі соғып тұрады, жазда аптап ыстық, ал қыста биіктігі бес метрге дейін қар жауады.

Шекараның қорғалатын учаскесінің ұзындығы 20 шақырымнан асады. Қыс­та қардың қалың жауып, шектен тыс көп болуына байланысты асуларға апаратын жолдар жаз ортасына дейін жабық болады. Жылдың осындай уақытында шекара сызығына жету өте қиын. Жолға кейде он екі сағатқа дейін уақыт кетеді. Есесіне жаз мезгілінде жол жүру екі есе қысқарады.

Шекара бөлімшесінің аумағында жазғы жайылым – жайлау бар. Киіз үйлер тігіліп, күздің аяқталар кезіне дейін малшылар отбасыларымен тұрады. Олардың әрқайсысы мемлекеттік шекараны қорғауға белсене көмектеседі.

Шекара бөлімшесінің тарихын ақтаратын болсақ, осыдан талай жылдар бұрын мұнда шекарашылардың күн мен түнге жалғасқан қызметтері қауырт болғанын білеміз. Көрші елдің аумағынан біздің жерімізге жаңа өмір іздеп, шекара асқандар көп болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында екі елдің арасында саяси жағдай тұрақталып, достық қарым-қатынас орнаған.

Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында шекараның осы учаскесінде барымташылық жиілеп кетті. Іргелес аудандардың тұрғындары көрші мемлекеттен мал ұрлады. Бірақ шекарашылар барымташылықтың және шекараны заңсыз кесіп өтудің барлық әрекетін тоқтатты. Шекарада тыныштық орнады.

Бүгінгі таңда, негізінен тамыр қазушылар шекараны кесіп өтеді. Олар ауа райын таңдамайды. Қытайдың тамыр жинаушылары – тәжірибелі ізшілдер, кәнігі аңшылар. Олар айлакер, ақылды. Мұндай «қонақтардың» қылмыстық ниетін дәлелдеу оңай емес. Әдетте, олар өздерінің адасқандарын айтып, кішігірім айыппұл төлеумен құтылып кетуге тырысады. Бірақ шекарашылар да осал емес. Өзіне бекітілген аумақтың әрбір сай-саласы мен тау жолдарын жақсы біледі. Өздерінің міндеттерін жетік меңгерген. Аса ауыр учаскелерді шекаралық барлау-іздеу топтары күзетеді.

Осылайша, біздің шекарашылар шығыстан көтерілген күнді бірінші қарсы алып келеді. Бұл шекарашылардың қызметі күн мен түнге жалғасатынын көрсетеді.