«Сырым» шекаралық бақылау бөлімінің арнайы қызметтік иттер нұсқаушысы келісімшарт қызметінің аға сержанты Вадим Ишкулов та өзге әріптестері секілді әйелінің қоңырауына қуанышты, бірақ қосағының өз ойын қысқа да нұсқа жеткізгенін қалайды – қызмет осылай үйреткен: айтар сөзі нақты болуға тиіс!
Аға сержанттың жұмыс кестесі бір сағаттан кейін аяқталды. Дәл осы сәтте ұялы телефоны да шырылдай жөнелген. Бұл – сүйіктісі еді, қоңырау шалып жатқан.
– Сәлем! Қалайсың? – тұтқаның арғы жағынан сүйіктісінің назданған дауысы естілді.
– Сәлем! Не болды? – Вадим қашандағы әдетімен жарының көтеріңкі көңіл күйін елемеген қалып танытып.
– Ештеңе, жай...
– Кешір, сенімен жайдан-жай сөйлесе алмаймын.
– Міне, қашанда осылай, менімен сөйлескің келмейді, – деп әйелі енді ренжуге көшкен.
– Біраздан кейін барамын, сонда сөйлесеміз. Көріскенше...
– Тоқта, тоқта... Жолай дүкеннен нан ала салшы...
– Құп болады... – сөзді қысқасынан қайырған шекарашы дисплейдегі батырманы басты.
Үйде оны жанға жайлы жылылық пен тыныштық күтіп тұрған – шекарашының өмірлік таңдаған жары оның нағыз жауынгер құрбысы болатын. Тек кейде Вадимді дүкенге нан алуға жұмсайтыны болмаса... Бұған біздің шекарашы ренжіген емес, әйелдерімізге көмектесу керек, олардың жұмыстары шаш-етектен, тіпті күні-түні қызметтен қолдары босамайтын күйеулерінен де асып жығылуы мүмкін деген пікірде.
– Вадик, кезекшілігіңді бітірдің ғой? – шаңырағының шаттығы әңгімені алыстан орағытып бастады.
– Аха! – тамағын аяқтап үлгерген Ишкулов келісті, бірақ іші қылп ете қалды, қазір дереу бірдеңе істемесе құпиялары ашылады, сосын жоспарланған балық аулау да көзден бұл-бұл ұшты дей бер...
– Есіңде ме, мен саған өтініп ем ғой...
«Басталды!» деп әйелдердің шет-шегі жоқ, бітпейтін әңгімесі туралы ойлады. Әйелінің дәлелінше, күйеуі демалыс күнін бүтіндей және толық мұның өзіне арнауға тиіс. Мұндайда сүйіктісінің қатып қалған қағидасы бар: «Сен баяғыда уәде бергенсің». «Демек керілдесудің пайдасы жоқ, түсіндіру – екі бастан, бірақ әзірге келіспеймін. Мүмкін ертең жаңбыр басталатын шығар, онда әйелінің жоспары бұзылды дей бер. Есесіне, балық аулау – жаңбырда да рақат!»
Тәуліктік кезекшіліктен қатты шаршаған аға сержант осы оймен ұйқыға кетті...
***
Таңертең ерте аяқ астынан шар ете қалған телефонның даусынан кейін енді қайтып ұйықтау мүмкін емес.
– Тыңдап тұрмын! – деп бірден жауап қатты, кімнің соғып тұрғанын білу үшін дисплейіне қарамаған Вадим.
– Бұл – шекара отряды бойынша жедел кезекші, – деп өзін таныстырды желінің арғы жағындағы. – Қызмет бөлімі бастығының нұсқауымен тез арада нарядқа түсесіз. Бір сағаттан кейін нұсқаулықтан өтуге тиіссіз!
– Құп болады! Дәл солай! – деп ойланбай айта салған Вадим мұндайда демалыс дегеннің көзден бұл-бұл ұшқанын, тіпті сенің «...мен жаңа ғана қызметтен келдім» деген уәжің де жедел кезекшіні қызықтырмайтын жақсы білетін.
Көңіл күйі бірден түсіп сала берген, өйткені осы сәт ұйқыдағы әйелі де тынышсызданып қозғалақтай бастаған, қазір «кім қоңырау шалды?» деп сұрайтыны белгілі. Күткеніндей:
– Кім ол, Вадик, не керек? – деді ұйқылы-ояу дауыспен.
– Әскери бөлімде «Дабыл». Асқан маңыздылықпен өтірік айтты күйеуі. Жүгіру керек!
«Жүгіру керек» – деп өзін-өзі қайрады шекарашы. – Әйтпесе бастықтың алдында қызарып тұруға тура келеді. Әйтсе де мені не үшін шақырды екен?..»
Соңғы сұрақтың жауабын шешіп үлгермеген қалпы есіктен асығып шыға берген Вадим әйелінің артынан: «Тамақтануды ұмытпа, бутерброд қалтаңда!» дегенін естіп, еріксіз күліп жіберді.
Айт-айтпа, мұның әйелден жолы болған...
***
– Келісімшарт қызметінің аға сержанты Ишкулов бақылау-өткізу пунткі бойынша кезекшілікті қабылдап алды! – деп баяндады Вадим телефон арқылы өзінің тікелей бастығына.
Сөйтсе, Вадимге аяқ астынан ауырып қалған әріптесін алмастыруға тура келіпті.
Қайтерсің, мұндай-мұндай болып тұрады, бірінші мәрте емес. Тек әйелін аяйды. Бірақ қызметте достық жоқ!
Иесін көріп арсалаңдап қуанған Найданы жетектеген Вадим бақылау-өткізу пунктінің бақылаушыларына арналған бөлмесінен шықты.
Күн шуағын аямай төгіп тұрды.
«Жаңбыр жаумайтын сияқты. Демек балық аулауға бәрібір бара алмайтын едім», – деп демалысы зая кеткен шекарашы өзін жұбатты...
Қиялға шомып тұрған Вадимнің ойын аға ауысымшының дауысы бұзды:
– Әзірге сенің тексеретін көлігің жоқ, сондықтан жаңа келгендер қызметтерін қалай атқарып жатқанын тексер!
– Құп болады!
Бақылау-өткізу пунктінің барлық бақылаушысы өздерінің міндеттерін жетік біледі. Олар әдеттегідей құжаттарды тексеріп, автөліктерді бақылаудан өткізіп жатты, ауысымнан бос кездерінде аумақты тәртіпке келтіретін. Өйткені бақылау-өткізу пункті – мемлекет келбеті, алдыңғы шеп, сондықтан ол кіршіксіз таза болуға тиіс.
Өткізу пунктінде бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан шекарашылар уақыт өткен сайын кәсіби тәжірибе жинап қана қоймайды, нағыз шекара бұзушыны дәл табу үшін адамдармен жұмыс істеуді үйренеді.
Осындайда көпшілігінің жан дүниесінде қызметке деген қарым-қатынастары құдды бір шекарашылар туралы танымал әннің жолдарындағы «…далёко, далёко отсюда наш дом, и все-таки он начинается здесь» секілді болып келеді. Ал өзінің туған үйінде адамға бәрі қымбат және барлығын да сақтауға тиіс...
Айтпақшы әрбір шекарашы, сөз жоқ, бәрі-бәрі жағынан ерекшеленіп тұруға тиіс. Дегенмен, шекара шебіне, әсіресе бақылау пункттеріне ішкі түйсіктері жоғары, қарапайым тілмен айтқанда, сезгіштігі мықты дамығандар аса қажет-ақ. Міне дәл осындай қасиет Ишкуловқа берілген.
...«КамАЗ» шлагбаумға жайымен келіп маңдай тіреді. Көлікті әдетінше тексеруге кіріскен Вадимнің көңіл түкпірінде бірден күдік пайда болды. Жағымсыз бір нәрсені сезетін секілді. Ол автокөлікті толық тексеріп шықты, енді қалғаны жүргізушіге: «Сау болыңыз, жолыңыз болсын!» дегенді айтып, алға қарай өткізіп жіберуі керек еді. Бірақ шекарашының мұны істеуіне жан дүниесіндегі бірдеңе кедергі келтіре берген...
– Қалай, командир, мен кете берейін бе? – деді тексеру кезінде көлігінің қасынан бір метр де алыстап кетпеген орта жастағы, аласа бойлы, ақсары шашты көтеріңкі үнмен.
– Тағы бірнеше минут шыдаңыз... Сонымен сіз Ресейге бара жатырмын дейсіз бе?
– Иә...
– Айтуларынша, бізге қарағанда ол жақта жанармай қымбатырақ көрінеді, сіз неге багіңізді толтырмадыңыз?
Вадим бұл сұрақты неге қойғанын өзі де түсінген жоқ. Кенет ол ақсары шашты ер адамның ашулана жұтынып, ернін жымқырып алғанын байқады. Ал осыған дейін ол әрбір сұраққа қысқа жауап беретін, тіпті ілікпе сөзге дейін назарынан тыс қалдырмауға тырысатын: «аха», «иә», «жоқ» деп.
Ишкулов бір секундқа қатқан күйі жүргізушінің көзіне тесіле қарады. Анау назарын бірден төмен түсірді.
– Кәне, Найда, жанармай багін көрейік, – деді ол клиенттен көзін алмаған күйі.
Жүргізушіні құрғақ жөтел қысты...
Аға сержанттың түйсігі алдамады, мына көлікке қатысты бірдеңе бар. Бірақ не? Қайда?
«Мен жанармай туралы әңгіме бастаған кезде менің «қамқорлығымдағы» әбігерленіп, жөтеліп шыға келді, тағы да дәл жанармай туралы сөз болғанда – деп ойға батты Вадим. – Демек, бірдеңе дұрыс емес?.. Ә, міне – жанармай багы пісірілген, өзгертілген... жіктері бар... зауытта бұлай жасалмайды, рабайсыз істелген іс, асыққандары бірден байқалып тұр...»
...Жанармай багін ашқан кезде ішінен скочтпен мұқият оралған бірнеше пакет шықты. Ал жасалған сараптама мұндағы ақ ұнтақтың героин екенін көрсетті. Өзінің салмағы да осал емес: 118 келі!
– Ал, батыр, – деді аға ауысымшы «мереке иесіне», – марапат күте бер, «аулаған балығың» аз емес!
«Міне, саған бензобактағы «балық аулау», – деп ойлады жан дүниесі қуаныштан атой салып жатқан аға сержант.
Көтеріңкі көңіл күй қызметте қуат береді, ерлік жасаған сайын жасай бергің келеді. Бірақ көпті көргендер айтпақшы: соғыс соғыспен, ал түскі ас кесте бойынша.
***
Темекі тартатын орынға – Вадим жағаны кеңге салатын күркеге келген кезінде көңілді «Вася Теркин» «патшалық шекараны» күзету кезінен қалған күлкілі әңгімені бітіруге таяпты:
- Сонымен бір сарыауыз қызды таңғалдыру үшін оған хатында:
«... қазір түскі асымды ішіп алайын, сосын барлауға шығып, тағы бір-екі тыңшыны ұстаймын» деп жазатын көрінеді.
Іштерінен біреу қарқылдады, қалғандары тек жымиды да қойды – осынау мерзімді қызметтің «батырлық» нұсқасын шекарашылардың көбі өздерінің шекаралық шеберліктерін шыңдаған оқу пунктінен бері жақсы білетін. Осы кезде жандарына келген Вадимді көріп:
– Ал қалай, «КамАЗдарды» «ақтарушы», түскі астан кейін тағы да жау элементін ұстауға әлің келмей ме? – деп күлдіргіш бас-көз жоқ қойып қалды.
Әзіл сәтті шықты, бұл жолы барлығы бірдей қарқылдай жөнелді...
Ең таңғаларлық оқиға осынау шуақты күні түстен кейін бір-екі сағаттан соң болған.
– Капитан мырза, капитан мырза! – деді аға сержант шұғыл баяндауға жіберген қатардағы шекарашы жүгіріп келе жатқан беті айғайлап.
– Не болып қалды? Өрт пе? Жанып жатырмыз ба?
– Капитан мырза, – демін әзер алған сарбаз офицерге әскери тәртіппен жүгінді. – Ана жақта, аға сержант мырза, осы...
– Неменеге «осылайлап» тұрсың? Қайдағы сержант?
– Аға...
– Тегі?
– Ишкулов. Ишкулов мені сізге жіберді...
– Сарбаз былай болсын. Кәне дұрыстап айт...
– Ол тағы да...
– Немене тағы да?
– «КамАЗдан» тағы бірнәрсе тапты. Алып шыққан кезде Найда секірді...
Капитан кілт бұрылды да, тексеру алаңына қарай тартып кетті. Артынан бағыныштысы әрең ілесіп барады...
Оқиғаға егжей-тегжейлі тоқталып жатпаймыз, айтарымыз: «Вася Теркин» айтқан әзіл әңгіме шындыққа айналды. Ишкулов шекарадан 26 келі апиын шикізатын жасырын өткізбекші болған тағы бір автокөліктің жүргізушісін құрықтады.
Мынадай ірі көлемдегі тәркілеуден кейін аға сержант «Мемлекеттік шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен марапатталды.
***
...Кезекшілік аяқталуға жақын. Аға сержант Ишкулов өзінің баянатында есірткіні қалай тәркілегенін, қай жерде және құпия орындардың белгілерін қалай тапқанын егжей-тегжейлі жазды. Алдағы уақытта барлық бақылаушы
«КамАЗ» жүк көлігінің ерекшеліктерін және алып өтудің айла-тәсілдерін білулері үшін.
Ол қолын қойып бола бергенде...
– Алло, Вадик, сен бүгін кешікпей келесің бе? – тұтқаның ар жағынан әйелінің жүрекке жетер жылы сөзі естілді...