Біреудің өмірі тұрақты әрі бірқалыпты жайлы өтеді, бұл аяқ астынан қиындық туғанда өзін сын тезінен өткізуге мүмкіндік бермейді. Ал біреуді тағдыр үнемі сынға салады. Дархан үшін ақиқат сәті оның қаруласы қылмыскердің нысанасына айналған сәтте туды. Дарханның автомат ұстаған қолы дірілдеген жоқ...
Тамыз айының кештерінің бірінде Жаркент қаласынан жүретін ескілеу «Икарус» автобусына отырған шекарашы сарбаз ертең өзінің туған Ұзынағашының көшесімен ширақ жүру үшін мүмкіндігінше ұйқысын қандырып алуды ойлады. Өзімен бірге мінген жолаушылар да Сайран автобекетіне дейінгі жолды ұйқымен қысқартуды шешкен сыңайлы, оның үстіне автобусқа жайғасып үлгергендер үшін дәл қазір түнгі сұқбаттан гөрі көз шырымын алған қолайлы еді. Бұл – қатардағы жауынгер Ботабаевтың көңілінен шықты, өйткені өзінің басынан кешірген соңғы оқиғаны қызығушылық танытқан қаншама адамға айтып берді, енді соның орнын ұйқымен толтырғысы келген.
Ештеңені ұмытпағанына көзін тағы бір жеткізгісі келіп, құжаттары, темекісі мен оттығын және бірнеше жүз теңгесі салынған қалтасын сыртынан сипалап көріп, орнында екенін білген соң көңілі жайланған Дархан өзіне тиесілі орындыққа жайғасты.
Сонымен жолға шықты. Дарханның сапарлас көршілері бірінен соң бірі ұйқы патшалығына сүңгіп жатты, біреуі жай ғана тыныс алса, екіншісі қорылға басқан, тіпті автобустың шуылын да елейтін емес.
Оңтүстікте ымырт тез үйіріледі, ал оның артынан келе жатқан түн бәрін жылы әрі өте тығыз қараңғылықпен қымтап жауып тастады. Бір жердегі түн – қаракөк, ал мұнда ол қазанның түп күйесі секілді қап-қара, сондықтан тұнық емес. Анда-санда қарсы келген көліктердің жарқыраған фарлары автобустың ішін бір сәт жап-жарық қылып жалап өте шығады. Сосын қайтадан қараңғылықтың құшағына енеді, бұл көлеңкелер театры келгенге дейін жалғасады.
Өзінің шаршағанын сезсе де, қас қылғандай ұйқы да келе қоймады. Соңғы уақыттағы басынан кешірген оқиғалары Дарханның көзінің алдынан қайта тізбектеліп өте берген. Ол келіп қалған ой түйдектері мен оқиға тізбектерінен бас тартпады. Бәрі де бір-бірлеп сырғып өтіп жатыр...
Ботабаевтардың отбасында Дархан үлкені болатын. Мектеп, үй шаруашылығында ата-анасына көмектесу, екі інісі мен қарындастарының тәрбиесі де ауыл баласының күні бойғы уақытын алатын. Баланың аты бала. Кейде көңілінің алай-дүлей болатыны бар. Бірақ жастар үшін мүмкін емес нәрсе болмайды. Дархан да көрші балалар секілді ойнауға, көңіл сергітуге уақыт табатын. Жаз күндері қой-сиырлар өзеннің жағасында су ішіп жатқан сәтті пайдаланып, өзі де суға бір-екі рет сүңгіп алған соң жер-дүниені өзінің нұрымен қыздыруға кіріскен күннің астында жата кететін. Бірақ өз бетінше жайылып кетуге дайын тұратын малды да көзінен таса қылмайтын. Жастық шағының осынау тәтті шақтарын еске алу қандай тамаша. Қазір тамыз, ертең үйде болады, балалық шағының өзеніне қайта түсу неткен рақат десеңші! Мүмкін, сәті де түсіп қалар. Бейнебір өзімен-өзі сөйлесіп отырып, бірден байлам жасады. Балалық жасауға болмайды, кіші інісі Жалғастың алдында ыңғайсыз. «Дәке, саған әскерде нені үйретті? Өзгермепсің ғой!..» – десе қайтеді.
Ол есейіп кеткен болар? Осы көктемде тағы бір інісі Думан Шекара қызметіне шақырылды. Онымен өз тәжірибесімен бөліспегені өкінішті. Қызылордадағы қызметі қалай өтіп жатыр екен?
Оң жағында отырған толық денелі апай ұйқылы қалпы басын мұның иығына қойды. Шекарашының күш пен қуатқа толы иығы оған жайлы көрінген болуы керек, рақаттанып ұйықтай бастады. Осы оймен романның бірнеше бетін ақтарғандай Дархан келесі көрініске көшті.
2000 жылдың күзінде Ботабаевтардың үйінің есігін қаққан бейтаныс жас жігіт мұның қолына мөрі бар қағазды ұсынып тұрып, көріп шыққан болсаң қол қойып бер деп өтінді. Дархан бірден түсінді, бұл – әскер қатарына шақырту.
Медициналық тексерудің қорытындысы бойынша жарамды деп танылғанына қарамастан, өзін дәл қазір әскерге шақырмайтынын білгенде көңілі бірден түсіп кетті. «Ауданға берілген тапсырыс көп емес, қалашықта әлі әскерде қызмет етпеген жасы үлкендер бар. Сондықтан сен әзірге резервте бола тұрасың», – деді әскери комиссариаттың шашына ақ кірген офицері қуланған көзбен.
– Аға! Бәрібір әскерге барамын ғой, ендеше 25-27 жасымда емес, мені қазір жіберіңіз, – деп жас жігіт әскери басшыны көндіруге тырысты.
– «Аға» емес, жолдас капитан, – деп кесіп тастады офицер қазақ тілінде, осымен сөз біттіні аңғартып.
Бір шетелдік көлік анық қарама-қарсы жолаққа шығуы мұң екен, үсті-үстіне сигнал берген қалпы автобус жүрісін баяулатып барып, жолдың жиегіне тоқтады. Әлгі жеңіл көлік бірден бағытын бұрып өз жолына түсіп, жүрісін дұрыстап, автобустың қасынан жанай зу ете қалды. Сонда ғана көңілі тынышталған сарбаз ой теңізіне қайта сүңгіп, 2001 жылдың мамырына оралды.
Анасы Сәуле өзінің көз жасын жасыра алмады. Әкесі диірменші Жұмабай қатты мазасызданды, үйдегі жағдайды түсінген қарындастары да үрпиісіп қалды. Осы кезде қайдан естігендерін кім білсін, көршілер де бас сұққан. Сол-ақ екен үйдің іші қайтадан жайнап шыға келгендей болды. Үлкендер жағы ағыл-тегіл ақтарылып, әңгіме айтуға кіріскен, ал әлгінде ғана үрпиіскен қарындастары енді алаңсыз ойынның қызығына беріліпті.
Ал мұның себебі белгілі. Дархан әскерге шақырылды. Мұның үйдегілер үшін аспаннан түскендей болғаны өз алдына, әсіресе соңғы кездері әскер туралы телевизордан, газеттен не айтылып, не жазылмады? Әлсін-әлі анасы солқылдап жылаған қалпы: «Неге? Не үшін?», – дей берді. Бірақ Жұмабай өзінің қашаннан бергі қаталдығына басып, әйелінің сөзін бөліп жіберді: «Үндеме, анасы! Балаң соғысқа бара жатқан жоқ қой!». Ал өзі жасаураған жанарын жасыра берген...
Алматыға бара жатқан жолда, облыстық әскери комиссариатта Дархан өзінің туған үйімен қоштасқан сәтті қайта-қайта есіне алумен болды. Дегенмен мұндай күйге түскен жалғыз ол емес еді. Жүзге жуық шақырылушылар өздерін көңілсіз сезінген. Олардың арасынан тек бірнешеуі ғана өздерін батыл көрсетуге тырысып, жол бойы ешкімге пайдасы жоқ кеңес берумен болған алайда өздері де Дархан секілді «Мамыр-2001» атты шақырылымның «сарыауыз балапандары» болатын.
Бәрінен де ең қорқыныштысы алдағы белгісіздік, сенімсіздік. Бұл жағдай неғұрлым созылған сайын соғұрлым кеудеңді қысып, жаныңды жаралай түседі. Бағдар, нұсқаудан жаңылып, жүріс-тұрыс, іс-әрекетіңнен береке кетеді. Әскерге шақырылушы Ботабаев та өзінің жас ғұмырында осындай сезімді тұңғыш рет басынан кешірді, тек бұл соңғысы емес еді.
Ал сол күні үйреншікті сұрақтарды тез-тез қойып шыққан жасыл күнқағарлы офицер қобалжулы бозбалалардың арасынан өзінің командасына шамамен 40-қа жуық адамды жинады. Сосын сапқа тұрғызып, қайта түгендеді де қазіргідей, бірақ кері бағытқа жүретін автобусқа мінгізді.
Темекі шеккісі келді. Жолға шыққандарына бір сағаттай өтті. Аялдайтын кез де алыс емес.
Терең ойдың құшағына қайта сүңгіді.
Мамыр айында Жаркент ерекше құлпырады. Гүлдеген бақтар, жаңғақ аллеялары. Таң атқанша бұлбұлдар сайрайды. Осынау сұлулықтың барлығы тек әскерге жаңа шақырылғандарға емес. Олардың бұған қарауға уақыттары да жоқ. Оқу бөлімшесі лирикаға аз уақыт бөледі. Таңғы ояну, жылдам тамақтанып үлгеру үшін қаласаң да, қаламасаң да команда бойынша алдыңа қойылғанды тезірек жұту (анаңа өзің сүйіп жейтін тамақты тапсыруға болар еді, әскерде олай еркелей алмайсың). Сосын сабақ, сабақ, сабақ. Жексенбіде ғана демалыс, тек бұл аты ғана, бұл күні істейтін шаруа шаш-етектен, демалуға уақыт жоқ. Тағы сержанттар да сені назарларынан қағыс қалдырмайды: «Бар, кіріңді жу! Формаңды үтікте!». Бейнебір сенің үстіңдегі әскери киімің де дәл бір жексенбі күні кірлеп, болмаса умаждалып шыға келетіндей. Сөз жоқ, қарындастары Мәдина болсын, Алина болсын, барлық киімін 20 минуттың ішінде жуып, екі-үш сағаттан кейін кептіріп те, үтіктеп те үлгерген болар еді. Ал мұнда бұған өзіңнің жарты күніңді кетіресің. Ертең тағы да дүйсенбі, тағы сабақтан соң сабақ. Сол кезде бұл жұмыстардың шет-шегі жоқ, бітпейтіндей көрінген. Алайда жарты жыл, тағы да жарты жыл қызмет атқару – шекара өмірінің барлығы 180 рет ұйқыға жату, 180 рет ояну. Ал олардың арасындағы үзілісте жауынгерлік оқудың арқанша шұбатылған сағаттары. Осының барлығы бір ғана «оқу» үшін ұйымдастырылған.
Кезекті аялдамада өзінің өмірінде көргені көп «Икарус» ұзақ тұрған жоқ. Жолаушыларды мінгізіп алды да он минуттан соң қайтадан жолға шықты. Осының өзі темекі шегуге және естеліктерден сәл алыстауға жетіп жатыр еді.
«Тамыз болса да түн салқын», – деп ойлады Дархан өзінің орнына қайта жайғасып, біраз жылынған соң. Осыдан кейін бейнебір бос кеңістікке түсіп кеткендей, бірден ұйқыға шомды.
Алайда түс көру де сол операның жалғасындай болып еді. Оқу бөлімшесінен кейін коменданттық ротаға жіберілген ол ертеңіне-ақ нарядқа – күндізгі кезекшілікке түсті. Бір күннен кейін тағы да. Осылайша, уақыт тоқтаусыз сырғып жатты. Нарядтардың арасындағы үзілістерде жас, бірақ салмақты сарбаз өзін шекараға жіберуін қайталап сұраудан танбады. «Жолдас командир, мені заставаға жіберіңізші, нағыз шекараны көргім келеді!».Алайда бұл өтініштен гөрі талапқа көбірек келетін. Қазір Дархан сол сәтте өзінің қандай рөл атқарғанын білмейді, оның табандылығы ма, әлде бір жағдай қалыптасты ма, бірақ оны мандаттық комиссияның алдына шақырды да, ұйғарым бойынша Алматы облысының Жамбыл ауданынан келген жас жігіт келесі күні Жетісудың Швейцариядан кем емес дерлік ең көрікті жерлерінің бірінде орналасқан шекаралық постқа аттанды.
Бұл – қызмет емес, курорт. Сөйтсе, мұнда да қызмет бар екен. Келісімшарт қызметінің старшинасы Николай Мамасуев өздерінің қатарларын жаңадан толықтырған қатардағы жауынгерлер Ғ.Қуандықов пен Д.Ботабаевқа көп сұрақ қойды, осы арқылы, Ғанидің арнаулы білімі болмаса да тамаша аспаз екені, ал Дарханның бала кезінен аттың құлағында ойнап өскені белгілі болды. «Текелі» шекара постына бірге келген қос жігіт те уақыт өте келе араларынан қыл өтпес достарға айналған. Осылайша, наурызда танысқан олар маусым айында бір-бірінің жансарайын өздері ғана біліп, өздері ғана ұғып, әңгімелеріне ұйып, іркілмей күліп, бір-бірімен сырласып отыратын болды.
Маусым. Таудың жолдары тек маусым айында ғана ашылады. Әдетте қалааралық автобус жүргізушілерінің жол бойына тоқтап, тамақтанатын сүйікті дәмхана немесе асханалары бар. Мұндағы қалыптасқан дәстүр бойынша олар тегін тамақтанады, өйткені өзі әкеле жатқан жолаушылардың ішінен асханаға кіріп тамақтануға ықылас білдіретіндер аз болмайды. Оның үстіне, ас мәзірінің қауіпсіздігіне дастарқанның басына еркін жайғасқан жүргізушінің өзі-ақ кепіл болмай ма?
Дархан да дәстүрді өзгерткісі келмеді. Отыра бергеннен ұйып қалған аяқтарын ширатпақ болып, бір-екі жаттығу жасаған соң ішке кірген ол ақшасын үнемдеу үшін шай мен тандыр нанға ғана тапсырыс берді. Шай керемет, хош иісі бар еді. Ботабаев ештеңе туралы ойламай, өзінің бар назарын жанға жағымды шай ішу рәсіміне аударған. Осы кезде жастықтың ауылынан алыстаған жүргізушінің:
– Ал, сарбаз, бағанадан бері өзіңді бақылап келемін, неге екенін, құс ұйқылысың? – деген дауысы шекарашының ойын бұзды. Тамыз айы әскерден қайтатын уақыт емес. Әскерді тастап кеткен жоқсың ба?
– Жоқ, аға. Алматыға демалысқа бара жатырмын. Ұйқым келмейтіні, өзімнің демалысымды ұйқымен өткіземін бе деп қорқамын, – деп әзілдеді Дархан.
– Ләйла, – деді оның сұхбаттасы даяшыға қарап, – сарбазға өзіңнің дәмді лағманыңды әкелші.
Содан кейін ол Дарханға: «Арақ ішкің келе ме, сарбаз», – деп қулана қарады.
– Рахмет. Болмайды. Мен спортшымын, күреспен айналысамын.
– Онда дұрыс екен. Ендеше лағманды жеп ал. Мұндай тағамды жолдан қайтып кездестірмейсің. Ақша үшін уайымдама, мен де бір кездері қызмет атқарғанмын. Ха-ха, осыдан 29 жыл бұрын. «ДМБ-73». Жеп ал, ұялма!
Дархан алғыс білдірді де, алдына келген лағманды шанышқысымен айналдырып орай бастады. Кеспе шынында да өте дәмді болатын. Көптен бері жеп отырғаны осы. Ләйла бармағынан бал тамған аспазшы екен.
Бірнеше минуттан соң кешкі ас немесе таң алдындағы ас ішілді. Осыдан кейін жолаушылар автобустың алдына жинала бастады. Жолға шығар алдында темекі тартып, сапарласымен сөйлескен соң сарбаз өзінің орнына жайғасты. Енді өзінің міндетті түрде ұйықтайтынына сенді.
Жолаушылардың түгел мініп болғанына көз жеткізген соң жүргізуші салонның жарығын сөндіріп, автобусты оталдырды. Сенімді болу үшін бірнеше мәрте сигнал берген жүргізуші нағыз дұңған кеспесін жасай алатын жерден біртіндеп ұзап бара жатты.
Ұйқысы келмеді. Дархан бәрін ұмыту үшін мыңға дейін санап көрген, ақыры болмаған соң ол ермегін де қойды.
Биылғы жылдың маусымы жаңбырлы болды. Жаңбырлы және салқын. Бұл жазықтағы жағдай. Ал теңіз деңгейінен биікте тұрған тау жаңбырлы, салқын ғана емес, мұнда тіпті жаздың ортасында суық пен қар түсуі бек мүмкін.
Алайда ешкім қызметті өзгерткен жоқ. Қатардағы жауынгер
Ботабаев (айтпақшы, жалғыз мерзімді қызметтің сарбазы) прапорщик Олгажбеков пен жол бастаушы әрі жүргізуші-қызметші Мақсұтовтың тобында тауға аттанды. Берілген тапсырма жауапты әрі күрделі: таудың биігіндегі постқа ауыр жүк теңделген тоғыз атты жеткізу.
Тауға сапардың басы ешқандай қауіпті сездірген жоқ. Төменде даусы күншілік жерге жетердей болып, арқыраған өзен аунап ағып жатыр. Таудың іші алабөтен құлпырып тұр. Уақыты жетіп немесе көктем шыға арыны күшейетін өзендердің долы күшіне шыдас бермей, тамырымен опырылып түсетін қарағайлар мен мәңгі жасыл шыршалардың түбіртектері ғана осы сұлулықты сәл бұзып тұрғандай.
Шекаралық поста ең мықты саналатын екі атбегінің арасында біраздан бері ешкім жарияламаған жарыс өтіп келе жатқан. Олардың бірі әрине Дархан, ал екіншісі – қатардағы жауынгер Бақытжан Жәңгіров. Екеуіне тең келер ешкім жоқ. Екеуі де мықты. Егер де бұл жолы командир аға лейтенант Евгений Коляда барлығын таразылай келіп, өзінің таңдауын Ботабаевқа бұрса, онда бұл ештеңені білдірмейтін, бар болғаны ол өзіне көрсетілген сенімді ақтай білуі керек еді.
Ал бұл кезде біртіндеп тарыла берген шатқалдың саз-балшықты, шағыл тасты жолдары мықты тағаланған аттарға да, шекарашыларға да ауырлау тиді. Тұяқтары тастарға тиіп, тайғанаған сайын үркіп осқырынған аттарды ұстау барған сайын қиындай түсті. Бір кезде дымқыл қар жауа бастады, біраздан кейін аттар да, шекарашылар да малмаңдай су болды.
Міне, саған жаз.
Айдың астында ештеңе мәңгілік емес. Ауыр жағдайда, бірақ бәрібір осынау жүз жиырма шақырымдық жол еңсерілді. Пост бастығы қателескен жоқ, яғни қатардағы жауынгер Ботабаев сенімді ақтады. Десе де, осы үш күннің ішінде табиғаттың сын тезінен өтуге тура келген сәттер аз болған жоқ еді. Алайда бәрі артта қалды. Есесіне, осы сапардан айтарлықтай өмірлік тәжірибе жинады. Ал өмір деген ұзақ емес пе, демек Текелінің тауынан алған білімі бір кездері қажетке жарайтыны хақ.
Оларды бөлімшеде ыстық моншамен бірге емдік шөптерден тұндырылған шай күтіп тұрды. Мұнда халық медицинасы туралы жақсы біледі, сондықтан ешкім тіпті суық тиіп ауырған да жоқ.
Шекара бөлімшесінің әдеттегі қызметі. Кезекші, сақшы, атқорада тәуліктік нарядқа түсу, бақылау посты.
Әрине, бала күнінен аттың құлағында ойнап өскен Дарханға атқорада кезекшілікке түскен ұнайды. Әсіресе ол осынау ақылды, сенің мейіріміңді сезгіш жануарларды жайылымға шығарғанды жақсы көреді. Тау баурайындағы белуардан келетін шалғында танау жарғандай бір хош иіс бар. Ауада үп еткен жел жоқ. Шекарашы аттар оқта-текте құйрықтарын сабалап, пысқырынып қояды. Шөпті бырт-бырт жұлып, алаңсыз. Осынау көрініс Дарханның көкірегін қуанышқа толтырғаны сонша, бір сәт балалығы ұстап, сайын даланың төсінде алаңсыз жүгіргісі келіп кетеді. Бірақ оның орнына ол бітік өскен шөптің үстіне құлай кетіп, ақша бұлттар жүзген аспанға қарап жатады. Рақат! Осының бәрі өзінің туған үйінен алыста болып жатқанына тіптен сенгісі жоқ. Өйткені ана жақта, Ұзынағашта да дәл осындай!
...12 тамыз, таңғы 8.00-де қатардағы жауынгер Д.Ботабаев кестеге сәйкес, бөлімшеде күндізгі кезекшілікке түсті. Шекарашылардың тау ішіндегі күнделікті өмірі де әдеттегідей басталған. Ауа шыныдай мөлдір, таңғы тұнық ауаны қанша сімірсең де шөлің қанбастай. Тек осының барлығы қауіпті тыныштық екенін ешкім сезбеген...
Шекаралық бақылау мұнарасында тұрған қатардағы жауынгер Ерлан Мұқановтың да көңілі осыған ұқсас еді. Алайда сарбаз өзінің қызметтік міндетін де бір сәтке естен шығармаған...
Таң алдында көзі ілініп кеткен ол жүргізушінің айғайынан оянды: «Ей, шекарашы! Келдік, Сайран!».
Дархан өзінің ұйықтап қалғанына ұялғандай, автобустан жылдам түсті. Тек осы сәтте барып, өзінің алдағы жоспарды ойластырмағанын есіне алды. Тағы да автобуспен 50 шақырымды селкілдеп басып өткісі жоқ, ал жаңа автобекеттен ол жаққа такси жүре ме, жоқ па, ол жағын білмейді. Әйткенмен, қазіргідей нарық заманында таксилердің болмауы мүмкін емес деген шешімге келген ол сәттілікке сенді. Тек қана қымбат сұрамаса болғаны. Алдымен табу керек, содан кейін саудаласа жатар. Тек өзінің үстіндегі шекарашының формасы таксишілермен төмен жолақыға келісу кезінде аздап ыңғайсыз күйге түсірген...
Нарықтың аты – нарық. Келісім тез-ақ жасалған. Енді өзі секілді тағы бір жолаушы табылса болғаны, әрі қарай туған үйінің қақпасына барып маңдай тірейтін сәт те алыс емес. Шіркін, қасына өзі танитын адам отырса ғой, қандай тамаша болар еді. Жерлестерімен кездесер сәтті тағатсыздана тосып тұр. Бірақ ұзынағаштықтар таңертең көбіне-көп Алматыға шығады. Ал кешке керісінше. Сондықтан Дарханның ауылына баратын адам жуық маңда табыла қоймады. Барған сайын жер-дүниені қыздыра түскен күн де «Ауди-100» көлігінің терезесін тесіп жіберердей күйдіріп барады. Жігітті ұйқы шақырып, есіней бастады. Дархан да аса қарсыласа қойған жоқ еді...
Түсінде ол көздері өшпенділікке толы адамның жүзіне тура қарады. Бұл – Дарханның өміріндегі осымен екінші кездесу еді. Алайда Талдықорғандағы қуатты құлыптарының дауысы салдыр-гүлдір естілетін түрменің түнерген қабырғасында болған бетпе-бет кездесудегі тікенді көздер өткендегідей қорқынышқа толы емес...
Артқы есік сарт етіп жабылды. «Үйде тоңазытқышыңды жауып-ашып, көрмеп пе ең?», – деді артына жалт қараған жүргізуші ашулы жүзбен. Сосын бейнебір Дарханның алдында ақталғысы келгендей: «Толық жиылдық, жолға шығуға рұқсат етіңіз?» – деп қулана күлді. Сарбаз күлімсіреген қалпы басын изеді.
Такси жүргізушісін жас жігіттің бойына құйып қойғандай қона кеткен әскери формасы қызықтырған болу керек:
– Қалай, інішек, демалыс па? – деп сұрады.
– Иә, он күнге үйге келе жатырмын.
– Шекарашы?
– Дәл солай!
– Жарайсың!
Осыдан кейін жүргізуші біразға дейін үнсіз қалды. Тек он минуттан кейін әңгіме ауанын қайта жаңғыртты.
– Ол жақта қалай қазір? Тамақтары дұрыс па?
Дархан күліп жіберді: «Ой, сіздер не, бір-бірлеріңізбен келісіп алғандай сұрайсыздар, қалай тамақтандыратыны менен көрініп тұрған жоқ па?»
Тағы да үнсіздік орнады.
– Ал сен қайда қызмет атқарасың, інішек?
– Текеліде.
– Жақында радиодан ол жақта қарулы топтың ұсталғанын естідім. Рас па?
– Топ емес, қаруы бар қашқынды.
– Соны сен емес пе ұстаған?
– Иә, ұстағандардың ішінде мен де бармын. Өйткені шекараның бойындағы тыныштық кейде алдамшы болып келеді.
«Аудидің» иесі шекарашыға риза көзбен қарады. Осыны байқаған Дарханға жүргізушінің есіне салуға тура келді:
– Аға, сіз жолға қараңызшы, әйтпесе мен үйге жете алмай қалып жүрермін. Маған он күннен кейін шекараға оралу керек.
– Қанеки, батыр, бізге оқиға қалай болғанын айтып берші.
– Қайдағы батырлық. Ал қаруласым Серега Насоновты нағыз батыр деп айтуға болады! Оған анасы келді, ал ол сейілде болғанына қарамастан «Дабыл» тобымен бірге сапқа тұрды, сосын старшина оны өзінің бұйрығымен қайтадан сейілге жіберді.
– Оқиға қалай болып еді өзі?
– Ерлан Мұқанов мұнарадан жалғыз келе жатқан қарулы адамды көріп, бірден маған телефон арқылы хабарлады, сол сәт мен кезекші едім. Соның алдында ғана бізге Талдықорғандағы әскери бөлімдердің бірінен бір сарбаздың автоматымен қашып кеткені туралы ақпаратты жеткізген болатын. Тек сол сәт ол біздің жаққа келеді деп ойлаған жоқпыз, бірақ сонда да сақ болуға тырыстық.
– Сонда не үшін қашқан?
– Кім білген оны? Негізі түсініксіз біреу. Өмірінде жағырафиялық картаны көрмеген болуы керек, қолға түскен кезде бізге өзінің үйіне Теміртауға бара жатқанын айтты. Ал Теміртау қайда, біз қайда?..
Салонның ішін тағы да үнсіздік жайлады. Сәлден соң Дарханның сұхбаттасы қайта оянғандай:
– Осы-ақ па? Содан кейін не болды, айтсаңшы, – деп қазбалай жөнелді.
– Мұқанов маған жеткізді, ал мен әрі қарай жауапты офицерге, ол «Қаруға» пәрменін берді. Қалғаны түсінікті... Қарулы қашқынды ұстадық.
– Ой, сен де бір. Міне, үйіңе жетіп те қалдық, ал сен не болғанын айтқың келмейді.
Шынында да бұл кезде олар қаладан алыстап үлгерген болатын.
– Не айтатыны бар? «Дабыл» тобы мүлтіксіз жұмыс істеді. Екеумізді қырағылық пен шапшаңдығымыз үшін марапаттап, үйге он күнге демалыс берді. Мен қайтып оралған соң Ерлан өзінің үй ішімен қауышады. Болған-біткені осы.
Сұхбаттасына осылай дегенімен, Дарханды 12 тамыздағы ҰҚК Шекара қызметіне танымал еткен оқиға қайтадан көз алдына келіп тұра қалған.
Сол жолы өзі спортшы, өз ісінің нағыз майталманы келісімшарт қызметінің старшинасы Николай Мамасуев қашқынды іздеу және құрықтау үшін «Дабыл» тобын төрт бағытқа бөлді. Дархан өзінің аумағын сүзіп келе жатып, қашып бара жатқан адамды бірінші болып көрді. «Тоқта! Қаруыңды таста! Тоқта, атамын!» – деп бірден қашқынның соңына түскен шекарашы айғай салды. Оның күркіреп шыққан дауысын қашқын да, біздікілер де естіді. Старшина жігіттермен бірге дауыс шыққан жаққа жеткенше асықты. Ал «әуесқой саяхатшы» иығынан автоматын ала салып, құлағын қайырып, ұңғысына оқ жіберді. Бірақ көздер-көздеместен, қоян секілді қалың тал-шіліктің арасына зытты. Дархан көмектің келгенін күтіп жатпады. Өзінің «нысанада» екеніне де қарамастан, қашқынның соңынан түсті. Ол бұл аймақты өзінің бес саусағындай білетін, сондықтан қашқынмен бетпе-бет кездесу үшін көзімен ұрымтал тұстарды іздеді. Ол тез ой жүгіртіп, көздеген жерін тапты. Бір төбенің басына шыққаны сол еді, Дархан оның су арнасының тік жағасында жасырынып жатқанын көрді. Қорғаныс үшін таптырмайтын жер, өзіне жақындап келе жатқан «Дабыл» тобын көздеуге де қолайлы екені көрініп тұр. Тек, тыл жақтан мысықша ұрланып жақындаған Ботабаев бір секундтан кейін өзінің бауырларына, өзі секілді сарбаздарға, туған елінің шекарасын қырағы күзетіп жүрген өз Отанының адал ұлдарына қару кезеген қылмыскерді үстінен басты. Сосын қазақша күрестің әдісін қолданған ол ендігі сәтте қашқынды қарусыздандырып та үлгерген. Көп ұзамай көмекке біздің шекарашылар да жеткен. Ал 30 минуттан кейін «Текелі» шекара постына Қорғаныс министрлігінің мобильді күштерінің қолбасшысы келді.
– Мен қылмыскерді ұстаған нағыз ердің қолын қысқым келеді, – деді ол күлімсіреп.
Міне, осы жерде Дархан сәл жүрексінді. Оңай ма, генералдың өзі оған қол ұсынып тұр, бірақ достары артынан итерді, шық алға. Амал жоқ, ұяла-ұяла саптан шықты. «Бұл мен едім...» Қолбасшы қайсар жігітке алғыс айтып, қолын қысты. Ал келесі күні қатардағы жауынгер Д.Ботабаевқа корпусында: «Қолбасшыдан – Дарханға естелікке» деген әдемі жазуы бар командирлік сағат табыс етілді.
Әрі қарай марапат та көп күттірген жоқ. Әскери бөлім командирінің атынан он күндік демалыс, Шекара қызметі директорының алғысы, ҰҚК Төрағасының грамотасы және медаль.
Батыр жігітті туған үйінің қақпасына дейін жеткізіп салған такси жүргізушісі біздің шекарашымызбен жылы қоштасты. Қуанышты әрі қанаттанған Дархан мұнан әрі шыдап тұра алмады. Қақпадан ентелей енді.
– Апа, апа, қарындастарым!
– Балам! Неге қаштың? Отбасыңды неге масқара еттің?
– Жоқ, апа! Мені демалысқа жіберді! Жақсы қызметім үшін...
Ұлын өзінің ыстық құшағына алып, маңдайынан емірене сүйген Сәуленің көздеріне жас тұнған. Бұл қуаныштың көз жасы болатын.
Ал кешке Ботабаевтардың шаңырағына жиналған ауылдың үлкендері батыл жігіттің ел шебіндегі ерлігін тыңдап, өздерінің жерлес шекарашыларына қошемет көрсетті.
Қысқа мерзімді демалысы аяқталған Дархан Текелі қаласына дейін таксимен келді. Батыр шекарашы жол бойы ұйықтаған. Бірақ осы жолы оның түсіне ештеңе кірген жоқ. Соған қарағанда, ол толқу мен белгісіз уайымнан арылған секілді... Қызметіне оралысымен, келесі демалысқа қатардағы жауынгер Ерлан Мұқанов аттанды.