1992 жылғы 9 мамырдағы Алматы таңы мерекеге мүлдем ұқсамайтын. МҚК ғимаратының қарсы бетіне жиналған қалалық агрессивті көңіл-күйдегі топ Ф.Э. Дзержинский ескерткішін қалайда талқандау керек деген бір ғана, бірақ «қызу идеяға» бекініп тұрды. Тез арада және бүгін! Қазір ғой, ата-тегіне деген соқыр сенім мен желікпе жүгіріс анахронизм ретінде қабылданады, ал ол кезде жағдай басқаша еді.
Трос дайындалып, жүк машинасы келді… Қарапайым мүсіннің мықтылығы шамалы болып шықты. Лақтырылған шалма Темір Феликстің «басын» жұлып түсіп, жиналғандар бір шулап басылды.
Одан кейін қысқаша сипатта митинг өтіп, МҚК Орталық аппаратының ғимаратына шабуыл жасау керектігі жөнінде үндеу тасталды. Агенттердің тізімін көрсетуді, Ішкі істер халық комиссариатының құжаттарын толық жариялауды талап етті.
Жағдай ушығып бара жатты. МҚК ғимаратына арнаулы жасақ бекінді, дегенмен…
Ел басшыларының жағдайды қантөгіске жеткізбеуге деген күш-жігері мен саяси көрегендігі осы жерден көрінді.
Бүгінде, Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан стратегиясы бірегей деп танылғанда… Заңнамалық және нормативтік база дайындалып, ҰҚК органдарының қызметін азаматтық ашық алаңға алып шыққан кезде… Біз сол бір аласапыран жылдардағы Тұңғыш Президенттің іс-қимыл қисынын дұрыс түсініп, еңбегін лайықты бағалауымыз керек. Сондай-ақ ғаламат өзгерістер мен адамзат аңсауының елесінде өмірге келген еліміздің басты арнаулы қызметінің қайталанбас тарихына заман лебімен шолу жасап көрейікші. 1992 жылғы 13 шілдеде ел Президенті «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін қайта құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Жаңа мемлекеттіліктің негізін қалай бастаған Нұрсұлтан Назарбаев ондағы арнаулы қызметтің функционалдық міндетін нақты белгілеп, түсіне білді.
Осы бір ғажайып құжаттың өмірге келу тарихы да есте қаларлықтай еді.
Сол бір алыс та, беймаза уақытта дұрыс және лайықты шешім қабылдап қоя салу жеткіліксіз болатын. Оны жүзеге асырып, өркениетке лайықты тұрмыстық бейнесіне келтіру бәрінен де маңызды еді. Тәтті қиялды жүзеге асырудың әрдайым сәті түсе бермейтін. Қайта құру халықтың сана-сезімінің оянуына жылдам әсер етіп, қоғамдық белсенділігін айтарлықтай өсірді. Жаңаөзендегі қоғамға қарсы қимылдар, Қарағанды көмір бассейндеріндегі кеншілердің ереуілдері, кейбір кәсіпорындардағы жұмысқа топ-тобымен шықпай қою, міне, осындай эмоциялық оқиғалардың барлығы шын мәнінде талай жылдар бойы шешілмей қалған мәселелер жиынтығымен астарласып жатты... Ұзақ жылдар бойы шешілмеген проблемаға халық шыдамады. Сезім жетегінде көп нәрсеге дайын еді…
Еліміздегі бірқатар партиялар мен қозғалыстардың демократияландыру мен жариялылық процестерін өздерінің имидждерін жасауға пайдаланып жатқан кезде конструктивті реформа жүргізу тіпті күрделі еді. Мұндай қайраткерлер ұлттық мүдделерді басшылыққа алмайтын. Елімізде 1992 жылдың ортасына таман 150-ден астам қоғамдық бірлестік бар еді. Олардың сапында 500 мыңға жуық адам тұрды. Олардың бірқатарының іс-қимылы мемлекеттілікті нығайтуға, экономикалық және саяси мәселелерді шешуге бағытталса, басқа қозғалыстар, партиялар, топтардың көңіл-күй ауаны барлық мәселені рұқсат етілмеген митингтер, аштық жариялау арқылы және әкімшілік ғимараттарында пикет ұйымдастыру секілді қысым жасау жолымен шешуге арналып, жедел жағдайды ушықтырып жіберді. Ақылға сыймайтын талап қояушылық, негізсіз айыптаулар, популистік ұрандар, қарсы қимылға шақыру – осының барлығы қазақстандық қоғамға, әсіресе жастардың ортасына өшпенділік уытын сеуіп жатты.
ҰҚК қызметкерлері бейберекеттікті болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін қолданды. Осындай айтып болмас шиеленісті жеңіп шығуға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлгі-өнегесі ықпал етті. Бұл туралы генерал-лейтенант Б.А. Баекенов өзінің естеліктерінде, сұхбаттарында және мақалаларында талай мәрте атап өтті:
– Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрсұлтан Әбішұлының тынбай еңбек етуіне тура келді, өйткені шешілмеген мәселе шаш етектен болатын. Не болып жатқанын көзбен көру үшін ол кісі жиі-жиі ел аралады. Күндіз жұмыс істеу үшін көбінесе түнде ұшатын. Тынымсыз еңбек етті: ұшақта, пойызда. Барлығын өзі арқылы өткізді, бұл дегеніңіз жүйкені жейтін жұмыс болатын!
Күрделі мәселеміз болса Мемлекет басшысы әрдайым шешуге тырысатын, сонымен бірге талапшыл еді, оған түсініксіз және нақты байламы жоқ нәрсені баяндау мүмкін емес-ті, ол біздің қызметтің барлық қыр-сырын жетік білетін.
* * *
Реформаторлық кезең аяқталған соң, 1992 жылғы 22 қаңтарда Б.А. Баекеновтің төрағалығымен Комитет алқасының бірінші отырысы өтті.
Бірінші кезекте, МҚК-нің 1991 жылы мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарған жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы қаралды және 1992 жылға арналған тапсырмалар нақтыланды… «Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Заңның әлі қабылданбаған кезі, сондықтан еліміздің басты арнаулы қызметінің қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттер алқа шешімінде белгіленді. Оның ішінде, «күш-жігерді арнаулы қызметтердің бүлдіргіштік іс-әрекеттерінен республика халқын арашалауға жұмылдыру туралы» бұйрық берілді. Мемлекеттік және коммерциялық құпияларды қорғауға, маңызды деген халық шаруашылық нысандарындағы төтенше оқиғалардың алдын алу туралы қатаң талаптар қойылды. Алқа мәжілісінің қатысушылары республиканың егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, терроризмге қарсы күрес, ұлтаралық негіздегі жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу, республика азаматтарының конституциялық құқығы мен бостандығын қорғау бойынша жұмыстарды ерекше бақылауда ұстауды талап етті.
Комитеттің құрылымы да сол кезеңдегі күн тәртібінің басты мәселелерінің бірі болды. Сыртқы барлау қызметін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. 1991 жылғы 18 қазанда Б.А. Баекенов сол кездегі Қазақ КСР МҚК Төрағасы болып тағайындалды. Ал жиырмасыншы қазанда Республикааралық қауіпсіздік кеңесінің (РҚК) мәжілісіне қатысу үшін Мәскеу қаласына ұшып келді.
РҚК-нің бірінші мәжілісінде республикалық комитет пен Республикааралық қауіпсіздік қызметінің өкілеттіктерін өзара ажырата отырып ынтымақтасу туралы келісімге қол жеткізілді. Барлау саласындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету қиындық туғызды, себебі, МҚК тарап кеткен, ал бұрынғы барлау басқармалары дербес қызметке айналып үлгерген.
– Біз КСРО РҚК құзырына кадрлар дайындау, арнайы техниканы өндіру мен жабдықтау және Мәскеуде орналасқан жалпы ақпарат банкін қолдану мәселесін қалдырдық, – деп Б. Баекенов ол күндерді еске алады, – өз тарапымыздан қарсы барлау, ұйымдасқан қылмыс және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында өзара ынтымақтасуға сөз байластық.
Бір қарағанда Келісім бар секілді, бірақ өмір заңы тез арада барлау қызметін құру керектігін білдіріп тұрды. Әрине, Комитетте барлау бөлімшелері болды, бірақ олар, жалпы айтқанда, жергілікті жердің позициясынан жұмыс істейтін. Тәуелсіздік жарияланып, ҰҚК құрылғаннан кейін Б.А. Баекенов әріптесі Е.М. Примаковқа хат жазып, кәсіби мамандардың ұшқан ұяларына оралуына рұқсат беруін өтінді. Барлаудың қыр-сырын білетін адамдар арнаулы қызметке ауадай қажет еді. Әрине, олар да Отан-ананың шақыруына үн қосты.
* * *
1992 жылы 5 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары дайындаған анықтама қағаз ҰҚК-ге келді. Әрине, онда ешқандай да қолпаштау жоқ еді.
Ал арада екі күн өткенде Жоғарғы Кеңестің Қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитетінің мәжілісінде Б.А. Баекеновтің баяндамасы тыңдалды. Арада бір жыл өткенде, 1993 жылдың қазан айында ҚР Жоғарғы Кеңесінде тағы бір рет баяндама жасауына тура келді.
Комитеттің бүкіл құрылымын құраған идеологиялық платформа әрдайым сындарлы сынға ұшырап отырды.
ҰҚК Төрағасы Б.А. Баекеновтің әрдайым өз сөзінде ҚР ҰҚК-нің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қатаң құқықтық шеңберде шеше алатын дербес мемлекеттік орган екендігін айтып, дәлелдеп отыруына тура келді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ҰҚК құрылымы мен функционалы түбегейлі өзгерді. Оның ішінде, сыртқы барлау қызметі қайта құрылды, қарсы барлау, жедел-техникалық және басқа да басқармалар нығайтылды. Ішкі резерв есебінен Экономикалық қауіпсіздік бас басқармасы, Сыбайлас жемқорлық пен контрабандаға қарсы күрес басқармасы құрылды.
Комитеттің жаңа міндеттері мен құрылымын ескере отырып, әскери қарсы барлау басқармасы, Шекара әскерлері бас басқармасы, Үкіметтік байланыс бас басқармасы және тиісінше оларға бағынысты әскерлер құрылды. Нормативтік актілер тиісінше Заңның және ҰҚК-ге жүктелген міндеттердің талаптарына сәйкес келтірілді: мыңнан астам осындай құжат қайта өңдеуден өткізілді.
* * *
ҰҚК мен ІІМ біріктіру туралы ақылға қонымсыз бастамалардан да Комитеттің қорғануына тура келді.
– ҰҚК құрамы Алматы қалалық ІІББ құрамынан да шағын. Ал біріктіру дегеніміз не? Арнаулы қызметті төмендету, құпияларды ашу, мамандарды дағдарысқа түсіру еді. Шамам келгенше қарсы күрестім. «Құпияларды көрсетіңіз», – деген талаптар қойылды. Мен айттым: көрсетейік, бірақ сіздер одан бәрібір ештеңе де түсінбейсіздер, ештеңені де қолдана алмайсыздар, тек беделін түсіресіздер. Комиссия біздің ғимаратымызды аралап жүргенде, біз олар туралы деректі репортаж жүргізіп жаттық. Артынан оны бірден өздеріне көрсеттік. Комиссия бізді мойындады. Әрине, олар бөлмеде техника бар екендігін білді, бірақ қайда екенін таба алмады. Арнаулы қызметтер – плащ пен қанжарлы рыцарьлар. Алдымен – плащ, ал содан кейін ғана – қанжар, – деді Баекенов.
Жоғарғы Кеңестен тағы бір ұсыныс түсті: «…ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметіне қатысты үкіметтің және ҰҚК-нің заңға тәуелді актілерінің жобалары әуелі Жоғарғы Кеңестің Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі комитетінде зерттеліп, талқылансын…».
Мұндай ұсынысқа Шекара қызметінің басшысы Б.С. Зәкиев түбегейлі қарсылығын білдірді. Ол мұндай қадамның әскери және мемлекеттік құпиялардың таралып кетуіне әсер ететіндігін сөзіне негіз етті.
Оны ҰҚК Төрағасының орынбасары Л.С. Дагаев қолдады. Ол кісі АҚШ Конгресінде арнаулы қызметтің жұмысын бақылайтын, Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкерлерінен құралған арнайы топтың бар екендігін тілге тиек етті. Егер аса қажет болса америкалықтардың тәжірибесін пайдалануға шақырды.
Неліктен Ұлттық қауіпсіздік комитеті деген атау таңдалды? Бұл сауалға жауапты талдаушылар әлі күнге дейін іздеп келеді.
Сонау 90-шы жылдардың басында ерінбеген адамның бәрі барлық кінәні МҚК-ге артатын. Бұрынғы Одақтың аумағында болып жатқан қысымшылыққа, жүгенсіздіктер мен арсыздыққа қызметкерлердің барлығы төзе алмады. Бұл сапта Қазақстан да бар еді.
Пікір жүгенсіздігі мен бейбастық жайлаған сол жылдардағы қоғамда Комитет үшін басты жұмыс азаматтардың МҚК-ге деген теріс көзқарасын жеңіп шығу болды. Қызметтің шектен тыс жабық жағдайда атқарылуынан МҚК де, одан кейін ҰҚК де ойларына келгендерін істейді деген пікір қалыптасқан еді.
Жаңа Заңды дайындау барысында МҚК атауын өзгерту туралы мәселе қойылды. Бұл аббревиатураның Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті деп оқылатындығын бәрі білетін, яғни, елдің және мемлекеттік органдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) деген атаудың мән-мағынасы айтарлықтай ауқымды, ол – елдің, барлық халықтың, әрбір азаматтың мүддесін қорғау дегенді білдіреді.
Қалыптасудың алғашқы жылдарындағы Қазақстан таңдаған мемлекеттік құрылым моделін, яғни – қуатты президенттік билік, оған қоса батыл экономикалық реформаларды әлемдік қоғамдастық лайықты бағалады. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің басшылығымен жүргізілген реформалармен синтездеуден туындаған қазақстандық арнаулы қызмет моделі де посткеңестік елдердің қызығушылығын тудырды.
Комитет қызметкерлерімен болған бір кездесуінде Н.Ә. Назарбаев былай деп атап өтті: «… Осы отырған барлығымыз «бір шинельден шыққанбыз» – дәстүріміз болды, оның барлығын қолдандық, бірақ осы түсініктерімізді өзгертуге тура келді. Комитет қызметкерлеріне оңай соққан жоқ. Қазақстандық арнаулы қызметтің жұмысын реттейтін құқықтық базаның жасақталуына ерекше көңіл бөлдім. Ұлттық қауіпсіздік органдары құқық қорғау құрылымдарымен бірлесе отырып, заңның үстемдігін, жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүддесін қорғауды сенімді түрде қамтамасыз ете білді. Жаңа, тәуелсіз Қазақстанның ҰҚК түбегейлі өзгерісі де осы болды. Қазіргі таңда сіздер ең күрделі деген мемлекеттік міндеттерді шешуге тиіссіздер, ал қауіпсіздік органдарының алдында тұрған ондай міндеттер аз емес. Заманға байланысты жаңа қауіп-қатер түрлері пайда болуда, арнаулы қызмет олардың барлығына тиісінше жауап беруі керек».
Елбасының ерік-жігері мен қолдауының арқасында ҰҚК шешімін күтпейтін мәселелерге күшін шоғырландырып, ыңғайлы құрылым қалыптастыра білді. МҚК-ден үйренетін нәрсені үйренгені де күдік тудырмайды. Жаңа заманның дамуына қайшы келетін нәрселерді өкінбестен өткеннің еншісіне қалдырды. Біз «тарихтың ымырашылдығын» жеңіп, одан әрі адымдап барамыз.
1992 жылғы 13 шілдеде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті етіп қайта құру туралы» Жарлыққа Ел Президентінің қол қоюы отандық арнаулы қызметтің бай тарихының бастауы болды.