«Каспий-Антитеррор-2021» оқу-жаттығуының күштік кезеңі өткізілді

«Каспий-Антитеррор-2021» оқу-жаттығуының күштік кезеңі өткізілді

2021 жылғы 2 қыркүйекте Ақтау қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы (ТМД ТҚО) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының «Каспий-Антитеррор-2021» терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуының күштік кезеңін (бұдан әрі – БОК) өткізді.

«Каспий-Антитеррор-2021» БОК ТМД ТҚО үйлестіруші рөлімен екі кезеңде өткізілді және Достастық елдерінің қауіпсіздік органдарының, арнаулы қызметтері мен басқа да әлеуетті құрылымдарының террористік қауіптер мен қатерлерге бірлесе қарсы іс-қимыл жасау әзірлігін арттыруға бағытталды. Оқу-жаттығуға ТМД-ның сегіз мемлекетінің (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) арнаулы қызметтері қатысты.

2021 жылғы 23-26 тамыз кезеңінде өткен оқу-жаттығудың бірінші кезеңі барысында құзыретті органдар оқу жедел мүдделілік объектілеріне қатысты іс-шаралар өткізді.

Арнаулы қызметтер 50-ден астам міндетті пысықтады, 155 тексеру жүргізді, олардың нәтижелері бойынша Достастық мемлекеттерінің аумақтарында оқу террористік топтарының барлық мүшелері анықталып, ұсталды. Олар дайындаған террористік актілердің жолы кесілді, қылмыстық байланыстар анықталды, ал қылмыс құралдары алынды.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің теңіз инфрақұрылымы мен мұнай-газ саласы объектілерінде террористік актілерді дайындайтын адамдарды анықтау және бейтараптандыру бойынша келісілген жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Достастық мемлекеттерінің қауіпсіздік органдары бөлімшелері мен арнаулы қызметтерінің өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталды.

Жұмыс барысында Достастық мемлекеттерінің қауіпсіздік органдарының, арнаулы қызметтерінің және құқық қорғау органдарының ұжымдық пайдалануындағы мынадай ақпараттық жүйелер:

- ТМД ТҚО мамандандырылған деректер банкі;

- Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық деректер банкі;

- ТМД мемлекеттерінің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтерінің біріккен деректер банкі;

- ТМД дактилоскопиялық ақпаратының біріккен деректер банкі (ДАБД) қарқынды түрде іске қосылды.

Қазақстан Республикасының аумағында оқу-жаттығудың екінші кезеңі барысында терроризмге қарсы операцияны басқару жөніндегі республикалық жедел штабтың басшылығымен күштер мен құралдарды жоспарлауды ұйымдастыру, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-шараларды өткізу жағдайында органдар мен бөлімшелерді тұрақты және үздіксіз басқаруды қолдау жөніндегі міндеттер пысықталды.

Қазақстан Республикасы ҰҚК «А» АМҚ және ШҚ, Ұлттық ұланның «Бүркіт», ІІМ «Сұңқар» арнайы бөлімшелерін, Қорғаныс министрлігінің арнайы операциялар күштерін және Ресей ФҚҚ АМО-ны тарта отырып, «Ақтау» теңіз портының су айлағында «Бұрғылау қондырғысы» және «Каnуѕһ Satpayev кемесі» объектілерінде кепілдікке алынғандарды босату және шартты террористерді бейтараптандыру бойынша жедел-жауынгерлік іс-шаралар өткізілді. Қазақстан Республикасы ТЖМ бөлімшелері террористік актінің салдарын жою бойынша
іс-қимылдарды көрсетті.

«Каспий-Антитеррор-2021» оқу-жаттығуының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығының басшылығы барлық жұмылдырылған бөлімшелердің іс-қимылына оң баға берді. Оқу-жаттығу мақсатына қол жеткізілді.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының БОК Достастық елдерінің практикалық өзара іс-қимыл жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Олардың негізгі мақсаты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік органдарының, арнаулы қызметтерінің және басқа да әлеуетті құрылымдарының террористік қауіптер мен қатерлерге бірлесіп қарсы іс-қимыл жасау әзірлігін арттыру болып табылады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы ереже және үш жылға қабылданатын Терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күрестегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастық бағдарламасы оларды ТМД-да өткізудің құқықтық негізі болып табылады.

2001 жылдан бастап ТМД ТҚО бастамасымен 16 оқу-жаттығу ұйымдастырылды, олардың әрқайсысының тақырыбы Достастық мемлекеттеріндегі және әлемнің басқа да өңірлеріндегі террористік қауіп-қатерлердің жай-күйін, үдерісін және таралу үрдісін ескере отырып қалыптастырылды.

Қазақстан аумағында оқу-жаттығулар төртінші рет өтуде («Каспий-Антитеррор-2005», «Байқоңыр-Антитеррор-2007», «Жетісу-Антитеррор-2014», «Каспий-Антитеррор-2021»).

ТМД ТҚО баспасөз бюросы                                                               ҚР ҰҚК баспасөз қызметі