Шекаралық бақылау нәтижелерінің апталық мәліметі

Шекаралық бақылау нәтижелерінің апталық мәліметі
  • 2020 жылғы 14 желтоқсанда «Ақтау» авиациялық өткізу пунктінде (Маңғыстау облысы) «Стамбул – Ақтау» қатынасымен № 812 халықаралық рейсті ресімдеу кезінде Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды.

 

  • Ұстау себебі жеке тексеру барысында денесінде жасырылған жалпы сомасы шамамен 7 миллион теңгені құрайтын зергерлік бұйымдар болды.

 

  • Алдын ала жүргізілген сауалнама іс-шараларының нәтижесінде көрсетілген бұйымдар оларды Ақтау қаласында сату мақсатында Түрік Республикасының Стамбул қаласында сатып алынғаны белгілі болды. Ұсталған азамат тауарларды жасыруын кедендік баж салығын төлеуден жалтару әрекетімен түсіндірді.

 

  • ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабы «Тауарларды, қолма-қол ақша қаражатын, ақша құралдарын декларацияламау немесе анық емес кедендік декларациялау, кедендік құжаттардағы мәліметтерді анық емес мәлімдеу» бойынша іс жүргізу әрекеттері жүргізілуде.

 

  • 2020 жылғы 17 желтоқсанда «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде (Батыс Қазақстан облысы) Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы жалпы сомасы 2 260 000 теңгеге темекі өнімін заңсыз алып өту әрекетінің жолы кесілді.

 

  • 2020 жылғы 18 желтоқсанда «Жайсаң» автомобиль өткізу пунктінде (Ақтөбе облысы) «Бішкек – Санкт-Петербург» бағдары бойынша Қырғызстан азаматы жүргізіп бара жатқан «Mercedes-Benz» маркалы автокөлігін тексеруді жүзеге асыру кезінде жалпы сомасы 32 720 000 теңге болатын ұялы телефондардың ірі партиясы (409 бірлік) табылды.

 

  • Контрабандалық жүк халық тұтынатын тауарлар астындағы ашытылған сүт өнімдерінің қораптарына жасырылған.

 

  • Материалдар одан әрі іс жүргізу әрекеттері үшін Ақтөбе облысы бойынша ЭТД қызметкерлеріне тапсырылды.

 

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі