Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Қызметі туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Комитет туралы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Байланыстар
Все материалы
29 ноября 2021
ШЕКАРАШЫНЫҢ ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТІ

– Құтқарыңдар! 

Кешкі тыныштықты бұзған балалардың дауысына жақын маңда жүргендердің бәрі елең етті. Екі жағаны қосып тұрған көпірдің үстінде әрлі-берлі жүгіріп жүрген қыздар даурыға шулады. Сұқ саусақтарымен судың бетін көрсетті.

 

Тоған жағасында қызара батқан күннің шапағын қызықтап, демалып жүргендердің қатары көп. Бірі итімен кешкі серуенге шықса, бірі бала-шағасымен таза ауада қыдырып жүр. Өзара екі топқа бөлініп, жағажайда волейбол ойынына кіріскендер де бар. 

Сергей Гайдай көмекке шақырғандарға бірінші болып ұмтылды. Бүлдіршіндердің жан ұшырған дауысын естіген ол ұйқысыз өткен кезекшіліктен кейінгі шаршағанын да ұмытып кетті. Келе сала, айдынға секірді. Суға бір сүңгіп шықты да, батып бара жатқан адамға қарай құлаштады. Аяздай қарыған кешкі тоғанның мұздай құшағы алған бетінен қайтара алмады. Тал қармаған жанды аман алып шығуды ғана ойлады. 

Өмір мен өлімнің арасындағы арпалыс үстіндегі әйел адам Сергейдің созған көмек қолын кері итергендей кейіп танытты. Су түбіне батып бара жатқан белгісіз жанның қарсыласқан әрекеті ойлантып тастады. «Мұнысы несі?! Күйзеліске толы тағдырына деген наласы ішіне толған жанның бірі шығар. Жарық дүниенің бір сәттік қиындығынан баз кешті ме екен?! Баянсыз бақыттың құрбанына айналғысы келген бейбақты қалай да жағаға алып шығуым керек!» – деген ойлар Сергейдің басында айналып тұрып алды.  

Бар күшін бойына жинады. Суға батып бара жатқан жанды қолынан сүйрей жөнелуді жоспарлады. Құтқару нысанасына айналған жанға қарай тағы жақындады. Қобдыраған шашы толқынмен таралған келіншектің жанарымен түйіскенде ғана барып, оның тосын әрекетін түсінгендей болды. Әлі құрыған әйел судан қақалып-шашалса да: «құтқар баламды...» деп айтып үлгерген еді.

Сергей де уақытты босқа өткізбеуге тырысты. Кеудесіне ауа толтырған бойда тереңге сүңгіді. Қолын алға созған күйі тоғанның түбіне дейін жүзді. Саусақтарына оралған балдыр­лардан басқа темір-терсектер мен шланг үзінділері ғана ілікті. Су астының салқындығынан денесі тоңази бастады. Уақыт өткен сайын тұншыға бастағанын байқады. Бар қайратын жинап, іздеуді жалғастырды. Қолына әлдебіреудің киімі ілінгендей болды. Жылпып тұрған шүберекті уысына мықтап ұстап алды. Түсінгені, иірімнің төменге тарта жөнелгені тіршілік иесі – төрт-бес жастағы бала. Енді жоғары көтерілейін десе, әлі кетіпті. Оған қоса сол аяғы қозғалуға келмейді. Құрысқанын сезді. Бір қолымен жанталасып тізесінен төмен уқалай бастады. Алға талпынған іс-әрекеті кері кетіп барады. Ілгері жүзем деген ниеті енді жүзеге аспайтындай. Денесі ауырлап, төменге батып бара жатқанын сезді...

Қанша қиналса да өзгеге көмектесем деген райынан қайтуды ойына да алмады. Анасының ақ сүтімен дарыған адамгершілік қасиеті «Барыңды сал да, суға тұншыққандарды аман алып шық!» деп тұрғандай. Санасына сіңген осы бір сөздер бір жағынан бұйрық секілді естілгендей!

Иә, ата-анасынан қанына дарыған тәрбиеде Сергейдің өмірінде осы бір оқиғаның боларын білгендей ме, қалай?! Енді, міне, екі жанның тірі қалуына септігін тигізер сын сағаттың тағдырында орын алып жатқанын көрмейсіз бе? Сөз бен істің адам үшін айырмашылығының арасы жер мен көктей екенін бүгін түсінгендей. Қазірге дейін «Өзге үшін қажет кезде көмек көрсете алмайтын адамды, адам санатына қоспаймын», – деп ойлайтындардың бірі еді ғой... Су түбінде тіршілік үшін болып жатқан күресті жалғастырып әлек. Аяқ-қолдары құрыса бастады. Қолына іліккен баланың киімінен айырылар емес. Шығып кетсе, қайта таба алмайтын сияқты. Шарасыздық жағдайына түскеніне қатты намыстанды. «Анасы мен баласын тұңғиықтан аман-есен шығара алмасам, өзімді өмір бойы кешпеспін» деп, намысын жаныды. Ызаға булықты. Жіпсіз байланған аяқ-қолдарына жан «кіргізуге» тырысты. Кенеттен аяқтарының құрысқаны жазылғанын сезді. Баланың қолынан ұстай сала, жарық жылдамдығымен жоғары көтерілді. Көзді ашып-жұмғанша айдын бетіне бір-ақ шықты.

Екі ортада толқынмен алысқан әйелдің күші де таусылған. Су бетінде аунап түскен күйінде қимылсыз жатыр. Сергей оны шалқасынан аударып, баланы анасының ішіне еппен жатқызды. Тіркемесін сүйреген жүк кемесіндей жағаға тарта жөнелді.

Құрғаққа шыққанда бес жасар Нұрәділ ешқандай қимылсыз жатты. Сергей оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жасанды тыныс алу мен жанама жүрек массажын жасады. Есінен айырылған баланың кірпіктері қозғала бастады. Артынша көзін ашты. Біраз уақыт өткеннен кейін анасы да, баласы да өз-өздеріне толықтай келді.

 Махаббат Жетпісованың айтуынша, баласы тозығы жеткен көпірдің сынған жерін басқан кезде айдынға құлап кетіпті. Анасы жүзу білмесе де суға құлаған ұлының артынан құтқаруға секіріпті. Қиын сәттердің артта қалғанына қуанған ана ішіндегі шаранасының да көрер жарығы бар екенін айтып, көзіне жас алды.

Ерліктің биік үлгісін көрсеткен «Бидайық» (автокөліктік) шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметтік иттердің аға нұсқаушысы қатардағы жауынгер Сергей Гайдайдың әрекетін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаев жоғары бағалап, шекарашыны «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады. Шекара қызметі басшылығының атына Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры әділет генерал-лейтенанты Ерғали Мерзадиновтан Шекара қызметінің жеке құрамын – Отан қорғаушыларды патриоттық рухта тәрбиелегені үшін алғыс хаты келіп түсті.

Қатардағы жауынгер Сергей Гайдай адам өмірін аман алып қалуда көрсеткен батылдығы үшін 2019 жылдың Үздік шекарашысы атанды.

 

28 ноября 2021
ҚАР ҚҰРСАУЫНДА

Елсіз тас жолдың бойында, сайын даланың төсінде алты автокөлік тоқтаусыз жауған қалың қарға батып тұрып қалды.

Боранның құрсауына қолдарында жаңа туған нәрестесі бар жас отбасы да қалып қойып еді. Отағасы сәбиі мен оның анасын перзентханадан шығарып, үйіне әкеле жатқан беті болатын.

Отағасы көлікте отырған күйі өзінің ұялы телефонымен Төтенше жағдайлар министрлігінің өңірдегі бөлімшесімен байланысқан. Алайда құтқарушылар оқиға орнынан тым шалғайда болғандықтан, көмек көрсете алмайтын болды. Сырттағы құтырына соққан боранға қараған күйі жігіт ағасы мұнан әрі не істеу керектігі туралы жанталаса ойланды. Елсіз дала. Ең жақын ауыл оншақты шақырым жерде. Бет қаратпас дүлей боранда қолдағы нәрестемен жаяу жүру мүмкін емес. Ажалға өз аяғыңмен бару дегенді білдіреді.

Табиғаттың дүлей мінезіне тап болып, шарасыз күйге түскен ерлі-зайыптылар суық көліктің ішінде бірнеше сағат бойы тапжылмай отыруға мәжбүр болды. Өйткені қозғалтқыштың зарядын үнемдеу керек еді. Алайда олардың бақытына қарай бұл кезде құтқарушылар шекарашылармен байланысқа шығып, боранда қалып қойған жолаушыларға көмектесулерін сұраған болатын. 

***

Ауа райы түc қайта бұзылып еді. Алдымен аспаннан қар ұшқындары жапалақтай жауды. Алайда батыс­тан соққан жел оларды ұшыртып ала жөнелген. Уақыт өткен сайын күшейе берген боранмен бірге қалың жауған қар да әп-сәтте жердің бетін басып үлгеріп еді. Сол-ақ екен, әуе мен жер бір-бірімен тұтасып кеткендей болды. Сөйтіп, 2021 жылдың 10 наурызында Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында сұрапыл боран басталды.

Мұндайда мүмкіндігінше үйде, жылы жамылғыға оранып, аяқ астынан ашуға мінген ауа райын терезеден бақылаған немесе қызықты кітапты оқығанға не жетсін! Бірақ мұндай кездері де адамдардың кезек күттірмес істері туындап, ауа райының бұзылғанына қарамастан жолға шығып кететіндері болады. 

«Обаған» шекара бөлімшесінің бастығы майор Құрмет Бейсенов өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, жеке құрамға төтенше жағдайларға дайын болуға, ал старшинаға бөлімшенің арнайы техникасы: КЖБТ (көпмақсатты жеңіл брондалған транспортер), трактор, қарда жүргіштерді дайындауға бұйрық берді. Өйткені мынадай қолайсыз ауа райы кезінде кез келген сәтте орын алуы мүмкін төтенше жағдайға тап болған адамдарды құтқаруға бірінші болып аттану керек болады. Себебі орталықтан 30 шақырым жерде жергілікті тұрғындарға шекарашылардан басқа ешкім көмекке келе алмайды.

Офицердің айтқаны айнымай келді.

Түнгі ондардың кезінде шекарашыларға сақылдаған сары аязда қалып қойған адамдар туралы ақпарат келіп түсті.

Қиындыққа тап болған азаматтарға көмектесуге шешім қабылдаған бөлімше бастығы оларға дереу  «Дабыл» тобын жіберді.

Боран да барған сайын дүлейлене түскен. Аяз күшейген. Қарға адым жер көрінбеуге айналған. Бірақ әскери қызметшілерді дүлей боран да тоқтата алмады. Олар бір нәрседен ғана қорыққан – үлгермей қалудан. Өйткені мұндай қақаған аязда үсіп қалуы мүмкін еді.

Аға техник прапорщик Сергей Кещин қар басқан жолдан көз аудармаған күйі астындағы техниканы ұршықша иіріп келеді.

Бұл кезде қаладан қызметтестеріне көмектесу үшін тәуекелге бел буған ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Арман Жұмахметов бастаған шекарашылар да жолға суыт шыққан болатын. Бұдан бөлек, полковниктер Н.Нарбаев пен М.Ерғалиевтер бастаған екі топ та боранда қалып қойғандарға асығып келе жатты.    

Уақыт өтіп жатты, ал қардың құрсауында қалып қойған адамдар әлі көрінер емес. Шекарашыларды зілдей ауыр үнсіздік билеп алып еді. Әрқайсысы нәрестенің өмірі мен оның ата-анасы, басқа жолаушылардың өмірлері үшін уайымдап келе жатқан болатын. Осындайда жол да шет-шегі жоқ, бітпестей болып кетеді, ал боран болса өршеленіп, өзінің дүлей мінезінен қайтар емес. 

Бір кезде шекарашылар қарлы боранның арасынан фардың әлсіз жыпылықтаған жарығын байқап қалды. Сергей Кещин тракторды дереу сол жаққа қарай бұрды.

Көлікті қар басып қалыпты. Жауынгерлерге техниканы қардың астынан шығаруға тура келген. Ақыры көліктің есігін ашып, суықтан әбден тоңып, үміттері үзіле бастаған ерлі-зайыптыны көретін сәт те туды-ау!.. Сонда отағасы дірілдеген дауыспен: «Мен шекарашылардың бізді құтқаратынын білгенмін. Мен сіздердің тауып келетіндеріңізге сендім. Сіздер – нағыз батырсыздар. Рақмет, сіздерге!» – дей берген.

Мұнан кейін шекарашылар жаңа туған нәрестемен бірге жас отбасыны құтырына соққан боранның арасынан алып шығып, өздерінің шекаралық бөлімшелеріне жеткізіп, ыстық шай беріп, бойларын жылытты.

Бақытты жас ата-ана шекарашыларға өздерінің балақайлары қашан өскенше оған жасыл күнқағарлылардың ерліктерін, батылдықтарын айтып беретіндерін қуана айтумен болды. Болашақта олардың ұлдары міндетті түрде шекарашы болады, өйткені оның өмірін Отанының шебінде тұрғандар сақтап қалды емес пе?!

Осылайша, сол түні ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері боранда қалып қойған 22 адамды құтқарған.

Міне, соңы көл-көсір қуанышпен аяқталған оқиға Ұзынкөл ауданының мемлекеттік шекараға жақын аумағында өрбіген болатын.

Иә, шекарашыларды табиғаттың кез келген теперіші тоқтата алмақ емес. Олар жыл он екі ай, тәуліктің кез келген сәтінде қиындыққа тап болған адамдарға көмектесуге дайын екендерін біз айтып берген оқиға арқылы дәлелдеген.

28 ноября 2021
ЕСІРТКІНІҢ БҰРАЛАҢ ЖОЛДАРЫ

Әлемге таралған «ғасыр тажалына» тәуелді болған жандар бейбіт заманда жарық күнмен қош айтысуда. Есірткіні қолданудан қайтыс болған адамдардың қатары бүкіл әлемге таралған анашаның 90 пайызы жасалатын  Ауғанстанда ғана емес. Сонымен қатар Оңтүстік Азия аймағынан алыс елдерде де көптеп кездеседі. Жыл сайын жүздеген тонна героин осы жерден шығарылады. Бұл өлімге әкелетін жүктің тасымалданатын негізгі бөлігі Ресей мен Еуропада. Өз кезегінде, есірткіні сатудан түскен ақша барлық құрлық пен континентте ұйымдасқан қылмысты қаржыландыруға жұмсалады. Әлемдік есірткі көзіне жақын орналасқан қазақстандық шекарашылардың жауынгерлік қызметіне де өз ерекшелігін жүктеп отыр.

Шекарашылар Қырғызстанмен шекарада героиннің ірі партиясын тәркіледі. Бұл 2020 жылдың 10 желтоқсанында автокөліктік бақылау-өткізу пунктінде орын алды. Есірткі тасымалдаушылар «ғасыр тажалын» шекарадан асыруға әдеттегідей «Toyota Prado» жол талғамайтын көлігін пайдалануға тырысты.

Сол күні Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының инспекциялық-тексеру кешенінің аға технигі кіші сержант Мақсат Дәуітаев өзінің «Қордай» шекаралық бақылау бөліміндегі жауынгерлік қызметіне әдеттегідей кірісті. Қырғызстаннан келе жатқан қазақстандық көлікті тексеру кезінде рентген аппараты көліктің көзден таса жеріне жасырылған затты көрсетті.

Жылдар бойы тәжірибе жинаған шекарашы жүктің «мұқият жасырылғанын» түсінді. Күдік тудырған көлік құралын егжей-тегжейлі тексеруге шешім қабылдады. Иісшіл ит Джек те көлікке героиннің жасырылғанынан белгі берді. Кейін белгілі болғандай, шекарадан өткізуге қатаң тыйым салынған есірткінің салмағы 60 келіден асыпты.

Президент Жарлығымен қырағылық танытқаны үшін кіші сержант Мақсат Дәуітаев мемлекеттік награда – ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Бұл оның шекара бұзушыны алғаш құрықтауы емес. 2017 жылы ол шекарадан 2,5 келі героин мен 16,7 келі марихуана өткізбекші болғандардың әрекетіне тосқауыл жасаған болатын. Сол жылы «Мемлекеттік шекараны үздік күзеткені үшін» ведомстволық медалімен марапатталды.

***

Өткізу пункттерінде тексеру жүргізу кезінде қызметтік иттер өздерін таптырмайтын көмекші ретінде көрсетеді. Осы жылдың нау­рыз айында «Сырым» (автокөліктік) шекаралық бақылау бөлімшесінде түнгі ауысым наряды «Renault Magnum» маркілі автокөлігін тексерді. Оның жүргізушісі Бішкектен Самараға Қазақстан арқылы транзитпен «Фотон» маркілі автокөлігін тіркемемен сүйреп бара жатты. Көлікке шекаралық бақылауды қыз­мет иттерінің аға нұсқаушысы кіші сержант Қанат Төленов өзінің төрт аяқты адал досы Ледидің көмегімен жүргізген болатын. Леди есірткіні табуға мықты үйретілген ит. Бұл жолы да Леди артқы дөңгелектерге жатып, еркелеген кейіп танытты. Содан кейін алға секіріп, иесіне белгі бергендей құйрығын бұлғаңдатты. Өзінің қызметтік итін беске білетін аға нұсқаушының көңілінде күдік пайда болды.  

Шекаралық бақылаудың арнайы техникалық құралдарын қолдана отырып, тереңдетілген тексеру жүргізді. Шекарашылар бір дөңгелекті ашу кезінде оның қуысынан құпия жерді тапты. Ол жерден полиэтилен пленкілерге оралған текшелер шықты. Ауада есірткі затынан шыққан иіс мүңкіп кетті. Сараптама көрсеткендей, ұсталған азамат шекарадан 39 келі героин мен 96 келі гашиш алып өтуге тырысқан.

Тәжірибелі бақылаушы шекарашыларға тән негізгі қасиеттердің бірі – ұқыптылық пен жақсы есте сақтау. Өйткені жасыл күнқағарлылар құжатты да тексеріп, адамдарға да қарап үлгеруі керек. Ал қырағылық ешқашан да артықтық етпейді.

Қазақстандық БАҚ үшін мемлекеттік шекарадан түсетін хабарламалар ақпарат таратудың негізгі көзі болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдары қашанда ірі көлемдегі есірткіні анықтау дерегін жариялауға тырысады. «Жүйрік қалам» иесі атанғандар есірткі заттарының экзотикалық атауларын, ұсталған заттың  салмағын көрсетеді, бірақ болған оқиғаның мәнін түсіндіру жұмыстарын жазатындардың қатары сирек. Сондықтан да сенсациялық материалға өзек болған оқиғаның артында жасыл күнқағарлылар мен төрт аяқты көмекшілерінің күнделікті жұмысы сырт қалады. Шекара сақшыларына пара ұсынатындар мен өмірлеріне қауіп төндіретіндер де бар. Бірақ әр шекарашы ел шебінің үнемі мызғымас берік болу керектігін терең түсінеді. Бұған дәлел – біздің еліміздің шекарасын күзету барысында бастан өткерген сан қилы оқиғалар.

27 ноября 2021
АУҒАНҒА ҚАЙТА ОРАЛАР СӘТ КЕЛДІ. БАРЛАУШЫ ҚИЫР ШЕТТЕГІ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕЛЕЙДІ

«Олар ешқашан ұйықтамайды, ауырмайды, шаршамайды, олардың қателесуге құқы жоқ.  Ел ұйқыда жатқанда олардың қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп тұрған адамдар бар…».

 

2021 жылдың тамызы. Ауғанстанда – мемлекеттік төңкеріс. Үкіметті тәліптер басып алды. Президент А.Ғани мен бірқатар ықпалды саясаткерлер бас сауғалап, елден қашып кетті. Содырлар президент сарайын басып алды.

Қалада дүрбелең, халықты үрей билеген. Тұрғындар қарбаласып, қашудың қамын іздеуде. Теледидар экрандарында жантүршігерлік көріністер – қайтсе де елден кетуге тырысып ұшақтың дөңгелектеріне жармасып, биіктен құлап жатқан адамдар, өзіміз болмасақ та баламыз аман қалсыншы деп американдық солдаттарға қарай балаларын лақтырып жатқан ата-аналар… біреуді біреу біліп болмас бей-берекеттік.

Қазақстан ҰҚК-нің шешімі бойынша дипломаттардың отбасы мүшелері мен Елшіліктің әкімшілік-техникалық персоналын бүлінген елден бірден алып шықты. Бұдан кейін штат қосымша қысқартылып, шұғыл эвакуация жүргізілді.

Тәліптер елдің бүкіл аумағына бақылау орнатты. Қарсылықтың соңғы қамалы – Панджшер үш апта ғана тұра алды. Уақытша үкімет жасақталып, елде шариғат заңдары жарияланды, қатаң шектеулер орнықты. Әйелдің қоғамдағы рөлі барынша шектелген, олардың суреттеріне тыйым салынған, музыка харам деп жарияланған. Ел орта ғасырларға қайта оралғандай…

Халықаралық лаңкестік ұйымдар тәліптерге ынтымақтастық танытып, оларды жеңістерімен құттықтап, халифат құруға үміттенуде… Лаңкестік өртінің бүкіл әлемге жайылу қаупі арта түсті… Жаңа қатерлер – ҰҚК-нің дағдылы жұмыс күндері. Ауғанстанға қайта оралар сәт келді…

Мен барлығымыз күйінішпен еске алатын ядролық полигонға жақын Семей қаласының маңындағы ауылда, көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Менің бүкіл балалық шағым төңкерілген мәңгілік көк аспан мен ұшы-қиыры жоқ сары далада өтті. Тек оқта-текте ғана аспан мен жердің ортасын жарқ еткен жарылыстан кейін пайда болатын алып саңырауқұлақтар қосушы еді. Олардың ядролық сынақтар екенін кейін білдік

Менің бала кезімде, кейін тыйым салынған жер бетіндегі жарылыстар әлі де жүргізілетін. Бұндай жағдайларға кішігірім шұңқырлар дайындалған. Анамыздың айтуы бойынша, осындай саңырауқұлақтар пайда болған кезде біз шұңқырдың түбіне жатып, үстімізге киіз жамылып «бісіміллә рахман-рахимды» сансыз мәрте қайталап жатушы едік.

Біздер, балалар үшін ядролық жарылысты тамашалау қызық болатын. Алдымен жарқ еткен жарылыс, дүрсіл, содан кейін апай-топай боран… Көріністің шарықтау шегі – көкке қарай бой созған алып саңырауқұлақ, тұп-тура Родос Алыбы дерсің. Ол менің есіме ежелгі грек аңыздарындағы жер мен көктің қиылысар тұсында аспанды тіреп тұрған Атлант титанды түсіретін. Ол кезде мен осындай жарқ еткен, бірақ саңырауқұлақсыз (құдайға шүкір) жарылыстардың өмірімде әлі де жиі кездесетінін сезген де жоқ болатынмын…

Мектепті бітіре сала институтқа, математика мұғалімінің оқуына түстім. Біздің түсінігімізде бұл ең беделді мамандық еді. Осылайша біз, балалық бал күндерімізді бірге өткізген досым Дәурен екеуміз оқуды бітіріп келіп орта мектепте мұғалім болып жүрміз. Мен физика мен математиканы, ол тарихты оқытады. Мен өз махаббатымды кездестіріп, үйлендім, тұңғышымызды күтудеміз.

Дәурен нағыз романтик, бірде чекист болуды, енді бірде майдан барлаушысы, тағы бірде Рихард Зорге болуды армандайды. Ол кезде Ұлы Отан соғысы туралы естеліктер санамызда сайрап тұрған.

Бұлыңғыр күн еді, Дәурен бір кездесуге бірге барып келуге шақырды. Біз жергілікті ауаткомның ғимаратына кірдік. Ол жерде бізді бір құпия адам күтіп отыр екен. Ол адамның есімі мен үшін әлі күнге дейін жұмбақ. Дәурен органдарға қызметке кіру мүмкіндігін қарастыру үшін МҚК-ден келген адаммен әңгімеге бара жатқандығын маған сол кезде ғана айтты. Дәуренмен әңгімелесіп болғаннан кейін әлгі адам маған бұрылып, менімен де тілдесті. Арада біраз уақыт өткенде ол біздің ауылда пайда болып, күтпеген жерден маған КСРО МҚК Бірінші бас басқармасының қарамағына қабылданғандығым туралы хабарлады.

Мен осылайша Мәскеуге келдім, мандаттық комиссияның алдында көп сұрақтарға жауап бердім. Тіл үйренуге деген көзқарасым бойынша сұраққа түрік тіліне деген ынтам туралы айтқан едім, комиссия пушту тілін белгіледі. «Демек Африкаға барады екенмін ғой» – деп ойлап қоямын, сөйтсем бұл Ауғанстан екен ғой.

Оқуды бітіргеннен кейін біраз уақыттан соң мені қауіпсіздік офицері (МҚК-нің ресми өкілінің көмекшісі) ретінде Гераттағы елшілікке алғашқы ұзақ мерзімді іссапарға жіберді.

Ауғанстан – контрасттар елі. Бұл Кеңестер Одағына мүлдем ұқсамайтын, ерекше, өзіне ғана тән өмір салты бар, өзге әлем екен. Киплингтің «Батыс пен Шығыс ешқашан қосылмайды…» деген сөздері есіме түсті. Бұл жерде – Ежелгі Рим қалаларына тән қаталдық, Кабул мешіттерінің әшекейлі көк тастары, латын әріптеріне ұқсас Нью-Йорк кварталдары, араб жазбаларындай ирелеңдеген Герат көшелері. Жалалабад цитрустары мен әйгілі сүйексіз анарлар өсетін Қандағар бағының аңқыған қош иістері.

Бұл ел мені мың бояулы, ғасырлар даналығынан тоқылған ауған кілемінен аумайтын тайпалар мен дәстүрлер мозаикасымен, айғай-шулы шығыс базарларымен, қандай қиындықтар туындаса да өмірге деген құлшынысын жоғалтпас өміршеңдігімен, болашаққа деген философиялық талпыныстарымен баурап алды. Әйгілі «империялар моласы». Базардағы дүкенші айтқандай: «Бұл жерде өсіп-өнген, соңынан мол мұра қалдырып келмеске кеткен не бір ұлы өркениеттердің ізі қалған». Кушан патшалығы жайлы Бамиандағы будда мүсіндері сыр шертеді. Грек-бактрия өркениетінің ескерткіштері болып алтын қазыналар қалды. Біздің Руми ақынымызды Бродвейде қойса, Герат миниатюралары парсы және қытай кітаптарына көшіп барған. Әдет-ғұрыптардың сан-алуандығы соншалықты, бір-бірімен бітіспес жаулардың өздері қонақжай қожайын мен қадірлі қонаққа айналып жүре береді.

Соғыс жүріп жатыр. Кабулда бізді тікұшақ тосып алып, бір кездері менің алғашқы қызмет орным болған Гератқа қарай алып ұшты. Қалғып кеткен екенмін. Түсіме өзім туған өлке кіріпті, бұлтсыз көк аспан, ұшы-қиыры жоқ кең дала, кермек те болса жаныма жайлы жусан иісі. Әлдеқайдан анамның дауысы естілді: «Балам! Шұңқырға жасырын. Тез киіз жамыл, саңырауқұлақ!»

Дүрсіл… Мен біздің жанымыздан бірнеше метр қашықтықта ұшып өткен басқарусыз зымыранның шуылынан оянып кеттім. «Оң жақта жарылыс, «стингер»! Дұшмандар (балағат сөз)…!» – деп айғай салды, ұшқыш. Тасымалды зениттік-зымырандық кешеннің оғына тап болмас үшін тағы да біраз биікке ұшуға тура келді. «Вымпел» алаңқайды моджахедтерден тазалағанша біз әуеде біраз қалықтап барып, әдеттегіден 20 минут кешігіп қондық.

Десант түсіру маған жаңа тосын сыйлар ұсынды – тікұшақ жерге қонбады, толық жүкпен, автоматпен секіруге тура келді. Жерге неге қонбады деген сұрағымызға жергілікті тұрғынның киімін киіп бізді күтіп алған офицердің жауабы: «Жарып жіберуі мүмкін ғой! Бұл тікұшақ қой» болды. «Қызық логика, ал біз ше?» – деп ойладым мен «жаяу әскердің құны жоқ па?!» Менің таңданысымды түсіне қойған көпті көрген барлаушының жымиысында көп мән жатты: «Ауғанстанға қош келдіңіз», – деді ол.

Гераттағы жағдай күрделі еді. Моджахедтердің басшысы аты аңызға айналған Исмаил Хан болатын. Арада 25 жыл өткенде біз онымен тәліптерден кейінгі Ауғанстандағы жедел жағдай туралы бейбіт әңгімелесіп шай ішіп отырамыз. Бұл енді басқа әңгіме… Ал әзірше оның адамдары мені «Стингер» ТЗРК оғымен қарсы алды.

Ресми өкілдердің жұмысы үнемі тәуекелмен қатар жүреді. Өзінің жеке қауіпсіздігіне ғана емес, олар бүкіл дипломатиялық немесе консулдық мекеменің қауіпсіздігі, қарсы барлау режимі, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал, оның ұйымшылдығы мен бос уақыты үшін жауап береді. Соғыс жүріп жатқан елде өткен алғашқы іссапарымда мен Елшіліктегі әріптес қызметкерлерімнің қауіпсіздігін өз қауіпсіздігімнен биік қойдым. Олар ешқашан ұйықтамайды, шаршамайды, арымайды, талмайды. Олардың қателесуге құқықтары жоқ. Ел ұйқыда жатқанда олардың қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп тұрған адамдар бар.

Өмірдің қызықтары мен күтпеген сәттері – олар біздің жұмыста адым аттаған сайын кездеседі. 2000 жылдары өткен екінші іссапарымда менімен байланыста жиһадшылар ортасынан шыққан жасырын көмекшім болды. Ол маған қалада қалыптасқан жағдайды баяндап, қарулы оппозицияның негізгі көшбасшылары, олардың орналасқан жерлері, шетелдік арнаулы қызметтермен байланыстары, қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу жолдары туралы өзекті мәліметтермен қамтамасыз етіп отыратын.

Онымен сенімді қарым-қатынас орнаған. Шығыс менталитеті бөлек қой, онымен жұмыс істеу қызық болатын. Қалтасының қамын ойлап бірде ол маған әр түрлі қару-жарақ, соның ішінде «Стингерлер» сатып алуды ұсынды. Фотосын көрсетіп, әңгіме тиегін ағытты: «Міне менің «сұлуым», баяғыдан бері менімен бірге. Жиһад (кеңес-ауған соғысы) кезінен. Мен онымен сол кездері Гератта қаншама тікұшақты құлаттым. Мен бұны басқара алатын жалғыз адам едім. Сол кезде бұл алғашқы экземпляр болатын…».

Мәссаған, міне қызық… Уақытты мөлшерлеп жіберіп, жан сырын жайып салып алдымда отырған «шығыстық досымның» алғашқы іссапарымда мені Гератта «күтіп алған» дұшпан екенін бірден түсіндім. «Мен Исмаил Ханның бірінші әуе қорғанысшысы болдым» дейді.

– «Маған, елшіге «стингердің» қажеті қанша?» деген сұрағыма – «Елшілікті шайтандар мен өзге де ібілістерден қорғайсың… Бұл Ауған, бұл жерде барлығы болуы мүмкін. Айталық, мысалы, саған, елшіге бронды кеудешенің қажеті қанша?» – деп қисынды қарсы сауал қойды.

– Міне. Осындай мақсатта неге стингерді қолданбасқа, – деп қорытындылап қойды.

Кейінірек ол, маған бірінші іссапарым кезінде «жұмыс тауып берген» Исмаил Ханның өзімен байланыс орнатуға көмектесті.

Кабулда өткен екінші іссапарымның кезінде қазақстандық елшілікке өзін Қазақстанның азаматшасымын деп та-    ныстырған жас әйел өтінішпен келіп, өзінің құлдықта жүргенін хабарлады. Түркістан облысындағы балалар үйінде тәрбиеленген ол ауғандық жігітпен танысқан. Әлгі жігіт тәтті сөздерімен қыздың басын айналдырып, екеуі некелерін қидырыпты. Ол қызға Қандағар провинциясында тұратын ата-анасымен таныстырып, қайтадан Қазақстанға қайтып ораламыз деп уәде берген көрінеді.

Ауғанстанға келісімен жұбайы өзгеріп сала берген. Бірден дөрекі, қатал қожайынға айналған. Қандағар маңында әйелін чадра киюге мәжбүрлеп, бөлек бөлмеге қамап қойған. Жеті жыл бойы туыстарымен хабарласуға тыйым салып, ешқайда шығармай жас әйелді заңсыз қамауда ұстап отырған. Айтуы бойынша екі рет қашпақшы болыпты, бірақ… Үшінші рет қайын сіңлісінің жаны ашып, оған Кабул қаласына қашып шығуға жәрдемдесіпті. Ол бір нәрсені ғана армандайды: Отанға оралып, мынадай қорқынышты түсті ұмыту.

Біз қашып келген әйелді екі баласымен бірге елшілікте орналастырдық. Күзетін маған бағынатын және елшілікті қорғауға жауапты өзіміздің Шекара қызметінің әскери қызметшілері қамтамасыз етті. Екі күннен кейін жанына бір топ қарулы адам ертіп күйеуі келді. Олар тағы екі күн бойы дипөкілдікті қоршап тұрды. Ақылын ашуға жеңдірген азамат әйелі мен балаларын қайтарып беруді талап етіп, егер айтқаны орындалмаса радикалды қадамдарға баратынын айтып қорқытты.

Бірнеше сағатқа созылған нәтижесіз келіссөздерден кейін мен іске көштім. Әйелді бронды автокөлікке отырғызып алып, көмекшіміз екеуміз әдетте үнемі жабық тұратын қосалқы қақпа арқылы әуежайдың жолына ытқып шықтық. Әрине, біз уақыттан ұттық, бірақ… көздеріне түсіп қалдық. Ашуға мінген күйеуі сыбайластарымен бірге соңымызға түсті. Мылтық дауысы естілді. Әзірше әуеге…

Абырой болғанда, жергілікті полиция және арнаулы қызметтермен орнатқан жедел байланыстар іске қосылды. Олар алдымен мұздай қаруланған қуғыншыларды әуежайға кіре берісте тоқтатып, көлікті ұзағырақ тексеріп, жүргізушіні сұрақтың астына алды…

Бұл уақытта біздің алдымызда күрделі міндет тұрды – ешқандай заңды құқықсыз әйел мен балаларды ұшаққа отырғызып жіберу. Ең аяғы, балалардың туу туралы куәліктері де жоқ. Дегенмен, сәтін салып, Душанбеге ұшқан әуе рейсі қашқын әйелді біздің сол жақтағы ресми өкілдің қолына аман-есен жеткізді. Біз отандас қарындасымыздың өз үйіне оралуы үшін барымызды салдық.

Қоштасар кезде қазақстандық әйел мен балаларының көздері қуаныш пен бақыт жасына толды. «Рахмет сіздерге! – деген сөздер жүрегінен шықты, – Бәріңізді Алла жарылқасын!». Азаматтарымыздың көздеріндегі қуаныш жасы, еліміздің амандығы мен тыныштығы – ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері үшін ең жоғарғы марапат және жұмыс нәтижесі…

Жергілікті қуатты құрылымдармен байланыс орнатуда – «Сенсең де секемшіл бол!» – біздің басты ұстанымымыз еді. «Арнаулы қызметтер дос емес, дос елдің арнаулы қызметтері ғана бар» – дегендей. Бұл тұрғыда ауғандық әріптестеріміздің менталитеті өзгеше, қатаңдау деуге де болады. Біз олардың «алдамшылдығын» да жоққа шығармайтынбыз. Оған мысал да бар.

Елшіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен және өзге де міндеттермен қатар, біздің уақытымыздың басым бөлігі ресми өкілдердің негізгі тапсырмасын орындауға жұмсалады, ол: халықаралық террорлық ұйымдардың мүшелері болып табылатын біздің елдің азаматтарын анықтау және шетелдегі қазақ жамағаттарын тарату. «Құстарды» «торға түсіру» үшін біз жергілікті серіктестермен бірлесе отырып агентура дайындап, ортаға енгізетінбіз, зерделеп, орналасқан жерлерін анықтап, ұстауға бағыт-бағдар беретінбіз.

Осылайша, біздің көрсетуіміз бойынша солтүстік провинциялардың бірінде ДАИШ мүшесі болып табылатын, Қазақстан қалаларының бірінде террорлық акті ұйымдастырғандығы үшін сотталған ҚР азаматы ұсталды. Бір қарағанда – міндет орындалды, іс бітті. Алайда содыр қамалған тергеу изоляторының бастығы «қой терісін жамылған қасқыр» екендігі белгілі болды. Оның террорлық ұйымдармен байланысып, өте шебер нұсқаушы-жарғыш болып есептелетін әлгі содырды босатып алу туралы келіссөз жүргізіп жатқандығы анықталды.

Біздің «туристті» елге экстрадициялау бойынша көп тер төгуге тура келді. Бұл жерде жұмыстың нәтижесін «алдын орау» іс-қимылымыз қамтамасыз етті. Ашығын айтсақ, елдің күштік құрылымдары мен Қауіпсіздік кеңесі басшыларымен орнатқан жеке байланыс терроршылардан бұрын қимылдауымызға мүмкіндік берді. Содырды алдымен Кабулға жөнелтіп, соңынан Қазақстанға экстрадицияладық. Кейін анықталғандай, ол өз елімізде жарылыстар ұйымдастыруды көздеген екен. ҰҚК-нің күшімен ұлттық қауіпсіздігімізге төнген кезекті қатердің жолы дер кезінде кесілді.

8 наурыз күні мен әдеттегіден ертерек ояндым. Әлі де біраз ұйықтай тұру ойымда бар еді. Түсіме елдегі, мені сарыла да сағына күтіп жүрген отбасым кіріпті. Кенеттен, жарымның жанұшыра айқайлаған дауысын естігендей болдым: «Саңырауқұлақ! Шұңқырға!..»

Жарылыс, тағы да жарылыс. Атыс басталды.

Тереземнің әйнегі сынды. Ең алдымен рация арқылы шекарашылармен байланысып ұрыстық дабыл жарияладым, жауынгерлер шептеріне орналасты. Елшілікке барар жолда серіктестер хабарлады: «Әскери емхана жанында ұрыс болды. Жанкештілер тобы шабуыл жасаған. Біреуі өзін кіреберіс қақпаның алдында жарып жіберген. Шабуылдаушы топ ішке басып кіріп, бірінші және екінші қабаттарда бекінген».

Әскери емхана тұп-тура біздің дипөкілдігімізге қарама-қарсы орналасқан. Арамызды 100 метрдей кішігірім бақ ғана бөліп тұр. Содырлар қоршауға алынған, шегінетін жерлері біреу ғана – ол біздің елшілік. «Қорғанысты ұйымдастыру қажет», – деп ойладым, мен… .

Корпусқа келіп, нарядтың дайындығын тексердім. Ұжымның бекітілген эвакуация жоспарына сәйкес қауіпсіз жерде екендігіне көз жеткіздім. Шекара қызметінің жауынгерлерімен бірге елшіліктің шатырына шықтық, ол жерден емхана іші алақандағыдай көрініп тұрды. Сол жерден серіктестерге содырлардың орналасуы туралы бағыт-бағдар бердік. Осының арқасында жергілікті арнаулы мақсаттағы жасақтың іс-қимылы сәтті болды. Бес сағатқа созылған операция біз үшін бітпестей көрінген еді.

Наурыз оқиғаларынан кейін екі ай өткенде шекарашылар өздерінің міндеттерін аяқтап Отанға қайтуға дайындалды. Жол қамына кірісіп, арқа-жарқа болысып жатты… Мен өз кабинетімнің балконынан осы бір қарбалас тіршілікке қарап, мамырдың мамыражай таңына рахаттанып тұрдым.

Телефон қоңырауы естілді. Мен ішке кіріп тұтқаны көтердім. Арғы жақтан дауыс талып естілді: «Балам, саңырауқұлақ!»

Жарылыс дауысы таңғы тыныштықты тас-талқан етті.

Елшіліктің кіреберіс қақпасының жарылғанын бірден түсіндім. Жарылыс біреу ғана, бірақ өте күшті болды. Елшілік ғимаратына келіп, дипөкілдіктің, елші резиденциясының және дипломаттар үйінің терезелерінің, есік жақтауларының сынғанын көрдім. Үшінші қабаттың терезесі сынып, елшіліктің кіре беріс төбесін сындырып түсіпті. Сәтін салғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Серіктестердің хабарлауынша, таңертең ерте бізден 3 км қашықтықта жарылғыш зат толтырылған жанармай тасығыш жарылыпты. Жарылыс болған жерде тереңдігі 7 метр шұңқыр пайда болған. 500 ден астам адам қаза тауып, 5 км айналада барлық ғимараттар әйнексіз қалған. Бұл террорлық акті қалада жаппай дүрбелең туғызып, ел астанасында қозғалысты мүлдем тоқтатып тастады.

Осының барлығына қарамастан мен жаңадан келе жатқан көмекшімді әуежайдан күтіп алуым керек еді. Манифестанттар мен полицияның назарын аудармас үшін жергілікті тұрғындарша киініп, жасырын көмекшілер тауып берген елеусіз автокөлікке отырып, бүркемеленуге тура келді.

Қалада бей-берекет атыс. Әуежайға ұшып келген көмекшіме жымия қарап, жергілікті тілде: «Ауғанстанға қош келдің!» дедім. Жаңа көмекшімнің бет жүзінде сан түрлі эмоция, абыржу мен таңданыс. Осыдан 20 жыл бұрын Гераттармен де дәл осындай күй кешкен едім. Бір жақсысы – оған толық жүкпен, автоматпен тікұшақтан секіруге қажеттілік туындамады.

Іссапарлар арасындағы 90-шы жылдардағы үзілісте, Ауғанстанды азамат соғысы сергелдеңге салып жатқан кезде Пәкістанда, кейіннен өңірде және әлемдік геосаясатта күштерді жаңаша орналастыруға үлкен ықпал еткен жаңа күш – Тәліптер пайда болды. Бұл діни фанаттар тобы, пәкістандық арнаулы қызмет әскери іске тәрбиелеп шығарған халықаралық террорлық ұйымдардың итаршылары. 2001 жылы құлатылғаннан кейін олардың екі онжылдық өткенде Кабулға жеңімпаздар ретінде қайта оралып, ел тұрғындарын қорқыныштан қалтырататындарын айтса ешкім сенбес еді.

Бірақ осылай болды. Енді мені осы бір күрделі елге кезекті және өте қатерлі іссапар күтіп тұр...

27 ноября 2021
САРДАРДЫҢ ЕРЛІК САБАҒЫ

Қатардағы жауынгер Данияр Өнербай гранатаны қолында нық ұстап тұрып, оның сақтандырушы сақинасын жұлып алды. Сосын гранатаны лақтыру үшін оң қолын көтере берді де... күтпеген жерден оны дәл аяғының астына түсіріп алды...

Бұл оқиға 2019 жылдың 19 маусымында болған еді.

ҰҚК Шекара академиясының полигонында шекарашылар сапына көктемде шақырылған жас сарбаздарға арналған оқу-жаттығу сабақтары өтіп жатқан. Сарбаздардың жауынгерлік деңгейін 2027 әскери бөлімі командирінің орынбасары полковник Сергей Смицкихтің өзі бақылап тұрған.

Мақсат – жылдағы қалыптасқан дәстүрмен, жас сарбаздарға граната лақтыруды үйрету.

...Алдымен кадеттер мектебін, сосын ҰҚК Әскери институтын бітірген соң «Шығыс» өңірлік басқармасының Зайсан, Шонжы, Қарасай шекара отрядында өзінің борышын өтеген полковник С.Смицких ел шебінің қай нүктесінде болмасын өзінің нағыз ер екенін таныта білді.  1999–2000  жылдары еліміздің оңтүстік шекарасында бірінші болып туын желбіреткен Сарыағаш шекара отрядының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Сол жылдары шекарашылардың күшімен ашылған шекара комендатуралары мен заставаларында сардардың алақанының табы бар.

Әскери әзірлік барысы әдеттегідей басталған.

Алдымен Алматының арғы бетінен Қаройға ат арылтып жеткен сарбаздар атшаптырым алаңда сапқа тұрғызылып, бүгінгі оқу-жаттығудың жетекшісі полковник С.Смицких жеке құрамға граната лақтыру кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды мықтап тапсырды. Арасында «граната – қолыңа ұстап үйренуге арналған ағаш «ойыншық» емес, сақинасы жұлынған соң-ақ «ысылдап» шыға келетін жылан секілді, шақпай қоймайтын, санаулы секундтың ішінде жарылатынын шегелеп тұрып айтты.

Қаз-қатар тізілген сарбаздардың да алдағы айтулы шараны тағатсыздана күткендері албырт жүздерінен байқалады. Жас ғұмыр­ларындағы алғашқы қадам. Сондықтан қалай болар екен деген қорқыныш та жоқ емес.

Сөйтіп, маңызды сәт те басталды.

Сарбаздар оқу-жаттығу жетекшісі тұрған траншеяға жүгіріп келіп, кезекпен тапсырманы орындауға кіріскен. Қимылдары ширақ, әскери өмірге қалыптасып қалғандары байқалады.

 Кенет... Мына қырсықты қарасаңызшы. Кезегі келіп, құлашын керіп, енді лақтыра бергенде қатардағы жауынгер Данияр Өнербай абайсызда қолындағы гранатасын жерге түсіріп алды. Сосын бір орнында қаққан қазықтай қатып қалған...

Ілгегінен ажырап іске қосылған гранатадан сардар да, сарбаз да аман қалмайтыны екі бастан анық. Осының бәрін ойлап үлгерді ме, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз, осы кезде жайдың оғындай атылған полковник жерде жатқан гранатаны алып, лақтырып үлгереді де өзі сарбаздың үстіне құлайды.

Бірақ болары болып, бояуы сіңіп қойып еді... Граната сардар мен сарбаздан небәрі бір жарым метрдей жерде жарылды.

Жарылыстан құлақтары бітіп қалғандай. Айнала төңіректе құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Содан кейін алыстан сарбаздардың шулаған дауыстары мен полк командирінің қобалжулы дауысы талып естілді.

Одан кейінгісін білмейді. Есін әскери госпитальға жеткізіліп, шұғыл жасалған отадан кейін бір-ақ жинады.

Екеуі де ажал аузынан аман қалды. Бұған сардардың үстіндегі бронды кеудешенің де көп көмек тигізгені хақ...

***

Екеуін бір палатаға жатқызды. Отадан кейін тез жазылуға бет алған Данияр өзінің құтқарушысынан шекарадағы қызмет туралы жиі сұрайтын болды, бір жағынан уайымы да жоқ емес... Полигонда болған оқиғадан кейін ол қаруластарынан көп кейіндеп қалды. Ал антты бірге қабылдап, әскери өмірдің алғашқы қиындығын бастарынан бірге өткізген достары туған елінің шетінде қызмет атқаруға ендігі кірісіп те үлгерген болар... 

Жігіттің бойындағы жастыққа тән жалынды көріп, Сергей Викторович жарылыстың салдарынан алған ауыр жарақаты жанына қанша батса да, өзінің тағдыршешті тайталастағы қадамына еш өкініп көрген жоқ.    

Ол басқаша жасай алуы мүмкін бе еді? Жоқ. Сарбаздарына ерлік сабағын көрсеткен сардардың өзі де бір кездері осы мамандықты жүрегінің қалауымен таңдады емес пе? Өйткені ерлік сабағын осыдан талай жылдар бұрын өзінің әкесі де көрсеткен болатын... Отан алдындағы қызметтік борышын өтеу арқылы...

***

Ол бала кезінен әкесі – Марқакөл аудандық өрт сөндіру қызметінің капитаны Виктор Смицкихқа тәнті болатын әрі мақтан тұтатын.

Әлі есінде, ол ата-анасы жұмыс­та болған кезде шкафтан әкесінің мерекелік мундирін алып, кеудесіне тағылған «Ерлігі үшін» медалін ұзақ тамашалағанды ұнататын. Бұл медальмен Виктор Андреевич адамдарды өрттен құтқарғаны үшін марапатталған болатын.

Әкесі оның жадында ұзын бойлы, келісті, мейірімді күлкісімен, өз-өзіне сенімді жүрісімен сақталып қалды.

Оның қызметі күн, түн деп бөлінбейтін. Бақытсыздыққа тап болған адамдарды құтқару үшін уақыт талғамайтын... Қажет болса, түн ортасында орнынан тұрып кете беретін... 

Сондықтан Виктор Андреевичтің үйде болғаны үйдегілер үшін нағыз мерекеден кем емес еді.

Шілденің сол бір тағдыршешті күні Сергей Викторовичтің әлі есінде. Сынап бағанасы рекордтық көрсеткішке көтерілген аптап ыстықтан тұтанған от таудағы орманды шарпыған...

Таудың ауқымды аумағын құшағына алған өртті ауыздықтауға Күршімнің бүкіл өрт сөндірушілері жұмылдырылды. Олардың ішінде Сергейдің әкесі – өзінің мамандығына жан-тәнімен берілген ержүрек өрт сөндіруші де бар болатын.

Төбесінен шың-жартас түксиген таудың бұралаң-бұрылысы көп соқпақтарының бірімен кетіп бара жатқан ішінде Виктор Андреевич бар өрт сөндірушілердің көлігі еңіске құлап, бірнеше мәрте аударылды.

Осылайша, полковник С.Смицких әкесіз қалды. Өзінің өмірдегі ең басты ақылшысынан айырылды. Әкесінің мамандығына адалдығы, жанқиярлығы мен қайсарлығы ұлына ауысты.  

Сергей Викторович жаңылысқан жауынгерді ажалдан құтқарып қалу үшін ауыр соққыны жанкештілікпен өзіне қабылдады.  Өзінің тірі қалмауы мүмкін екенін де ойлаған жоқ.

Өзінің офицерлік борышын бәрінен де биік қойған полковник­тің батыл қадамын жоғары бағалаған Президент Қ.Тоқаев сардарды І дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

Енді әкесі секілді шекарашы сардардың да мерекелік мундирінде ерлігі үшін берілген орден жарқырап тұратын болады.

«Әке, сен мені мақтан тұтуыңа болады», – деді офицер өзіне ыстық адаммен ойша сырласып...

26 ноября 2021
КОНТРАБАНДИСТІ КЕМПІР ҚАЛАЙ ТЕКСЕРДІ? (жедел қызметкердің әңгімесі)

Ядролық қарудың қаншалықты зұлмат екенін қазіргі уақытта ешкімге тәптіштеп жатудың қажеті жоқ. Кейбір мақалалар мен көркем шығармаларда оны «тамұқ» немесе «қиямет күнінің қаруы» деп те жатады. Әсірелегеніміз емес, өкінішке орай бұл шындық.

Мен бір кездері ядролық қарудан азат әлем үшін күрестің алғашқы қарлығашына айналған елде туғанымды мақтан тұтамын. Қазақстан Семей ядролық сынақ полигонын жауып қана қойған жоқ, КСРО тарқаған кезде өз аумағында қалған арсеналдан өз еркімен бас тартты. Айта кету керек, бұл сол кезеңде көлемі жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық арсенал болатын. Бұл өте сұңғыла, дұрыс шешім еді.

Дәл осындай, әсіресе ядролық сияқты қырып-жою қуаты бар сұрапыл қару әрдайым бүлдіргіш күштерді сұқтандырып келген. Мысалы, халықаралық террорлық ұйымдар «лас бомбалар» жасап шығару үшін ядролық және радиоактивті материалдарды қолға түсіруге жиі-жиі талпыныс жасайды. Олардың осындай арам пиғылдарына контрабандашылар көмек қолын соза қалады.

Өз басым «бейбіт емес атом» дегеннің не екенін, оның қандай орны толмас қасірет әкелетіндігін жақсы білемін. Мен Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. СЯСП немесе Семей полигоны мен үшін абстракт ұғым емес. Мен ядролық қару сынағының құрбандарын өз көзіммен көрдім. Миллениалдар немесе зумерлер үшін нақтылай кетейін, Семей ядролық сынақ полигонында 468-ден астам (!) ядролық қару сынақтары жүзеге асырылған.

Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, ядролық контрабандамен айналысқан топтың іс-әрекетіне тосқауыл қою бақытының тек маған бұйыруында үлкен символдық мән бар тәрізді.

Барлығы, «қажетті» жерлерде жедел мақсатпен сауатты жайылған тор арқылы алынған, алаңдатарлық ақпараттан басталды – халықаралық қылмыстық топ Өзбекстанда орналасқан уран кен орнынан шығатын аса қауіпті ядролық материалдарды шекара асырып, контрабандамен айналысып жүрген көрінеді.

Арнаулы қызмет нысанасына ірі көлемді «Уран-235, 238» ядролық материалын саудаламақ болған кәнігі контрабандист алынды. «Ірі көлемді» дегеніміз - 1 килограмм.

Әрине, бәзбіреулер үшін «ірі көлемді» дегеніміз әсірелеушілік болып көрінер, бірақ оларға «Уран-235» материалының 1 килограмы өзінің жарғыш күшімен 22 мың тонна тротилға тең екендігін түсіндіре кетелік.

Міне, осындай апатты алапат күш – бұл жүк қай жерде тұрса сол елдің ұлттық қауіпсіздігіне орасан зор қатер төндіреді. Бұндай сәттерде салғырттық таныту мыңдаған адамның өмірін тәуекелге тігумен бірдей. Демек, жылдамырақ қимылдау керек. Қимылдағанда, барынша батыл және жан-жақты ойланып барып қимылдаған жөн.

Комитет басшылығының мақұлдауын алып, біз жедел ойынды бастап кеттік. Ең алдымен «сатушыны» анықтап, бақылауға алдық. Контрабанданың бүкіл бағыты, оған қатысушылар, ең бастысы – ядролық материалдың шыққан жері нақтыланды.

Дәл ұйымдастырылған агентуралық жұмыс қаскөйлердің бүкіл арам пиғылдарын ашып берді. «Сатушы» қарадүрсін, Өзбекстан жаққа заңсыз барып-келіп кәдімгі контрабандамен айналысып жүрген, азғындық жолға түскен қазақстандық азамат болып шықты.

   Өмірі қисық арнамен кеткен. Бірнеше рет сотталған, отбасынан ажыраған, қарызға белшесінен батқан, екі баласы мен егде жастағы ата-анасын адал еңбекпен емес, арам жолмен асырамақ болған. Нәпақа табудың заңды жолдарын іздеуге ол тіпті де талпынбаған. Аз нәрсені сатып көп олжаға кенелу мүмкіндігі оның ақыл-есін алған. «Тауардың» қауіптілігі оның ойына да келмеген тәрізді.

Кинода бұндай адамды зерделеуге ұзаса 5 минут жетер ме еді, ал шынайы өмірде тоғыз айымыз кетті. Объект тым сақ, бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғандықтан ба екен, өте күдікшіл болып шықты. Күйгелектеніп, маңайындағы әрбір адамнан қылмыстық ортаға енгізілген жедел қызметкерді әшкерелеуге талпынумен болды.

Заттың шынайылығына көз жеткізгеннен кейін біз бұл азаматты қылмыс үстінде, сату кезінде қолға түсіру туралы шешім қабылдадық.

Енгізілген жедел қызметкер «сатушымен» бірқатар кездесу өткізіп, заттың бір килограмын 200 мың АҚШ долларына сатып алуға келісіп, кездесетін жер мен уақытты белгіледі.

Шиеленіс қос тарапта да шектен асты. Контрабандист сатып алушыны, яғни біздің жедел қызметкерді тексеріп көрмек болып алғашқы кездесуге уранның орнына құм алып келді. Арнайы операция сәтсіздікке ұшырауға шақ қалды. Бүкіл арнайы топтың «бас қатырғаны» – ядролық материал қайда деген сұрақ болды.

Сауда аяғына жетпеді, алдын ала пысықталған «аңыз» сатып алушы жедел қызметкердің кездесу орнынан әшкереленбей кетуіне мүмкіндік берді.

Алайда, контрабандистің көкейін тескен оңай ақша оның күдікшілдігін бәсеңдетті. Ол «сатып алушының» қалталы екендігіне көзін әбден жеткізіп барып, онымен кейінірек байланысқа өзі шықты. Бұл жолы тауардың дәл өзі болатындығына сендіріп, екінші рет кездесуге шақырды.

Ядролық материалды сату идеясы ол үшін бақуатты өмірге алынған билет болып көрінгендігі анық. Мәселенің моральдық және этикалық жақтарына ой жүгіртіп жатуға басын да қатырмаған. Енгізілген қызметкерлердің бірі ептеп уағыз айтып, «сатушыны» дұрыс жолға салмақ болған екен, құлағына да қыстырмапты.

Ақыр соңында, қосымша сату үшін контрабандист өзіне белгілі «сатып алушыларға» Өзбекстаннан трансшекаралық жолдар арқылы уранның белгілі бір көлемін тағы да алып келіп, оны саудалап жатқан кезде ұсталды.

Бұл кезде бізге тауардың қай елден шығып жатқандығы, шекараның арғы бетінде контрабандистің, қолдарында «Уран-235, 238» материалының бірталай мөлшері бар сыбайластарының бар екендігі белгілі болатын.

Сондай-ақ «сатушының» уранды өткізгеннен кейін екі сағат ішінде оларға сауданың сәтті аяқталғаны туралы хабарлауы тиіс болғандығы, әйтпесе ол тұтқындалған болып есептелінетіндігі анықталды.

Бұл жерде жедел топтың өз іс-қимылын асқан дәлдікпен стратегиялық тұрғыда жоспарлап алуы тағы да үлкен көмегін тигізді. Осылайша, ұсталған адамның мінез-құлқы мен психологиялық ерекшеліктерін алдын ала мұқият зерттеу бойынша бірнеше айға созылған қажырлы еңбек бізге контрабандисті аз уақыттың ішінде тергеумен толық ымыраға келтіруге мүмкіндік берді. Ол «ақшаны алдым, уайымдайтын ештеңе жоқ» деп «әріптестеріне» хабар жіберді. Бірақ бұл оның шетелдік сыбайластарының секемшілдіктерін сейілтпеді. Олар өздері тексеріп көрмекке бел буды.

«Ташкент-Алматы» пойызымен Өзбекстаннан арнайы адам келді. Оның міндеті контрабандистің тыныс-тіршілігін бақылау болатын.

Біз бұндай ықтималдықты алдын ала ескермегенде олардың ойлары іске асып кетуі де ғажап емес еді. Жедел қызметкерлер жырақтан келген «ревизорды» уақыт оздырмай-ақ тауып алды. Ол жасы алпысты алқымдаған, елеусіздеу келген егде әйел болып шықты.

Өткізілген кәсіби нұсқамадан кейін, өз жағымызға тартылған қылмыскер әлгі әйелмен кездесіп, өзінің бостандықта жүргендігіне, артында аңдушылардың жоқ екендігіне көздерін жеткізді. Ол біз дайындап берген аңызды дәлме-дәл ұстанды: «тауар сатылды, тағы да керек, сатып алушы дайын».

Біз неге бір жолғы тауарды тәркілеумен ғана шектеліп, арнайы операцияны осы жерден тоқтатпадық? Жауап қарапайым, біз үшін маңыздысы – контрабанданың бүкіл тізбегін жойып, Қазақстанға ендігәрі ядролық материалдың әкелінуіне жол бермеу болатын.

Сондықтан да басшылықтың санкциясымен Өзбекстанның арнаулы қызметін қатыстыра отырып, жедел жұмысты халықаралық деңгейде жалғастыруға шешім қабылданды.

Біздің өзбекстандық әріптестеріміз ойынға бірден кірісіп кетті. Солармен біріге отырып қылмыстық топтың белді мүшелерінің барлығын Ташкент қаласына алдаусыратып шақырып, өздерімен бірге ірі көлемді уран топтамасын ала келуге көндірдік. ҰҚК қызметкерлерінен құралған арнайы топтың құрамында Ташкентке мен де ұштым.

Шиеленіс шырқау шегіне жетті. Қылмыскерлер өздерінің мойындарына қыл арқанның жақындап қалғанын түйсінгендей, бұрынғыдан бетер күдікшілденіп, болмашыдан сезіктенеді. Олар тіпті тауарды саудалауға өздерімен бірге бірнеше өзбек ҰҚТ мүшелерін тартыпты.

Бұл қызметкерлердің өміріне төнген қосымша қауіп-қатер мен тәуекел еді. Алдын ала келісімдер кезінде біздің жедел қызметкерлер мен өзбек әріптестер табельді қаруларынан бір сәтке де ажырамай, оны кез келген уақытта қолдануға тастүйін дайындықпен жүрді.

Жүйке сымдай тартылған. Мені әне-міне барлығы қирайтындай сезім бір сәтке де тастамады. Күтпеген өзгерістер тым көп еді. Өзбекстандық қылмыскерлерден күдікшілдік есіп тұрды.

Олардың кінәмшілдігі алдын ала келісілген шарттардың бұзылуына алып келе берді. Ең шешуші сәттерде кездесу орындары мен «тауардың» көлемі өзгерістерге ұшырап, диалогтарда «жасандылық», «сатып алушыларды» жойып «бас сауғалау» туралы сөздер жиі айтыла бастады.

Арнайы операцияның сәтті аяқталуына тағы да сол ашкөздік септігін тигізді. Кездесуге бүкіл құрамымен келген өзбек контрабандистері қолдарында ядролық материалдың алдын ала келісілген мөлшері жоқ екендігін хабарлады. Бұл дегеніміз бұрынғы келісімдердің барлығын өзгерту еді.

Дегенмен, қоштасу кезінде қылмыскерлердің басшысы, байқауымызша ҰҚТ иерархиясындағы басты тұлға, басқаларға байқатпай «сатып алушы» жедел қызметкерге қарап көзін қысты. Бұдан әрі олардың арасында тет-а-тет әңгіме орын алып, әлгі 200 мың долларға 860 грамм қажетті тауарды алып келуге уәде берді.

Тауардың қажетті мөлшері жоқ дегені жалған сөз болып шықты. Ол осылайша, олжаны бөліспес үшін өз сыбайластарын алдаған екен. Жанындағы жиенін уранды алып келуге жұмсады.

Бұдан арғысы белгілі. Қылмыскерлердің барлығы тұтқындалды. Екі елдің арнаулы қызметі ортақ істі асқан дәлдікпен атқарып шықты.

Біздің іс-қимылымыздың нәтижелері өзбек әріптестеріміздің тарапынан жоғары бағаланды. Олар осындай ауқымды операцияға тұңғыш рет тартылған екен. Маған және бірнеше жедел қызметкерге Өзбекстан МҚҚ Төрағасының лебізі ойып жазылған қолсағаттар берілді. Дәл осындай жауапсыйлар біздің мекемеміздің тарапынан да жасалып, көзге түскен өзбек қарсы барлаушылары да марапатсыз қалмады.

Менің жалпы ядролық технологияларға деген көзқарасым біржақты емес. «Бейбіт атом» адамзаттың игілігіне қызмет етуі тиіс, бірақ радиоактивті материалдардың контрабандасына жол жоқ. Осыған жол бермеу ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің басты міндеттеріне жатады. Тек солар ғана ядролық материалдардың контрабандалануы, олардан ядролық қарудың жасалуы сияқты нақты қауіп-қатердің бетін қайтару жолында үлкен жауапкершілік арқалайды.

Ал әзірше мен және менің маңайымдағы жедел қызметкерлер «көрінбес майдан» шебінде «көрінбейтін жаумен» шайқасып, уақытпен санаспай, ет-жақындарымызбен бірге болу мүмкіндіктерін құрбандыққа шала өз міндеттерімізді атқарып жүрген кезде еліміз ешқандай алаңсыз тыныш ұйықтай алады.

26 ноября 2021
ЖОҒАРЫ ПИЛОТАЖ

Түн ортасының ауғанына қарамастан, пойыздағы жолаушылар ұйықтамады. Пойыз тек Ресей өткізу пунктінен өтті. Енді олар Қазақстан аумағына кіру үшін шекарашылардың жіті құжаттық бақылауынан өтуге тиіс.

Вагондардың бірінің төменгі сөресінде Тәжікстан азаматшасы орналасқан. Отандастарымен бірге ол өз еліне сапарлап шыққан еді.

Құжатын алған әйел терезеге жақын отырды. Оның жүрегінің соққысы жиілей бастады. Тынышталуға тырысты. Бұл жолы да алдыңғы он жеті рет өткені сияқты паспорттық тексеруден жақсы өтемін деп өз-өзін сендірді. Жалған құжат жасату үшін қомақты қаражат жұмсағанын ойлады.

2018 жылдың 30 қыркүйегінде Мәскеу-Әндіжан бағытындағы жолаушылар пойызы тежегіштерін сықырлатқан күйі перронға келіп тоқтады.

Вагондардың есіктері ашылды.

Вагонға шекарашы формасындағы нәзік бойлы сұлу қыз кірді. Оң қолында кішкентай шамаданы бар.

Бұл ефрейтор Олеся Сальменова болатын.

Ол жолаушыларға лық толы вагонның ішін көзімен шолып шықты да құжаттарды тексеруге кірісті.

– Сәлеметсіз бе? Өтінемін, төлқұжатыңызды көрсетіңіз, – деді ол жолаушыға сыпайы да іскер қалыппен.

Уақыт таңғы төртке таянған кез. Бақылаушы өзінің шаршағанын сыпайы да сүйкімді күлкісімен шебер жасырды.

Жолаушылар оған құжаттарын кезек-кезек тексерте бастады.

Сырттан қараған адамға шекарашы тексеруден өткізген азаматтардың деректерін компьютерге жай ғана енгізіп жатқандай әсер береді. Бір кезде ол фотосуретті салыстыруға берген құжат иесіне ұзақ қарады. Осындай қысқа уақыт ішінде құжаттың түпнұсқасын зерделеп, базадағы «жолы жабылған» адамдарды мұқият тексеріп үлгеретінін шекарашылар ғана білсе керек.

Ауысым наряды вагондардың бірінен кейін бірін нұсқамаға сәйкес мұқият тексерді. Кинолог өзінің қызметтік итімен тыйым салынған заттарды анықтау үшін жүктерді тексерді. Арнайы техникалық құралдары бар бақылаушылар қиын қуыстарды жіті бақылаудан өткізді.

Міне, азаматтардың төлқұжатын тексеру кезегі соңғы жолаушыға да жетті.  Ефрейтор О.Сальменова сәл күлімсіреген жүзбен әйелге қарады. Жолаушы 37 жаста еді. Оның қимылдары сенімді, бет-әлпетінен алаңдаушылық пен қобалжу байқалмайды. Тек құжатын ұсына беріп, жанарын төмен түсіргені қалай?

Олесяның түйсігі жолаушының бір нәрсені жасырғанынан хабар берді. Оның құжатын мұқият зерделеу үшін бар назарын салды. Бір қарағанда бәрі дұрыс болып көрінген. Төлқұжат аздап ескірген. Дегенмен барлық жазбасы мен мөрі анық көрінеді. Құжаттағы сурет те иесіне сәйкес келеді.

«Көңілім неге алаңдайды?! Бұл жолы түйсігімнің мені алдағаны ма? –деп паспортты мұқият зерделеген Сальменова ойға батты. – Міне, оң жақ беттегі меңі бірдей. Көзіндегі әжімдері де. Тоқта. Қандай әжім? Паспорт он жыл бұрын алынған. Бұл нені білдіруі мүмкін?! Таптым! Фотосурет жақында түсірілген. Төлқұжат ескі... Иә. Жалған құжат! Сондықтан да басып шығарғанда сызығы қисық кеткен. Дегенмен, бәрі кәсіби түрде жасалғанын мойындау керек».

Әйелге бірнеше рет қосымша сұрақтар қойды. Жолаушының толқып тұрғанын байқады. Оның тыныс алуы да жиілеп кетті.

Ефрейтор іштей күмәнінің шындыққа айналғанын түсінді. Бірақ сыр білдірмеді. Жай ғана сыпайы күлімсіреді. Әйелден өзімен бірге жеке купеге баруын сұрады. Сосын рациямен аға ауысымды шақырды.

Тергеу шаралары барысында Тәжікстан азаматы ұсынылған құжаттың әпкесіне тиесілі екенін мойындады. Кейін ұсталған адамның Ресейде Федералды іздеуде екені белгілі болды. Бірақ ол жалған құжат жасатып алып, он жеті рет мемлекеттік шекарадан өтіп үлгерген. Рейстермен ұшып, әртүрлі елге пойызбен жүрген. 

Сараптама көрсеткендей, жалған төлқұжат  жоғары деңгейде жасалған. Мөрлер мен су белгілерінің барлығы жалған болып шықты. Бірнеше жыл бойы шекарашылардың жалған құжатпен жүрген қылмыс­керді анықтай алмағандары да содан болып шықты.

Бірақ қырағылық танытқан ефрейтор О.Сальменова азаматшаның заңсыз сапарларына біржолата нүкте қойды.

Олесяның жоғары кәсібилігін ресейлік әріптестері де мойындады. Шекаралық өкілдердің кездесуі кезінде РФ ФҚҚ Орынбор облысы бойынша шекара басқармасының басшысы «Жайсаң» шекаралық өткізу пунктінің бастығы майор Ерлан Нысановты осыған дейін ұстатпай келген шекара бұзушыны құрықтағандары үшін құттықтап, Олесяны бағалы сыйлықпен марапаттады.

***

2019 жылы ішкі түйсіктің көмегі тәжірибелі де ұқыпты  бақылаушы

О.Сальменованың қызметінде ерекшеленуіне тағы да көмектесті. Шекарашы қыз тағы бір азаматтың жалған құжатпен шекара асқалы тұрғанын анықтады.  Бұл енді бақылаушының ең жоғары пилотажы болатын.

Сол күні кешкі сағат сегіздер шамасында «Жайсаң» (автокөліктік) шекаралық өткізу пунктінде Олесяның паспорттық тексеру кабинасына Нұрбек есімді жас жігіт келіп, өзінің төлқұжатын ұсынады. Ол сүйкімді жымиып, барлық сұрақтарға жауап берді.

– Қайда бет алдыңыз? – деп сұрады бақылаушы.

– Соль-Илецкінің тұзды көліне. Сонда сүйген қызыммен бірге бірнеше күн демалғым келеді, – деп жауап берді жігіт.

Сальменова Нұрбектің төлқұжатына қарап, фотосурет ұсынушыға ұқсамайтынын бірден байқады.

 Оның алдында ашық, көздері мейірімді жас жігіт тұрды. Құжаттағы жас жігіт оған қатты ұқсайды. Бірақ көздері басқа. Сабырлы, тіпті өңменіңнен өтетін көзқарас.

Ефрейтор О.Сальменова өз күдігі туралы аға ауысымға баяндайды.

Тексеру кезінде офицердің ұзақ әңгімесі нәтиже берген жоқ. Жас жігіт құжаттың өзіне тиесілі екенін дәлелдеумен болды.

Бақылаушы шындықты өзі  ашуға бекінді.

Төлқұжат деректерін ортақ базаның жүйесіне енгізген ол жігіттің азаматтық соттың шешімімен елден сыртқа шығуға тыйым салынған Айбек есімді сыңары бар екенін анықтады.

 Бұл факт көп нәрсені түсіндірді. Алайда жас жігіт өзінің айтқанынан қайтпай тұрып алды. Содан кейін бақылаушы Нұрбек мініп келген автокөліктің жүргізушісін әңгімеге тартты. 

Алғашында такси жүргізуші де жігіттің есімі Нұрбек екенін және шекарашылардың қателесіп тұрғанын қызбалана дәлелдеп баққан. Бірақ Олесяның қойған нақты бір сұрағынан кейін көлік жүргізушісінің шындықты мойындаудан басқа амалы қалмады (әңгімені егжей-тегжейіне дейін ашып айтуға болмайды. Әйтпесе біз бақылаушылардың кәсіби құпияларын ашамыз).

Нәтижесінде, Нұрбек ағасының төлқұжатын пайдаланғанын және оның есімі Айбек екенін мойындады.

***

Мұның бәрі кейінірек болған оқиғалар.

Ал 2018 жылдың қыркүйегінде шекарашылар паспорттық бақылауды аяқтаған кезде түнгі тыныштықты перронның жанында тұрған жолаушылар пойызы бұзды. Дөңгелектері рельске тиіп тоқылдаған пойыздың бір-біріне тіркелген сансыз вагондары ырғала қозғалған күйі жолаушыларын алыстағы Тәжікстанның Әндіжан қаласына сүйрей жөнелді.

Шекара наряды перрон бойымен жүріп келеді. Олар «Жайсаң» (теміржол) өткізу пунктінің әскери қызметшілері болатын. Мұнтаздай әрі жарасымды шекара формасын киген, түзу де сенімді жүрістері оларды пойыздан  түсіріп алған әйелдің қасында өзгеше етіп көрсетті. Ал азаматтық киіммен келе жатқан әйелдің көңіл күйі жоқ еді.

Ол терең дем алды. Содан кейін кетіп бара жатқан пойызға соңғы рет қарады. Туған жеріне осы жолаушылар пойызымен баруы керек еді. Әттең, жалған құжатты жасатқанына кінәлі өзі.  Енді, міне, шекарашылармен бірге штаб ғимаратына кіріп барады.

Бақылаушылар да оның көңілсіз екеніне ешқандай жанашырлық танытпады. Әйел – мемлекеттік шекараның тәртібін бұзушы. Мұндай азаматтармен шекарашылар әрқашан қатал. 

Пойыз жолаушысы қаржылық алаяқтық жасағаны үшін федералды іздеуде еді. Осы күнге дейін ол қылмыстық жазадан қашып жүрген. Жалған құжат оның түрлі елге кедергісіз ұшуына мүмкіндік берген болатын.

Тек бұл жолы емес…

25 ноября 2021
«ТОРНАДО» ОПЕРАЦИЯСЫ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕСІРТКІ ТІЗБЕГІН ҚАЛАЙ ЖОЙДЫ?

Апиын көкнәрін өндіру бойынша Ауғанстанның әлем елдері арасындағы «көшбасшылығы» талассыз, әрі героин атаулының «отаны» екендігі де әмбеге аян. Бірақ бұл елдегі синтетикалық есірткі өндірісінің шынайы көлемі миға сыймайды. Мысалы, «дизайнерлік» есірткілерге деген сұраныстың артып келе жатқандығын дер кезінде аңғара алған ауғандық есірткі зертханаларының бірқатары соларды дайындауға тез төселіп үлгерді. Бір метамфетаминнің өзін шығаруға ғана екі мыңға жуық шағын фабрикалар жұмылдырылған. Есірткі контрабандасы мен оны сатудан түсетін кірістің халықаралық лаңкестік ұйымдарды қаржыландыруға жұмсалатындығы да құпия емес.

Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік аймақта орналасуы синтетикалық есірткілердің ел аумағында қолданылу қаупін күшейте түсуде. Ең қорқыныштысы – «синтетика» ересектер мен жастар үшін қолжетімді затқа айналып, қылмыскерлер бұл тажалды ғаламтор арқылы сатудың схемасын ретке келтіріп те қойған. Ол арзан, сондықтан да жастарды өзіне жылдам тәуелді етіп алады.

Ауған жақтан ескен есірткі тасымалының ықтимал ауқымы мен қаупін қалт жібермеген Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Торнадо» операциясын ұйымдастырып, шеберлікпен жүзеге асырып шықты.

Жедел қызметкерлердің назарына халықаралық террорлық ұйымдардың бірінің бақылауындағы өте ірі трансұлттық есірткі құрылымы ілініп, жете тексеруге алынып, ауқымы кең іс-шаралар атқару туралы шешім қабылданды.

Тынымсыз еңбектің нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының Қазақстандағы және Еуропа мен Азияның бірқатар елдеріндегі тармақтары анықталып, оған қатысушылардың рөлдері мен міндеттері, байланыс арналары, тасымал бағыттары мен жасыру тәсілдері айқындалды.

Мұқият ойластырылған күрделі жүрісті комбинациялар бұл есірткі құрылымына ҰҚК-нің жедел қызметкерін енгізуге мүмкіндік беріп, ол өз кезегінде қылмыскердің рөлін шебер сомдай отырып, қарсыластардың ортасына мықтап орнығып алды.

Қазір бұл голливуд фильмінің желісі сияқты болып көрінеді. Қатысушылардың қандай тәуекелге бас тіккендері өздеріне ғана аян.

Сол кезеңде әлемдік эпидемиологиялық ахуалға байланысты мемлекеттік шекаралар жабылған еді. Бұл жедел қызметкерлер үшін «іздегенге сұраған» болды, өйткені ауғандық есірткі топтарының жандайшаптары есірткі өткізудің тұрақты арналарын табуға мұқтаж болғандықтан жедел қызметкер бұл құрылымға еш қиындықсыз еніп кете алды. Міне, оған Ауғанстаннан Қазақстанға, Италияға және Қытайға ірі көлемдегі контрабандалық есірткі тасымалын жүзеге асыру да тапсырылды.

 

«Достық көпірі»

«Торнадо» операциясы өзінің белсенді фазасына жақындады. Соның қарсаңында құрамына нағыз сенімді әрі тәжірибелі қызметкерлер іріктелген жедел топ жасақталған болатын. Шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды алдын ала келісе отырып, топ есірткі трафигі дайындалып жатқан жерге аттанып кетті.

Операцияға қатысушылардың естеліктерінен:

«Біз есірткі қылмысының эпицентрі – Ауғанстанға төрт адам болып аттандық. Өзбек-ауған шекарасынан осыдан 30 жыл бұрын Кеңес әскерлері Ауғанстанды тастап шыққан әйгілі «Достық көпірі» арқылы өттік.

Ауған шекарашылары өзбек әріптестеріне мүлдем ұқсамайды. Бірыңғай әскери киім, заманауи байланыс құралдары атымен жоқ. Ұсқындары әскерилерге қарағанда содыр-моджахедтерге көбірек келіңкірейді. Калашников автоматтарын немқұрайлы, бірақ сенімді ұстаған. Олардың қасында «Мазерати» спорттық көлігіне мініп жанына екі оққағар ерткен шекара бекетінің бастығы алабөтен көрінеді.

Топты Ауғанстан ІІМ қызметкерлері күтіп алып, күштік құрылымдарының күзетімен Мазари-Шариф қаласына бет алды. Күзетшілер әрдайым сақ, кез келген төтенше жағдай мен лаңкестік шабуылға сақадай-сай, дайын еді. Иә, ірі елді мекендер ауған үкіметінің басқаруында болғанымен қалааралық жолдар тәліптердің бақылауында еді, сондықтан да жолдағы қауіпсіздікке ешқандай кепілдік жоқ болатын.

«Жол жиегінде оқтармен шұрық-шұрық тесілген, алдыңғы орындақтары мен әйнектеріне қан дақтары шашыраған машиналар кездесе бастады. Бұл қобалжытарлық көріністер еді. Бұл минуттарда мен барлауға бірге баруға болатын сенімді жауынгер дос туралы сөздердің мағынасын терең түсіне бастадым. Бірақ, кез келген уақытта шабуылға ұшырау қаупіне қарамастан біз бір секундқа да өзіміз қабылдаған шешім үшін өкінбедік».

Қылмыстық топқа енгізілген жедел қызметкерге есірткіні тапсыру тәліптер бақылауындағы аумақта жүзеге асырылуы тиіс екендігін Ауғанстан Ислам Республикасы ІІМ басшылығы білген кезде «Торнадо» операциясы тоқтап қалуға шақ қалды.

Әйтсе де, Қазақстан жағының операцияны жарты жолдан тоқтата салуы мүмкін емес еді, өйткені оны дайындауға және өткізуге өте үлкен күш пен уақыт жұмсалған болатын. Қаншалықты қиынға түссе де, топ іс-қимылды әрі қарай жалғастыруға АИР ІІМ қызметкерлерінің көзін жеткізді.

«Біз моджахедтермен ауған полицейлерінің қатысуынсыз, өз бетімізбен кездесуге бел байладық. Алайда, арнайы жасақ жауынгерлері азаматтық киім киіп, «аңызға» сәйкес бізбен бірге жол көрсетушілер ретінде аттанды», – дейді жедел топтың басшысы.

Кездесу орны ретінде Балх провинциясының елді мекендерден шалғай бір таулы аумағы белгіленді.

Жол-жөнекей атыс дауысы естілді. Жақын маңдағы полиция учаскесіне шабуыл жасалыпты. Кейінірек, бұл құқық қорғау органдарының назарын басқа жаққа аудару мақсатында жасалған есірткі синдикатының қылмыстық жоспарының бір бөлігі екендігі анықталды.

Кешке таман пикаптарға мінген бірнеше ауғандық келді. Олар қаруларын жасыруға тырысқан да жоқ. Енгізілген жедел қызметкерге деген сенімсіздіктері де байқалып тұрды. Жасырын сөзді тағы бір қайталатқаннан кейін Еуропа елдері мен Қытайға контрабандалауға арналған есірткі заттары - 115 кг метамфетамин және 56 кг героин толтырылған 7 қапты қолдан-қолға тапсырды. Жүкті қабылдап алушыларға тапсыру шарты кейінірек, «куратор» арқылы хабарланатын болып келісілді.

Арнайы операцияға негізгі қатысушылардың бірі кейінірек: «Ауғандық есірткі саудалаушылармен болған осы бір қысқа кездесу менің бүкіл қызметімдегі ең шиеленісті сәттердің бірі болып қалды», – деп ағынан жарылды.

Ендігі жол кері қарай: Мазари-Шариф қаласына бару, одан әрі шекаралық қала Хайратон, осының барлығын артқа тастаған топ «Достық көпірі» арқылы жаяулатып Өзбекстанға қарай өтіп бара жатты.

«Жаяу жүрген әр метр жүйкемізге ауыр салмақ түсірді. Өзбек арнаулы қызмет өкілдері бізді Қазақстанға шығарып салды. Олармен өзара қарым-қатынасымыз әрқашанда биік деңгейде болатын», – деп естеріне алады жедел қызметкерлер.

«Торнадо» операциясының бірінші кезеңі осылай аяқталды.

 

Арнайы операцияның екінші кезеңіне дайындық

Жүктің аман-есен келіп жеткендігіне көз жеткізген есірткі синдикатының Қазақстандағы тармағының басшысы 26 кг героинды Италияға, 45 кг метамфетаминді Қытайға жөнелту туралы тапсырма берді. Синтетикалық есірткінің қалған бөлігі оның Қазақстандағы сыбайластарына берілуі тиіс болатын.

Жұмыс ауқымы ұлғая түсті. Сондықтан да жедел топ кеңейтіліп, 3 шағын топқа бөлінді. Енді олардың алдында тұрған міндет те күрделі еді, ол – қылмыскерлерді Қазақстанда, Қытайда және Италияда бір мезгілде қолға түсіруді дайындау және жүзеге асыру болатын. Аталмыш мемлекеттердегі заңнамалардың әркелкілігі бірлескен іс-шаралар үдерісін бірталай уақытқа созды.

Дегенмен, ауған трафигінің әлемге қауіп төндіретіндігін әріптестердің барлығы жете түсінгендіктен Комитеттің бастамасы олардың тарапынан қолдау тапты. Бірлескен арнайы операцияларды жүргізу бойынша жұмыстар басталып, іс-шаралар негізгі үш бағытта өрбіді. Қытайлық және италияндық әріптестерге бағыт-бағдар ҰҚК тарапынан беріліп отырды.

 

Италиядағы операция

Есірткіні Италияға дейін бақылап жеткізу Мәскеу арқылы, Ресейдің Федеральдық қауіпсіздік қызметімен бірлесе жүзеге асырылды.

Римге келе сала, енгізілген жедел қызметкер ауғандық ұйымдастырушымен хабарласуы тиіс болатын.

«Телефон қоңырауын күтіп отырған кезде біз итальяндық әріптестермен бірге есірткіні соған ұқсас затпен алмастырып тастадық. Бұл есірткінің сақталуына алаңдаған итальяндық тараптың өтініші бойынша жасалды. Бірнеше күннен кейін ағылшын тілін едәуір меңгерген есірткі қабылдаушы телефон шалды. Ол бізді Ауғанстан мен Пәкістаннан келгендер тығыз қоныстанған «гетто» ауданына шақырды», – дейді операцияға қатысушы.

Бұның барлығы арнайы операцияның барысына жедел бақылау жүргізу мен оның күш қолдану сатысын өткізуді өте қиындататын еді. Әйтсе де, жедел қызметкер есірткі қабылдаушыны қылмыстық мәміленің орнын өзгертуге көндіре алды. Нәтижесінде, кездесу «Термини» метро стансасына қарама-қарсы орналасқан «Макдональдс» мейрамханасының жанында өткізілетін болды.

«Мәміле» барысын синдикаттың итальяндық тармағының өкілдерін тұтқындау үшін Есірткілермен күрес бойынша орталық басқарманың бас директоры генерал-лейтенант Антонио Маггиоре және Рим қаласының прокуроры Лучиа Лотти құрған жауынгерлік топ қалт жібермей қадағалап отырды.

Белгіленген уақытта келісілген жерге пәкістандық екі ер адам келді. Кездесуге қатысушылар бір-біріне екіге жыртылған 100 долларлық купюраның өздерімен ала келген бөліктерін көрсетті. «Өз адамдары» екендігіне көз жеткізудің сан рет сыннан өткен ескі әдісі жағдайды аздап жаймашуақ күйге түсіргендей болды.

Барлығы да алдын ала ойластырылған сценарий бойынша өтіп жатты. Енгізілген ҰҚК қызметкері аз-кем сұхбаттасқаннан кейін такси тоқтатты. Бұл да дайындалып қойған автокөлік болатын. Есірткі қабылдаушылармен бірге барлығы қоймалар жаққа беттеді.

Осы жерде күтпеген жағдай орын алды. Жасырын қойманы қарап шығып,  қылмыстық топтың мүшелері түйіншектің бірін ашуға, есірткінің сапасын тексеруге ниет білдірді. Айтпаса да түсінікті, егер қылмыскерлер есірткінің ауыстырылғанын сезе қалса тек Италияда ғана емес, барлық бағытта операцияның күл-талқаны шығар еді. Сәтін салғанда, жедел қызметкер тілге шорқақтығына қарамастан есірткіні қабылдап алушыларды «тауарды» тексермей-ақ алуға көндірді.

Есірткі акциясы сәтті аяқталды.

Дәлме-дәл пысықталған жұмыс итальяндық серіктестерге үлкен әсер қалдырды. Қазақстандық жедел қызметкерлерді елге қарай шығарып салып тұрып генерал-лейтенант Антонио Маггиоре ҰҚК-мен бірлесіп өткізілген операцияның тарихи маңызына тоқталып, бұдан былай да бірлескен іс-шараларға дайын екендігін жеткізді.

 

Қытайдағы операция

Италиядағы операциямен бір мезгілде Қытайдағы есірткі тарату арнасын да жою қажет болған еді. Алайда коронавирус індетінің өршуі салдарынан Қытаймен арадағы мемлекеттік шекараның жабылуы екінші жедел топтың жұмысына едәуір өзгерістер енгізді.

Жаңаша қалыптасқан жағдайда қытайлық әріптестермен өзара іс-қимылды бейнеконференцбайланыс форматында жүзеге асыруға тура келді. Итальяндық сценарийден өзгешелігі – жедел қызметкерлер объектілермен тікелей байланысқа түсе алмайтын еді. Есірткі бизнесімен күресте тісқаққан жедел қызметкерлер объектілердің бейвербалды іс-қимыл көріністерін зерделеудің маңызын білгендіктен бұл міндеттің қаншалықты күрделі екендігін түсінеді.

Бақылаудағы жүк қытайлық әріптестерге қазақстандық өткізу пунктінде табысталып, ҰҚК қызметкерлерінің өздері Қазақстан Республикасында қалды.

Одан әрі Хайнань түбегіне жеткізілген кезде есірткі арнасын ұйымдастырушылар жүкті контактісіз әдіспен қабылдап алғысы келетіндіктерін айтты. Алынуға тиіс заттарды теңіз портының қоймалық ғимараттарының бірінде қалдырып, алушыларға оның координаттарын хабарлаған қытайлық арнаулы қызмет өкілдері қойманы екі күн бойы кірпік қақпай қадағалады.

Үшінші күн дегенде қоймаға жүк көлігімен екі ер адам келді-ау, әйтеуір. Бөшкелердің ішіндегі заттарды тексеріп, машинаға тиеп алып, қоймадан шыға бергенде олар арнайы жасақтың қолдарына түсті.

Бұдан әрі қарай – үйреншікті жұмыс. Қытайлық әріптестердің дер кезінде атқарған іс-шараларының арқасында халықаралық есірткі тобының серкесі мен 10 мүшесі қолға түсті. Синдикат Малайзияға, Филиппинге және Австралияға есірткі контрабандасын тасымалдауды жолға қойған екен және қытайлық арнаулы қызмет оларды екі жыл бойы зерделеп келіпті.

 

Қазақстандағы операция

Үшінші жедел топ халықаралық қылмыстық синдикаттың қазақстандағы тармағының соңына түскен болатын.

Ауған есірткі қоғамдастығын ұйымдастырушылардың қойған шарттары бойынша есірткінің Қазақстанға арналған бөлігін ел астанасындағы олардың сыбайласы алуы тиіс еді. Байланыс құралы ретінде ауғандықтар «Signal» мессенджерін пайдалануды ұсынды.

Бірнеше күннен кейін «Джамал» логинді пайдаланушы байланысқа шығып есірткі заттарын Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы ашық жерде орналасқан жасырын орын арқылы беруді өтінді.

Жедел қызметкерлер оның бұл шартын орындап, аумаққа онлайн-режимде бақылау орнатты. Аздаған уақыттан соң әлгіндегі «Джамал» өзі келіп, есірткі жүгін алып, өзінің тұрғылықты жеріне әкелді. Айтпай кетуге болмас, бұл жігіт құпиялық шарттарын қатаң сақтап, үйінің жан-жағын бейнекамералармен жабдықтап, аумаққа дабыл беру құралдарын мұқият орнатыпты.

Кейінірек, есірткі құрылымының қазақстандық бөлігіне басшылық жасап, қылмыстық топқа енгізілген жедел қызметкерге «жетекшілік» жасаушы соның дәл өзі екендігі анықталды.

Фигуранттың жеке басы туралы мәліметтер тез арада белгілі болды. Ол Сирияда қанды тәжірибе жинаған Ресей ҚМ Бас барлау басқармасының бұрынғы әскери қызметшісі Константин Ковалев болып шықты.

Ковалев есірткі тасымалының мықтап жолға қойылған схемасымен әрекет жасап келіпті. Алынған тауар тұрмыстық құрылғыларда: қысқа толқынды пештерде, шәйнектерде, гироскутерлер, тіпті лактар мен бояулардың ішіне жасырылып, Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне ешқандай қауіпсіз, емін-еркін тасымалданып келген екен.

Ковалевті қолға түсіру ұзаққа созылған жоқ. Ол есірткі заттарын Қазақстанның облыс орталықтарына жібермек болған кезде, қылмыс үстінде ұсталды. Есірткі заттарының негізгі бөлігі оның үйінде сақталып келіпті. Тергеу кезінде, өзінің бақылауында болған сегіз бірдей өңірлік есірткі делдалдарын әшкерелеп беріп, олар Шымкент, Алматы, Көкшетау, Степногорск, Қостанай, Павлодар, Атырау және Қарағанды қалаларында, есірткіні қабылдап алу кезінде тұтқындалды.

Есірткі тасымалынан бөлек, жедел қызметкерлер қылмыстық жолмен табылған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып келген заңсыз криптоайырбастау іс-әрекетін анықтап жолын кесті. Алты бірдей криптовалюта жасайтын жылжымалы «майнингтік фермалардың» іс-әрекеттері тоқтатылып, тауарды бөлшектеп сатып келген тағы да алты ірі интернет-дүкендері анықталып, бұғатталды.

Ірі көлемді трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың жолын кесудегі «Торнадо» арнайы операциясының маңызына баға жетпейді. Ойланып көріңіз, есірткі синдикатының іс-әрекетін бақылап келген халықаралық террорлық ұйым 16 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қылмыстық қаржыдан қағылды!

Арнайы операцияның мультипликативтік әсері тағы да ұзақ мерзім бойына сезіліп тұрды. Оның нәтижесі ретінде – Қазақстанда синтетикалық есірткі заттарын таратудың күрт төмендеуін мысалға келтіруге болады.

Әрине, осындай ерлікке пара-пар іс есірткі тасымалының тізбегін үзу жолында өздерінің денсаулықтарын ғана емес, өмірлерін де тәуекелге тіккен ҰҚК жедел қызметкерлерінің ержүректік, жоғары кәсіби шеберліктері мен жанқиярлық еңбектерінің арқасында атқарылды.

25 ноября 2021
ӘУЕДЕГІ АРПАЛЫС

Оның ойында ұшақтың ішіндегі жиырма жолаушыны қалайда аман алып қалу тұрды. Қара түтінге тұншыққан темір қауыз бір-ақ секундтың ішінде қызыл жалынға айналуы мүмкін. Одан әрі қарай не болатыны айтпаса да түсінікті... Не істеу керек?! Күтпеген оқиғаны бақылауды уыстан шығарып алуға болмайды. Қорқыныш билеген ішкі ойларын тірі жанға сездірмеу керек. Экипаждың командирі өзі. Жеке құрам болса мұның іс-әрекетіне қарап, бұйрығын күтіп отыр.

Майор Әлімжан Матмұсаев осы кезге дейін жинаған тәжірибесі мен алған білімін әп-сәтте ой көзімен шолып шықты. Қалай болғанда дұрыс шешім қабылдауға тиіс. Не істеу керек?.. Осы ой оның санасына қанша рет келіп-кетті десеңізші?! Жағдайды бір қалыпқа келтіргенге дейін ұшақтың автопилот режімін қосуға тура келді.

Жер бауырлап ұшқан қарлығаштай көкке көтерілген «Ан-74Т-200А» әскери-транспорттық ұшағының 4000 метр биіктікке көтерілген кездегі оқиға осылайша өрбіп жатты. Бұйдаланған аппақ бұлттарды төсіне алған ұшақ желмен жарыса ұшып келеді. Өлшеуге арналған құрылғыларының бірі май қызуының күрт өскенін көрсетті. Арнайы аспаптың көрсетіп тұрған «ақпараты» бойынша оң жақ қозғалтқыш істен шыққан.

 Аспандап ұшқан әуе кемесінің жолаушыларға арналған салонында «А» арнайы бөлімшесінің сайыпқырандары жайғасқан. Арқаларынан ауыр жүк түскендей көңілдері көтеріңкі. Іссапарларын ойдағыдай аяқтаған әскерилер басшылықтан оң бағасын алған. Енді үйлеріне оралып келе жатқан беттері еді. Жолаушылардың кейбірі құлаққабын киіп, әсем әуен тыңдауға көшкен. Енді бірі көкпеңбек көктің қанық бояуына терезеден көз тіккен. Қалың ойдың құшағына еніп үлгерген. Арасында орындығына шалқалай жатып, ұйықтауға ыңғайланғандары да бар...

Жолаушыларға арналған дәліздің сілтідей тынған тыныштығының бұзылғанына да 3-4 минуттай уақыт өтті. Көліктің маңызды құрылғыларынан ақау шыққанын баяндаған борт технигі капитан Есенғали Батрашев болатын. Әуе кемесіндегі әр жанның өмірі үшін алаңдаған маман тыным таппай жүгіріп жүр. 

Майор Әлімжан Матмұсаев күтпеген жағдайдың неден шыққанын іштей зерделеп отыр. Ол үшін әр қас-қағым сәттің бағасы алтыннан да қымбатқа айналған. Ұшақтың әуеге көтерілгеніне көп болмаған еді. «Демек алған бағытты кері бұруға әлі де кеш емес. Әуежайдан арамыз алшақтап үлгерген жоқ. Қайта оралсақ, техникалық ақаумен қонуға арналған жолақтың қашанда бос болатыны талас тудырмас. Іс насырға шаппай тұрған кезде шешім қабылдау керек. Алыстамай тұрған кезде ұшқан жерімізге қайта оралуға тиіспіз» – деп іштей шешім қабылдады әуе кемесінің капитаны.

Бірнеше метр биіктіктегі қашықтықтан төменге көз тікті. Көк аспаннан қараған сәтте жасыл тоғайлар мен ағып жатқан бұлақтар суреттей болып көрінді. Жаңа ғана аспан әлеміне шығарып салған Өскемен қаласы қайта оралыңдар деп тұрғандай. Көз ұшында қалып бара жатқан қалаға қайта оралуға асықты.

– Дүрлікпеңдер! – деді майор А.Матмұсаев өз-өзіне нық сенімді үнмен. Ережеге сай жұмыс істейміз. Әуежайдың ұшу алаңына оралып, апатты жолағына қонамыз.

Ұшақтың әр сапарындағы жауапкершілік командирге жүктелетіні талас тудырмайды. Дегенмен қауіпсіздік ережесінің сақталуы экипаж мүшелерінің үйлесімді іс-қимылдарына да байланысты екені анық. Бірден іске көшкен әуе кемесі командирінің көмекшісі капитан Асхат Оғызбаев карта мен пилотаждық-навигациялық аспаптарға бар зейінін салды. Командирге жүру бағыты мен жылдамдықты, биіктікті баяндап отыр. Борт технигі капитан Есенғали Батрашев қозғалтқыштың параметрлерін, күш қондырғысын және бірқатар жүйелерді бақылауды мұқият қадағалауды қолға алды. Жауапты тұлғалардың жылдар бойы жинаған өмірлік тәжірибелері қандай жағдайдан да шашаусыз шығудың кепіліндей.

Әріптестердің қимыл-қозғалыстары көңілге сенім ұялатады. «Тонның ішкі бауындай» деген ымырашылдық осындай ұжым үшін айтылғандай. Ұшақ ішіндегілердің жүректері енді орындарына түсе бастағанда...

Әскери ұшақтың жеке құрамы үшін күтпеген жағдай орын алды. Әуе кемесінің әп-сәтте еңіске қарай құлдилап бара жатқаны байқалды. Басты құрылғыларының тағы бірі істен шықса керек. Бір-ақ сәтте қызыл жалын темір қыранның ішін жайпап кетуі мүмкін. Күміс қанатты ұшақ әуеде жарылып кетер алдында тұр.

Салонға жайғасқан арнайы бөлімшенің мүшесі Болат та экпипаждың қауқарсыз жағдайға тап болғанын бірден түсінгендей. Алдыңғы қатарда отырған ол экипаж мүшелерінің біріне жақындап, мән-жайды білгісі келді. Дегенмен белгісіз бір күш екі иығынан басып, сабыр сақтауға шақырғандай. «Апыр-ай, мұндай жағдайда не істеуші еді? Түтінге булыққан әуе кемесінің жайы қиындап барады. Ұшқыштарды сұрақтың астына алғаным жараспас» – деді күбірлеп. Есіне сүйген жары, ұлы мен қызы оралды. Әсіресе, тілі былдырлап енді шығып келе жатқан қызын ойлады. «Әкешім» деген сөзді жақында ғана айтып үйреніп еді. Ұшар алдында ғана қызымен бейнебайланыс арқылы жүздескен. Енді, міне, өзін алда не күтіп тұр екен?.. Өз ойынан шошып кетті. Көңілін басқа нәрсеге аударуға тырысты. Іштегі бір түйсік тірі қалудың жолын табуға талпынғандай. Терезе әйнегінен сыртқы дүниеге көз салды. Салон ішіндегі жанталастан хабарсыз көк әлемінің ақша бұлттары теңіз айдынындағы аппақ кемелердей алаңсыз қалқып барады. Үйінде өзін тағатсыздана тосып отырған жан жары мен құлыншақтары көз алдына келді. Томпаңдаған қызы құшағын ашқан күйі жүгіріп келеді. Ерке қылықтарымен жанды елжіретеді. Әкесіне бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Қорқыныш сезімімен арпалысып отырған ол тез арада есін жинап алды. Әлдебіреу нашатыр спиртін иіскеткендей. «Жоқ! Біздің жанбай жатып өшуіміз мүмкін емес! Отбасымызбен төрт көзіміз түгел қауышуға тиіспіз! Қазіргі біздің қолдан келері – тыныштық сақтау ғана. Ұшқыштарға сенемін!» деп іштей дұғасын айтты. Одан басқа дәл қазіргі уақытта қолдан келер амалының жоқтығын түсінді.

Әуе көлігі өлшеуіш құралдарының тілі қауіпті аймақты көрсетті. Ұшақ мамандарының пайымдағандары шындыққа айналды. Қозғалт­қыштың бірі істен шығыпты.

Майор А.Матмұсаев ұшақтың  автопилот режімін өшіріп, тізгінді өз қолына алды. Сосын «жантая» ұшу әдісіне көшті. Осылай ету арқылы ол ұшу кезінде қозғалтқышқа күш түсірмеуге тырысты. Май қысымының ең төменгі деңгейге құлағанын байқады. Оң жақ қапталдағы қозғалтқышты өшіруге пәрмен берді. Сыртқы жақтан енген ыстық ауа салдарынан от шығу қаупі басым. Бұйрық берген бойда ұшақ командирі жұмыс жасап тұрған қозғалтқыштың қауіпсіздік тетігін алақанымен жапты. Екі көзі алдыңғы әйнекте. Шапшаң қозғалған техниктің қозғалтқыштарды шатастырып алуынан қорыққан еді. Әйтсе де майор А.Матмұсаев ішкі қобалжуын ешкімге сездірмеді. Жеке құрамы да ешқандай бос қарбаластыққа жол бермей, анық және сенімді әрекет етті. Оқыс оқиға орын алған жағдайда жүз пайыз дайын екендерін көрсетті.

Капитан А.Өгізбаев әуе диспетчерімен байланысқа шығып, ұшақтың мәжбүрлі түрде шұғыл қонатынын жеткізді. Ал техник-­нұсқаушы майор Е.Молдағұлов жолаушыларға техникалық ақау­лықтарға байланысты Өскемен қаласының аэродромына қайта оралатындарын жеткізді. Туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұрап, уайымдайтындай ештеңе болмағанын түсіндірді. Ұшақтың қызметін қалыпқа  келтіру үшін санаулы минуттың өзі жеткілікті болды.

Дегенмен... Қозғалтқыштың істен шығуына байланысты ұшу симметриясында бір жаққа тарту күші пайда болды. Ұшақ бір қырына қисая ұшты. Майор А.Матмұсаев штурвалды қос қолдай ұстап, басқаруға көшті. Ұшақты тігінен жүргізуге тырысты. Басқышы істен шыққан қозғалтқышқа қарама-қарсы жаққа бұрды. Бар күшті жұмыс жасап тұрған қозғалтқышқа салды. Темір қыранның тізгінін бағындыруға өзінің бірнеше жылдық тәжірибесін салып бақты. Ұшақ бағытын 180 градусқа бұрды. Ұшақ пен жердің ара қашықтығы 5 500 метр. Кеңістіктегі арпалыс жалғасып жатты. 

Әуе кемесінде құлаққа ұрған тыныштық орнады. От пен жалынның талайын бастан кешкен арнайы бөлімше сарбаздарының жүздерінен үрейдің белгісі байқалмайды. Әзірге бәрі үнсіздік құшағында.

Ғасырға созылған соңғы бес минут жанға толы ұшақты алған бағытынан қайтарды. Экипаж құрамы осы аралықта бір-бірін қас-қабағынан танып, бір кісідей жұмыс жасады. Ұшқыштың шеберлігінің арқасында – әуе борты апаттық жағдайда қонуға арналған жолаққа дөңгелектерін тигізді. Бірнеше секундтан кейін бетонды жолдың ақ жолағымен сырғып келе жатты. Осы кезде барып алып лайнердегі барлық жолаушы бір кісідей ду қол шапалақтай жөнелген. Мұнда шексіз қуанышта, өздерін де, өзгелерді де ажал тырнағынан құтқарған мәртебелі мамандық иелеріне деген мың алғыс бар еді. 

Төменге қарай құлдилаған ұшаққа тау жоталарынан соққан жел кедергі келтірген болатын. Өзге амалы таусылған ұшқыш ұшақты бар салмағымен қондыруына тура келді. Бірнеше тонна тартатын әуе көлігінің күйреп қалмауы үшін барын салды. Өз өмірінде талай сыннан сүрінбей өткен ұшқыш бұл жолы да өз биігінен көрінді. Ең бастысы, жиырма жолаушы дін-аман.. Жауынгерлік қызметіне адал экипаж үшін де ең керегі осы.

Өскемен қаласының топырағына табандары тиген әскери қызметшілер ұшақтың экипажына жүрекжарды тілектерін жеткізді. Әуе кемесінің экипажына бұдан асқан алғыс жоқ.

Көп өтпей, арнайы бөлімшенің мүшелері отбасыларымен аман-­есен қауышты. Экипаж құрамы жөндеуден өткен ұшақпен көк аспанға қайта көтерілді.

Ерлікке пара-пар сапарды басшылық құрам жоғары бағалады. «Ан-74Т-200А» ұшағы экипажының қызметі өзгелерге үлгі екені анық. Ал әуе кемесінің командирі майор А.Матмұсаев сын сағатта сыр бермегені, табандылығы мен қайсарлығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

24 ноября 2021
СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ

2019 жылғы 19 наурыз күні сағат 19:00-ден бастап жаңа уақыт есебі басталды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін қолдағандары үшін қазақстандықтарға алғыс айтып, елдегі басты лауазымды Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді.

Өзінің халыққа арнаған үндеуінде Елбасы Кеңестер Одағы құлағаннан кейін «нарықтық экономиканы орнату, тоталитарлық идеологиялық жүйені талқандау және қоғамның барлық институттарын жаңғырту біздің ең басты бірегей үш міндетіміз болды. Біз мұның барлығын заманауи демократиялық мемлекет – Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық», – деп атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басқару билігінде отыз жылдай болды. Қазақстандықтар оның ғаламат жоспарлары мен бағындырған белестеріне үлес қосқандықтарын мақтаныш етеді. Мемлекет қайраткері, стратег, прагматик және саяси қайраткер ретінде заман талабына сай қимылдай білді. Ғаламдық толеранттылық, сындарлы көпполярлық оған бірдей деңгейде тән нәрсе болды. Рухы мықты және харизматикалық мінезі бар, Қазақстанды алдыңғы қатарға шығарған істері секілді, Елбасы мәңгілікке «Тұңғыш» болып қалады.

Біз ғаламдық ядролық қарусызданудың кезеңдік стратегиясын ұсынған әлемдегі бірінші мемлекетпіз. 1995 жылдың наурыз айында біздің елімізде алғаш рет қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған, мағынасы жағынан таңданарлықтай болған Қазақстан халқының ассамблеясы құрылды.

ТМД елдерінің ішінде мемлекеттің жаңа астанасын жасаудың ауқымды жобасын Қазақстан бірінші болып жүзеге асырды. Әлемдік масштабтағы шара – EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу құқығын ТМД-да бірінші болып ұтып алды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша ұйымының төрағалығына 2010 жылы Қазақстан посткеңестік елдерінің ішінде бірінші болып сайланды.

Отандық сарапшылар құрастырған көшбасшылық жүйесіне маңызды халықаралық бастамаларды да қосуға болады, оның ішінде: Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім кеңесі, G-Global және басқа да көптеген бастамалар. Бұлардың барлығы да қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға және халықаралық саяси аренада мемлекеттің беделін көтеруге бағытталған.

Осы жерде тарихи параллельдерді де келтіре кеткен орынды. ТМД елдеріндегі саяси басшылардың ауысуы Қазақстанға қалай әсерін ететіндігі жөніндегі сұрақтарды туындатып, ықтимал сценарийлер қоғамда, сарапшылар арасында талқыланды.

Қазақстан Көшбасшысы қабылдаған шешімді әлемдік қоғамдастық посткеңестік кеңістіктегі елдер үшін теңдесі жоқ қадам ретінде бағалады.

Осы мәселе бойынша айтылған барлық пікірлердің ішінде Еуропа парламентінің депутаты, Шетел істері бойынша комитетінің мүшесі Андрейс Мамыкинстің пікіріне тоқталайық, ол былай деді: «Кету дерегінің өзі – өте күшті, ерік-жігері мықты, бірегей адамның қадамы. Назарбаев өз еркімен кетіп барады – демек ол елдің болашағына сенеді. Елдің дамуының тұрақты екендігін ол көріп тұр, елдің демократиялық жолдағы, дамудағы, мемлекеттің халықаралық аренадағы рөлін нығайтудағы курсынан ауытқымайтындығын түсінеді. Назарбаевтың кезінде Қазақстан күшті мемлекетке айналды».

Елбасының тарихи шешімін еліміз талқылап жатты, ал арада жиырма күн өткен соң Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында кезектен тыс сайлау өткізілетіндігін жариялады.

Ол өзінің үндеуінде былай деп атап өтті: «Қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ету, сенімді түрде алға жылжу, әлеуметтік-экономикалық дамудың міндеттерін шешу үшін кез келген белгісіздікті нақтылап алуымыз қажет. Өйткені әлемдегі жағдай тез құбылуда, кейбір кезде біздің пайдамызға сәйкес келе бермейді. Біз ішкі және сыртқы саясатымызда сабақтастықты, болжамдылықты және тұрақтылықты дәлелдеуге тиіспіз. Қазақстан – демократиялық мемлекет. Сондықтан Президент халықтың еркімен сайланатын болады. Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың әділ, ашық, адал өтуіне кепілдік беремін. Бұл менің принциптік позициям!».

Стратегиялық курстың сабақтастығы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне де толығымен қатысты. 2020 жылғы маусымда ҰҚК алқасында сөйлеген сөзінде, сондай-ақ «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің Ақтау қаласындағы базасына барған кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар негіз қалаушы міндеттер жүктеді, өйткені ҰҚК-нің әрбір қызметі, әрбір қызметкері ұлы миссияны – елімізді ішкі және сыртқы озбырлықтан қорғап отыр.

- Әрқашан мынаны есте ұстауымыз керек, – деп ескертті Президент, – Қазақстанның жасырын жаулары аз емес, олар қолдарын жайып бос отырмайды, біздің еліміздің мүддесіне қарсы белсенділікпен, алғырлықпен, ептілікпен кимылдауда. «Жаңа шындықтың» жылдам өзгеріп жатқан кезінде Комитеттің қызметі айтарлықтай сезіле түсуде.

…Жаңа өмір шындығы уақыттың жаңа сын-қатерлерін ұсынуда. Еліміздің мүдделерін қорғаудың концептуалды жаңа қадамдарын қамтитын «2020-2021 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» осыларды жеңуге бағытталған.

Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. «19-19-19» деген сәт сілкініс болмады. Біздің елдегі биліктің бейбіт және бірқалыпты ауысу моделі үлгі боларлықтай. Осындай процестер қақтығыс жағдайына, кейде трагедиялық – тәуелсіздік пен егемендікті жоғалтатын жағдайларға алып келетіндігі, күрделі және болжап білмейтін оқиғалардың жиі болатындығы белгілі. Кез келген мемлекет үшін осынау жауапты да тарихи сәтте Қазақстанда халықтың сенімі мен болашаққа деген сенімділігін білдіретін бірлік пен мызғымастық үстемдік құрып тұрды.

Қоғамда саяси және әлеуметтік сілкіністер болған жоқ. Ішкі саясатта, әлеуметтік және экономикалық секторларда жоспардан тыс мәселелер болған, болып та жатыр және бола да береді. Кез келген мемлекет одан қашып құтыла алмайды. Ал ол туралы ауыз ашпау әділеттілік емес. Қоғамдық процестер импульс алып жатса – ең маңыздысы осы. Ауысу кезінде мемлекеттік басқару жүйесі өмірге қажеттілігін дәлелдейтін күрделі емтиханнан өте білді.

Мемлекет басшысы ұсынып отырған келесі онжылдықтың формуласы – мықты мемлекет, бәсекеге қабілетті ұлт, сапалы жаңа ұлттық ұқсастықты қалыптастыру – жүргізілетін реформаның тұғырнамасы және базалық элементі, сондай-ақ еліміздің дамуындағы жаңа биіктерге жетудің шешуші құралы болып табылады.

Социальные сети
Instagram
Youtube
Twitter
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты