Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V Заңы.
осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 80-баптан қараңыз.
Осы Заң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) – Қазақстан Республикасы аумағының (құрлығының, суларының, жер қойнауының, әуе кеңістігінің) шектерін айқындайтын сызық пен осы сызық бойынша тiгiнен өтетiн жазықтық және Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі қолданылатын кеңістік шегі.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнайы құралдар – құқыққа қайшы іс-әрекеттердің жолын кесу не әскери қызметшілерді, уәкілетті органдардың қызметкерлерін және Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтарды жеке қорғау және бүркемелеу мақсатында құқық бұзушыларға, олар пайдаланатын көлік пен объектілерге дене күшімен, жарақаттау арқылы, химиялық, электрлік, психологиялық, назарын басқа жаққа аудару жолымен немесе өзге де әсер етуге арналған құралдар;
2) инженерлік құрылыстар мен бөгеуіштер шебі – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әрекетін қамтамасыз етуге арналған, Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі шегінде тұрақты пайдалануға бөлінген жер белдеуі;
3) инспекциялық тексеріп қарау кешені – интрузивтік емес (жанасусыз) тексеріп қарау әдісімен теміржол және автокөлік құралдарын, көлік құралдарының жүк салатын бөліктерін, контейнерлерді ашпай, оларды көзбен шолып тексеру үшін уәкілетті органдар пайдаланатын, кескіндерді өңдеу мен талдау жүйелерімен жарақтандырылған тексеріп қарайтын интраскопиялық техника (интрузивтік емес тексеріп қарайтын стационарлық, тасымалданатын және ұтқыр техникалық құралдар);
4) Каспий теңізіндегі Қазақстан Республикасы аумақтық суларының (теңізінің) енін есептеуге арналған негізге алынатын сызықтар – Қазақстан Республикасының құрлықтық бөлігінде және оның аралдарында орналасқан, орташа көпжылдық деңгейлі (Кронштадт футштогының нөліне қатысты биіктіктердің Балтық жүйесінің минус 28,0 метр белгісінде) сызықтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасына тиесілі шығанақтардағы, бухталардағы, құйылыстар мен жайылмалардағы Қазақстан Республикасы ішкі суларының шектерін шектейтін түзу сызықтар;
5) Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңізі) (бұдан әрі – аумақтық сулар (теңіз) – Каспий теңізіндегі негізге алынатын сызықтардан халықаралық құқық нормаларына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өлшенетін, ені он екі теңіз милі болатын, Қазақстан Республикасының егемендігі қолданылатын теңіз белдеуі, ал оның сыртқы шегі Мемлекеттік шекара болып табылады;
6) Қазақстан Республикасының континенттік қайраңы (бұдан әрі – континенттік қайраң) – Мемлекеттік шекарадан (аумақтық сулардың (теңіздің) сыртқы шегінен) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген шектерге дейін өлшенетін теңіз түбінің және жер қойнауының учаскесі;
7) Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі (бұдан әрі – шекаралық кеңістік) – Мемлекеттік шекара және Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңізі) және ішкі сулары бар шекаралық аймақтың сыртқы шектеріне дейін оған шектесіп жатқан Қазақстан Республикасының аумағы, сондай-ақ Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындардың аумағы, шектерінде уәкілетті органдар шекаралық қызметті жүзеге асыратын континенттік қайраң және олардың үстіндегі әуе кеңістігі;