Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстандағы дәрілік қауіпсіздік және фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстелге қатысты

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстандағы дәрілік қауіпсіздік және фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстелге қатысты

ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі ұйымдастырған «Қазақстанның дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету: аналитикалық тәсіл және жаңа сын-қатерлер» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты. Бұл іс-шара денсаулық сақтау саласындағы басым міндеттерді, тұрақты дәрілік қамтамасыз етуді және фармацевтика саласын дамытуды талқылауға арналған басты алаңға айналды.

Дөңгелек үстелдің ашылуында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов, «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева, «Polpharma Group» компаниясының халықаралық істер жөніндегі директоры Малгожата Маурер, сондай-ақ Қазақстандағы Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Лабенда құттықтау сөз сөйледі.

Панельдік пікірталас барысында қатысушылар өмірлік маңызы бар дәрілік заттардың тізімін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Олар халықаралық тәжірибе, жаһандық ұсынымдар мен ұлттық деңгейде қолдануға болатын негізгі қорытындыларды талқылады. Дәрілік заттардың қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін тек ашық әрі ғылыми негізделген іріктеу әдістемесі ғана емес, сонымен қатар баға белгілеу мен сатып алу жүйесіне стратегиялық көзқарас қажет екені атап өтілді.

Талқылаудың тағы бір маңызды бөлігі Қазақстанда медициналық және фармацевтикалық индустрияны ынталандырудың жүйелі құралдарына арналды. Қатысушылар қосымша медициналық сақтандыру механизмдерін дамыту, тендерлік рәсімдерді жетілдіру, дәрілік заттарға жұмсалған шығындарды өтеу бағдарламаларын енгізу және баға реттеудің жаңа тәсілдерін қарастырды.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылар дәрілік заттарды сараптау, қауіпсіздік пен тиімділікті бағалау мәселелерін талқылап, дәрілік саясатты қалыптастыру үдерісіне аналитикалық тәсілдер мен халықаралық стандарттарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Бұл дөңгелек үстел мемлекеттік органдар, жеке сектор өкілдері және халықаралық серіктестер арасындағы ашық диалогтық алаң құру жолындағы маңызды қадам болды. Кездесу қорытындылары Қазақстан Республикасында дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және фармацевтикалық саланың тұрақты дамуын қолдау бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін пайдаланылатын болады.