2025 жылдың 2 сәуірінде Тәжікстан Республикасының Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өкілдері Тәжікстан делегациясымен екіжақты кездесу өткізді. Делегация құрамына салалық министрліктердің, денсаулық сақтау мекемелерінің және Accreditation Center for Quality in Healthcare (бұдан әрі – ACQH) өкілдері кірді.
Кездесудің басты мақсаты – екіжақты ынтымақтастықты нығайту, медициналық ұйымдарды аккредиттеу, денсаулық сақтауды цифрландыру және бастапқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын бақылау бағытында ықтимал серіктестік мәселелерін талқылау болды.
Өз сөзінде Комитет төрағасы Бауыржан Жүсіпов Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, медициналық қызметтердің сапасын бағалау әдістерін, оның ішінде халықаралық аккредиттеу стандарттарын енгізу арқылы үйлестіру қажеттігін айтты.
Кездесуде аккредиттеу орталықтарының денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы рөлі, сапаны үздіксіз жетілдіру мәдениетін қалыптастыру және медициналық көмектің сапасын бақылаудың заманауи тетіктерін енгізу мәселелері қарастырылды. Тәжікстан делегациясы Қазақстан тәжірибесіне қызығушылық танытып, медициналық ұйымдарды аккредиттеу мен лицензиялау бойынша нормативтік-құқықтық базаны бірлесіп жетілдіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Тараптар денсаулық сақтау саласындағы өзекті сын-қатерлерді, тиімді шешімдерді және одан әрі ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады. Кездесу барысында мамандардың біліктілігін арттыру, сарапшылар алмасу және бірлескен білім беру жобаларын іске асыру мәселелері де қозғалды.